Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада Наурыз күндері қауіпсіздік қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеді

26.03.2026, 21:32 43

Наурыз мерекесі күндері Қызылорда облысында қоғамдық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тиісті қызметтер тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұркен Пралиұлы айтты.

Мерекелік күндері өңірде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге полиция қызметкерлері жұмылдырылса, жедел жәрдем бригадалары тұрғындарға дер кезінде медициналық көмек көрсетті. Сондай-ақ, «109» бірыңғай байланыс орталығы мен «112» желісі арқылы түскен өтініштер мен хабарламалар жедел қабылданып, тиісті мекемелерге жолданған. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаныл Исақызының айтуынша, мереке күндері жедел жәрдем қызметі толық күшейтілген режимде жұмыс істеген. Облыс бойынша 70 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде 10 дәрігерлік және 60 фельдшерлік топ қызмет атқарған. Бұған қоса, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жанынан 29 мобильдік топ жұмылдырылған.

Бес күн ішінде 103 желісіне 6 551 шақырту түссе, оның 1 769-ы балаларға қатысты болған. Шақыртулардың 62,7 пайызы шұғыл және аса қауіпті санатқа жатқызылса, 37,3 пайызы төртінші санаттағы шақыртулар болған. Осы аралықта травмпунктке 255 адам жеткізілген. Жол-көлік оқиғасына байланысты 19 шақырту тіркеліп, 25 адам зардап шеккен. Оның 8-і ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ, 76 әйел перзентханаға жеткізіліп, үй жағдайында босану дерегі тіркелмеген. Жедел жәрдемнің шақыртуларға уақтылы жету көрсеткіші 98,4 пайызды құраған. Ал облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұркен Пралиұлының мәліметінше, 20-22 наурыз аралығында полицияның жеке құрамы күшейтілген қызмет тәртібіне көшірілген. Соның нәтижесінде өңірде төтенше жағдайлар мен қоғамдық тәртіпке елеулі қатер төндіретін оқиғаларға жол берілмеген.

21 наурыз күні «Қайсар Аренада» өткен мерекелік іс-шара барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 400-ге жуық қызметкер тартылса, Президенттік саябақтың ашылу рәсімінде 75 қызметкер кезекшілік атқарған. Бұдан бөлек, кешкі және түнгі уақытта ойын-сауық орындарында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтілген.

Мереке күндері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2100 дерегі анықталып, 108 автокөлік айып тұрағына қойылған.

Жедел әрекет ету орталығы директорының орынбасары Мұхтар Кенжебекұлының айтуынша, мереке күндері «109» және «112» байланыс желілері тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеген. «112» желісіне 3 298 хабарлама келіп түскен. Оның ішінде 55 өрт оқиғасы, 21 төтенше жағдай, 21 жедел жәрдем шақыртуы және 783 құқық қорғау органдарының араласуын қажет ететін хабарлама тіркелген. Қалған 2 418 хабарлама анықтамалық сипатта болған. Ал «109» желісіне 2 527 өтінім түсіп, оның 2 478-і орындалған, 49-ы қаралу үстінде. Өтініштердің басым бөлігі электр жарығы, газ, су, жылу, көше жарығы мен санитарлық тазалық мәселелеріне қатысты болған. Мамандардың айтуынша, барлық өтініш жедел түрде тиісті мекемелерге жолданып, уақытылы қаралған.

Төтенше жағдайлар қызметі де мереке күндері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді. ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығының басшысы Данияр Асқарұлы 21-26 наурыз аралығында барлық қызметтің күшейтілген режимде болғанын айтты. Оның сөзінше, тәулігіне орта есеппен 164 қызметкер, 45 техника, 1 кинологиялық топ, 8 ұшқышсыз ұшу аппараты және 2 тікұшақ кезекшілікке тартылған. Нәтижесінде өңірдегі ахуал тұрақты сақталып, ірі төтенше жағдайларға жол берілмеген. Сонымен бірге, Сырдария өзені мұздан толық тазарып, су басу қаупі сейілген. Байқоңыр ғарыш айлағынан жүк кемесінің сәтті ұшырылуы да мерекелік күндердегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде аталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: