Қазақстандық БАҚ өкілдері жазып жүргендей, коронавирус инфекциясы біздің елімізді де айналып өтпеді. Әуелгіде Қытай шекарасынан аспайтындай көрінген бұл індет қазіргі күні әлем жұртшылығына үрей тудырып, қауіпті екенін дәлелдеп үлгерді.
Жалпы, коронавирус өрт секілді. Таралуы да соған ұқсас. Өрт кей жерлерде лаулап жанса (ауру кейбір елдерде асқынып жатыр – ред.), енді бірнеше жерде жалын қалыпты деңгейде. Айтқандай, көзге мүлдем түтін көрінбейтін аумақтар да бар. Күллі әлем «инфекцияның емі – оқшаулану» деген шешімге, тұжырымға келгендей. Ол рас. Шекарасын ерте жауып, «өрттің» алдын алған Тәжікстан, Түркіменстан, т.б. елдерде тәжтажал тіркелген жоқ. Сондықтан болар, олар осы күні спорттық іс-шаралар өткізіп, төрткүл дүниені өзіне қаратып отыр. Мыңдаған адамдардың өліміне себеп болған коронавирус инфекциясы көптеген елге аяушылық сезімін сездірмей жатыр.
15 наурызда Президент Жарлығымен Қазақстан аумағына төтенше жағдай режимі енгізілді. Рас, мұндайды өмірі көрмеген халық айтарлықтай сезінбеді деп айта аламыз. Мұның бірнеше себебі де бар еді.
Одан соң елдегі мегаполистер бірінен соң бірі карантин режимін енгізді. Бұл санатқа Қызылорда да көп кешікпей қосылды. «Halyqline.kz» сайты ұжымы аймақтағы ахуалды ескере отырып, кезекті сауалнама сұрағын карантиндік режимге қатысты дайындады. Осы жолы сайт оқырмандарына «Қызылордада карантин режимі қалай сақталуда?» деп сауал жолдадық. Және ел арасында, ел көкейінде жүрген ойды 5 нұсқаға бөліп қарастырып көрдік.
Сұрақ: Қызылордада карантин режимі қалай сақталуда?
Жауап нұсқалары: Кейбіреулер «саяси ойын» деп пайымдайды.
Оқшаулауға ертерек қамдану керек еді…
Көпшілігі карантин режимін елеп жүрген жоқ.
Иә, адамдарды аттап бастырмай жатыр.
Коменданттық сағат енгізу қажет.
Сауалнамаға қатысып, дауыс беру екі апта бойы үздіксіз жүргізілді. Біздің мақсат – тәжірибе арқылы шынайы ақпарат алу, ашықтық қағидатына сүйеніп, билік өкілдеріне шындықты жеткізу.
Сонымен, «Иә, адамдарды аттап бастырмай жатыр» деген нұсқа бар болғаны 6% ғана дауыс жинады. Бұл «Қызылордада карантин режимінде қаталдық жоқ» деген сөз секілді. Мұндайды көз көріп жүр. Бас санитар бұрқыратып қаулы шығара бергеннен гөрі, жауаптылармен бірлесіп қаулының орындалуын қатты қадағалағаны жөн сияқты. Сауалнама қатысушыларының 11%-ы «Коменданттық сағат енгізу қажет» деген нұсқаны таңдапты. Ал, енді бірі «Кейбіреулер «саяси ойын» деп пайымдайды» (16%) деу арқылы өзгенің пікіріне басымдық берген. Тіпті, сол арқылы өз ойын тықпалауы да мүмкін. Десек те, мұндай ой-пікірдің ел арасында әлі де бар екенін оп-оңай аңғаруға болады. Сайт оқырмандарының арасында «Оқшаулауға ертерек қамдану керек еді…» дегендердің қарасы 27%-ды құрады. Бұл – жоғары дауыс жинаған нұсқаның бірі. Сауалнаманың функциясы бойынша, «Көпшілігі карантин режимін елеп жүрген жоқ» (39%) деген нұсқа бірінші орынға жайғасыпты. Ол облыс тұрғындарының әлі де немқұрайды қарап жүргеніне бірден-бір дәлел. Әрине, әр адам – өз денсаулығының қамқоршысы. Сондықтан, барлық заң талаптарын орындап, өз денсаулығыңызды ғана емес, өзгенің өмірін де сақтап қалыңыз! Үйде отырыңыз!
Алдағы уақытта «Halyqline.kz» сайты ел ішіндегі өзекті жаңалықтарға, жайттарға байланысты сауалнаманы тұрақты түрде ұйымдастыруды мақсат етеді. Барлық оқырмандарды белсенді болуға шақырамыз!
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!