Қызылорда облысында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 2 ардагер бар, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі kazіnform cайтына сілтеме жасап.
Соның бірі — жасы 103-ке таяған Яхия Тасыров. Ол бүгінде Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде тұрып жатыр. Яхия ата соғыс жылдарында Сталинград, Курск, Баранов және Польшаны жаудан азат етуге қатысқан. Данциг портында аяғынан ауыр жараланып, соғысты Германияда аяқтап, 1945 жылы қыркүйек айында елге оралған.
«Менің замандастарым үшін сұм соғыс үлкен сынақ болды. Мұндай енді қайталанбасын. Біз бейбіт өмірдің қадірін білуіміз керек. Өйткені бұл қаншама адамның көз жасымен, қанымен келді», — деді соғыс ардагері.
Ал екінші қарт майдангер Тілеуберген Тобабергенұлының жасы бүгінде 100-ден асты. Қазалы ауданының тұрғыны. Соғыс жылдары атқыштар полкінің құрамында болған. Беларусь, Польша, Чехословакия, Кенигсберг, Калининград қалаларын жаудан азат етуге қатысты. Соғыс аяқталғасын тұтқынға алынған неміс-фашист басқыншыларының жауынгерлерін күзетуге қалдырылған. Туған жерге 1947 жылы ғана қайтқан.
Биыл Жеңістің 80 жылдығы елімізде кең көлемде аталып өтеді. Аймағымызда да мерекелік іс-шаралар жоспары бекітілді.

«Соғысқа қатысушыларға, оларға теңестірілген ардагерлер мен соғыс жылдары кемінде жарты жыл еңбек еткен тыл ардагерлеріне төленетін әлеуметтік көмек мөлшері жыл сайын артып келеді. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл барлық өңірде көмек көлемі 5 миллион теңгеге артып, ол 9 мамыр — Жеңіс күні қарсаңында беріледі», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Смат Сейдахметов.
Соғыс уақытында тылда кемінде 6 ай жұмыс істеген 1700-ге жуық ардагерге, ҰОС ардагеріне теңестірілген және әртүрлі әскери іс-қимыл салдарынан мүгедек болған 1481 адамға тағайындалған әлеуметтік төлем мөлшері биыл 40 АЕК-тен 50 АЕК-ке көбейді. Алайда, соғыс ардагерлерінің қатары жылдан-жылға сиреп барады. 2023 жылы 6 ардагердің әрқайсысына 1,5 млн теңгеден, ал былтыр 4 адамға 2,5 миллион теңгеден берілген болатын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!