Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Көксәйек ауылында құсбегіліктен жасөспірімдер мен жастар арасындағы XVI ел чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Додаға Қызылорда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ұлытау облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан келген үздік құсбегілер қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Жарыстың алғашқы күні жасөспірімдер арасында өткен сайысқа 22 бүркіт, 27 қаршыға және 10 ителгі қатысты. Ал екінші күні жастар арасындағы додада 22 бүркіт, 21 қаршыға және 9 ителгі сайысты. Нәтижесінде жасөспірімдер арасында бүркіт құсын салудан 1-орынға Астана қаласынан келген Ерасыл Серікбекұлы, қаршыға құсын салудан 1-орынға Алматы қаласынан келген Адия Батырбек, ителгі құсын салудан 1-орынға Түркістан облысынан Еділбек Тұрсынбек иеленді. Ал жастар арасында бүркіт құсын салудан 1-орынды Жамбыл облысынан Берікболсын Бабажан иеленсе, жүлделі 3-орынды түркістандық Ерасыл Есболат жеңіп алды. Қаршыға құсын салудан 1-орынды түркістандық Ерасыл Есболат, ителгі құсын салудан 1-орынды Қарағанды облысынан Ақан Мұратов иемденді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, турнир республикалық құсбегілік федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ және Ұлттық спорт қауымдастықтарының атсалысуымен ұйымдастырылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!