Соңғы уақытта әлеуметтік желіде жануарша әрекеттеніп, мысықша жүретіндердің, маскасын киіп, құйрығын іліп алатындардың саны артып келеді. Мұны квадробика дейді. Бұл – әлемде қазіргі пайда болып жатқан «тренд». Олай дейтініміз, бұл үрдіс елімізде де белең алуда. Жастар арасында итше жүріп әрі үріп, тамағын да төрт аяқтап тұрып жейтіндер кездесуде. Мұны әншейін қызық санайтын қоғамға психологтар қауіпті құбылыс деп ескерту жасауда.
– Қазір балалар әлемде қалыптасқан әлеуметтік нормаларға қарсы шығып жатыр. Қарсылығын осы әрекет арқылы көрсетеді. Біз ата-ана ретінде балаларымыздан мұны не үшін жасап жүргенін сұрауымыз керек. Мүмкін олар жай ғана көңіл көтеру үшін квадробикамен айналысуы мүмкін. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бұл қатарластарымен араласуына ықпал етеді, тіпті жаттығу да бола алады. Алайда өзін жануар санаса, онда үлкен проблема бар, -дейді психолог Александр Рущук.
Ал интернетте квадробиканың мәні мен мақсатын былай түсіндіреді. Квадробика – бұл дененің төрт негізгі бөлігі: аяқ, қол, корпус және арқа бұлшықеттерін бірдей жүктемеде жаттықтыратын жаңа әдіс. Көптеген маман бұл жаттығудың комплексін жоғары тиімділікке ие деп бағалайды. Әсіресе, артық салмақтан арылуға, дене сымбатын сақтауға немесе жалпы физикалық дайындығын жақсартуға ұмтылғандарға ұсынылады.
Алайда, сыни көзқараспен қарасақ, оның концепциясы фитнес нарығындағы басқа бағдарламалардан айтарлықтай айырмашылық танытпайды. Мысалы, функционалды тренингтер немесе HIIT (жоғары қарқынды аралас жаттығулар) те дененің барлық бөліктерін қамтиды. Демек, квадробиканың ерекше жаңалығы бар деген уәж тым әсіреленген болуы мүмкін. Ал мұның шығу тарихы тіпті қызық. 2008 жылы жапондық спринтер Кеничи Ито төрт аяғымен 100 метр қашықтықты 18,5 секундта жүгіріп өтіп, рекорд орнатқан. Оның бұл ерекше әрекеті интернет арқылы кең таралып, әлемнің түкпір-түкпірінде қызығушылық тудырды. Уақыт өте келе, кейбір адам жануарларды еске салатын акробатикалық іс-қимылдарды өздерінің күнделікті әдетіне айналдыра бастады. Осылай жаңа «тренд» өмірге келген көрінеді.
Психологтардың пікіріне сүйенсек, квадробика кейбір жасөспірім үшін өзін-өзі көрсету мен қатарластарымен тіл табысудың жолы болуы мүмкін. Дегенмен, адамның өзін жануарға теңеуі – психологиялық тұрғыдан қауіпті белгі. Бұл құбылысты байыппен зерттеп, оның себептерін анықтау маңызды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев «Бұл Америка, Еуропа елдерінде де белең алуда. Сондай-ақ тіпті Ресей, Өзбекстанда да тіркелген жағдайлар бар. Сондықтан барынша сақ болайық. Президент үнемі айтады ғой: «Тәртіп пен заң керек» деп. Заң тұрғысынан мүмкін заң шығаруымыз керек шығар квадроберлерге байланысты. Себебі бұл аурудың, дерттің алдын алмасақ, ертеңгі күні өзіміз опық жейтін боламыз» деп пікір білдірді.
Оның ойынша, квадроберлердің әрекеттері тек көңіл көтеру емес, әлдеқайда күрделі мәселеге айналып бара жатқандай. Әлемнің әр түкпірінде мұндай оқиғалардың жиі кездесуі алаңдатады. Мұндай тенденцияларды бақылауда ұстау үшін заң тұрғысынан шектеулер енгізу қажеттілігі туындауы мүмкін. Әйтпесе, бұл мәселенің ертеңгі күні қоғамға кері әсері болуы ықтимал.
Байқауымызша, квардробикаға қызығатындар Қызылорда өңірінде кездеспеді. Салт-дәстүрдің дәріптелуіне жоғары мән беретін өңір үшін бұл «тренд» әлі жастар арасында қызығушылық тудырған жоқ. Адамның ой санасында жануарша әрекетке қызығушылық тудыратын дүниелер болмауы тиіс. Дегенмен, мамандардың пікірінше, жағдай түрлі нәтиже көрсетпей тұрып, салдардың алдын алу керек. Ал оған тиісті заң қажет.
Квадробикаға қатысты көзқарастар біржақты емес. Кейбіреулер оны жай ғана спорттық қызығушылық ретінде қабылдаса, басқалары бұл қауіпті психологиялық ауытқулардың белгісі деп санайды. Сондықтан бұл құбылысқа бейжай қарауға болмайды. Қоғам мұндай тенденцияларға дер кезінде назар аударып, заңдық және психологиялық тұрғыда дұрыс шешім қабылдамаса, оның салдары ауыр болуы мүмкін.
Е.ҚАЛИ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!