Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Рождествоның қорқынышты қыры Крампус жайлы не білеміз?

07.01.2025, 10:00 149

Жыл сайын қаңтар айының басында әлем­нің әр түкпірінде Рождество мерекесі мейірім­ділік пен қуаныштың нышаны ретінде тойланып, жарқын оттармен, мерекелік әндермен және мейірімге толы оқиғалармен есте қалса, Австрия мен Еуропаның Альпі аймақтарында бұл мереке өзіндік ерекше, сондай-ақ қорқынышты  қырынан  көрінеді. Мұнда  жарқыра­ған  шыршалар  мен  сыйлықтарға  қоса,  Рождествоға дейінгі кезеңде  Крампус есімді тылсым кейіпкердің бейнесіне жан бітеді. Қорқынышты, бірақ терең мағынасы бар бұл дәстүр халықтық фольклордың айнасы іспеттес.

КРАМПУС  БЕЙНЕСІ  ҚАНДАЙ?

Крампус – үрей мен қызығушылық туды­ратын ерекше кейіпкер. Оның келбеті адам мен жануардың арасындағы жаратылысқа ұқсай­ды:  мүйізі  төбесін көкке тіреп, беті жүнмен  қапталған, ал аяғы ешкінің тұяғына  ұқсайды. Ұзын тілі мен қызыл шоқтай жанған көзі – оның айнымас ерекшеліктері. Қолындағы шырша бұтақтарынан жасалған қамшы мен шылдырлаған ауыр тізбектер оның бұзық балаларды жазалау үшін қолданылатын құралдары ретінде аңызға енген. Сонымен қатар, оның арқасында үлкен қап немесе себет бар. Аңыздарға сәйкес, ол бұзық балаларды осы қап­қа салып, орманның  тереңіне  алып  кетеді.

Кейбір зерттеуші Крампустың бейнесін таби­ғаттың қараңғы күштерін бейнелейтін көне герман тайпаларының мифологиялық кейіпкерлерінен  шыққан деп санайды. Бұл образ  христиандық дәуірдің келуімен өзгертіліп, жаңа сипат алды. Енді ол Рождество алдындағы тәрбиелік мақсаттағы символға айналды.

КРАМПУСТЫҢ  ҚОРҚЫНЫШ  пен ҚУАНЫШҚА  ТОЛЫ  ТҮНІ

Крампусқа  арналған  мереке  жыл  са­йын   6 қаңтар   күні – Крампустың  түні (Krampusnacht) деп аталып өтеді. Қыстың қақ ортасындағы суық желмен бірге олар Крампус деп аталатын қорқынышты кейіпкердің келуін күтеді. Крампус – бұл тек аңыз емес, ғасырлар бойы сақталған дәстүр, ол ертегіден шындыққа айналғандай әсер қалдырады. Бұл ерекше күнде көшелер қорқынышты маска киген адамдармен толығады. Олар Крампус рөлін ойнап, қолындағы тізбектер мен қамшыларды шылдырлатып, ертегідегідей шеру ұйымдас­тырады. Бұл мереке көңілді әрі ерекше атмосферасымен танымал. Балалар мен ересектер үшін бұл күн ерекше әсер қалдырады, себебі бұл – тек үрей тудыратын оқиға ғана емес, соны­мен  қатар  мәдениет­тің  ажырамас  бөлігі.

Ертесі күні, яғни 7 қаңтарда, Рождествоның жарқын жағы – Святой Николаус, яғни Санта келеді. Ол жақсы мінез-құлық танытқан балаларға сыйлықтар мен тәттілер таратады. Осылайша, екі кейіпкер Крампус пен Нико­лаус – жақсы мен жаманның, тәртіп пен бұза­қылық­тың  арасындағы  тепе-теңдікті  көрсетеді.

Тарихи тамырына тоқталсақ, Крампус дәстүрі пұтқа табынушылық кезеңінен бастау алады. Сол дәуірде қыстың суық мезгілі табиғат­тың қауіптілігімен байланысты бол­ғандықтан, адамдар оның қараңғы күштерінен қорғану үшін осындай қорқынышты кейіп­керлерге сенген. Орта ғасырларда Крампус бейнесі христиан дәстүрлерімен бірігіп, халық­тық мәдениетке енді. Кейбір аймақта оның бейнесі шіркеу тарапынан сынға ұшырағаны­мен, уақыт өте келе ол жергілікті дәстүрдің ажырамас  бөлігіне  айналды.

Крампус туралы алғашқы жазбаша деректер 16-ғасырдан басталады. Ал, 19-ғасырда бұл кейіпкер Рождество ашық хаттарының басты кейіпкерлеріне айналды. Мұндай хаттарда Крампус кейде үрей тудыратын, кейде әзілмен бейнеленген. Бұл дәстүр әлі күнге дейін сақ­та­лып, мереке қарсаңында Крампус бейнесі көптеген  үйдің  безендіру  элементіне  айналды.

ҚАЗІРГІ  ЗАМАНҒЫ  КРАМПУС ҚАНДАЙ?

Бүгінде Крампус дәстүрі тек Австрия, Германия және Швейцария елдерімен шектелмей, әлемнің түкпір-түкпірінде белгілі бола бастады. Оның бейнесі киноларда, кітаптарда және мерекелік іс-шарларда жиі кездеседі. Әсіресе, Крампустың түніне арналған шерулер турис­терді тартатын маңызды оқиғаға айналды. Жыл сайын мыңдаған адам Альпі аймағына келіп, осы  ерекше  мерекеге  куә  болады.

Крампус шерулері – бұл тек қорқыныш тудыра­тын оқиға емес, сонымен қатар көңілді ойын-сауық. Жастардың қолынан келгенше шынайы маскалар жасап, өздерін Крампус бейнесінде көрсетуі халықты қызықтырады. Бұл шерулердің арқасында жергілікті мәде­ниет әлемдік деңгейде танылып, мерекелік көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлайды. Сондай-­ақ, Крампус тек қорқынышты бейне ғана емес, ол – тәртіп пен жауапкершіліктің, дұрыс тәрбие мен адами құндылықтардың символы. Аңыз бойынша, Крампус тек бұзық балаларды жазалауға арналғанымен, оның бейнесі адамдарды өзін-өзі жетілдіруге, жақсы істер жасауға итермелейді. Бұл кейіпкер арқылы адамдарға жақсы мен жаманның арасындағы айырмашылықты түсіндірудің, тәртіптің маңыздылығын  көрсетудің  маңызы  зор.

Қорыта келе, Крампус – Рождествоның ерекше элементі, сондай-ақ, жарқын мерекенің қараңғы жағын бейнелейтіндігімен таны­малдығы  арта түсті. Оның арқасында Рождество тек қуаныш пен сыйлықтарға толы мереке ғана емес, сонымен  қатар адамның ішкі тәртібіне, жауапкершілігіне назар аудартатын кезең екенін еске салады. Егер сіз Рождество кезінде Австрияға немесе Альпі аймағына сапар шексеңіз, Крампустың сиқырлы әрі қорқынышты дәстүрімен танысып, оның мәдениет пен тарихтағы ерекше рөлін өз көзіңізбен көру мүмкіндігін жіберіп алмаңыз. Бұл мереке сізге тек ерекше әсер қалдырмай, халықтық дәстүрдің  байлығын  түсінуге  жол  ашады.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: