Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрбан айт – мұсылман жұртының қуанышы

13.06.2024, 10:20 250

Айт сөзі «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Мәдина қаласына қоныс аударып келгенде жергілікті тұрғындардың тойлайтын екі мейрам күні болатын. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұлар не қылған екі күн?» деп сұрайды. Олар: «Исламнан бұрын осы екі күнде ойнап, көңіл көтеретінбіз» дейді. Сонда Алланың Елші­сі (с.ғ.с.): «Расында, Алла ол екеуін одан да жақсырақ мерекелерге, яғни Құрбан айты мен Ораза айтына айыр­бастады»  деп айтқан.

Исі мұсылман баласы айт мейра­мына күні бұрын дайындықты бас­тайды. Дінімізде екі ұлық мереке бар. Ораза және Құрбан айт мейрамы. Қасиетті құрбан мерекесі мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижжа айының оныншы жұлдызынан басталады. Бұл мейрамда жағдайы жеткен әрбір мұсылман құрбан шалып, ізгі амалдарымен Алланың разылығына бөленуді мақсат тұтады. Құрбан сөзі «Аллаға жақындау, оның разылығын табу»  деген  мағынаны  білдіреді.

Құрбандық деген кезде қос пайғамбардың басынан өткізген оқиғасы еске түседі. Бұл мерекенің тарихы Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) мен ұлы Исмайл (ғ.с.) пайғамбардан көрініс табады. Аллаға деген бағыныштылығымен сыналған Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар Жарату­шысын разы ету үшін ұлы Исмайлды (ғ.с.) құрбандыққа шалмақшы болады. Алла тағала оған Исмайлдың (ғ.с.) орнына көктен түсірген қошқарды құрбан етуін бұйырады. Осындай үлкен сынақты бастарынан өткерген әкелі-бала­лы қос пайғамбардың бұл тағылымы бүгінде мұсылман қауым үшін өнегелі ғибратқа айналды.

Құрбан мейрамы – ұлы ғибадат. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы болған Ибраһим пайғамбардан (ғ.с.) бізге жеткен сүннет амал. Сахабалар Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не?» деп сұрайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті» деді. «Одан бізге қандай сауап бар?» деп сахабалар сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сойылған мал жүнінің әрбір тал қылы үшін сауап аласыңдар» деп жауап береді. Адам баласы шын ықыласымен құрбандық шалу арқылы мол сауаптарға кенеліп, Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтеріне шүкіршілік ете отырып, күллі күнәларына кешірім-тәубе тілейді.

Жағдайы болған, шамасы жеткен адамға құрбан шалу – міндеті. Алла тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Намаз оқы және құрбан шал» деп, құрбан шалудың жағдайы бар адамға, мүмкін­шілігі болып тұрған кісіге уәжіп, яғни міндетті амал екенін білдірген. («Кәусар» сүресі, 2-аят)

Құрбандық шалу белгілі бір адамға міндетті болу үшін мынадай шарттар керек: мұсылман болу; Құрбан айт кезінде жолаушы болмау неме­се жауапты өкілге тапсыру; негізгі тұрмыстық қажеттеріне жетерлік мал-дүниесі мен қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқ­ты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес; азат  болу  (еркіндік).

Құрбандық шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін бас­талып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзірлі себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбандығын шала беруі­не болады. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде арнайы ниет ету керек. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйені шалуға болады. Қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы тиіс. Алты-­жеті айлық марқа қозы, не тоқты бір жасар қой сияқ­ты семіз болса, құрбандыққа жарайды. Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбандыққа шала алады. Ал, сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі, не жеті кісінің бірігіп шалуына болады. Құрбандықты ортақтасып шалған уақытта әрбір адам ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбандық үшін, ал екіншісінің ниеті басқалай болса, шалынған мал барлық ортақтасқандар үшін құрбандық болып  есептелмейді.

Дінімізде Құрбан айт мейрамының алар орны айрықша. Себебі, Құрбан айт – мұсылман жұртының арасында достық, бауырмалшылдық, сүйіспеншілік, жанашырлық сезімдерді нығайтып, сауапты істер жасауға жол ашады. Құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, айт намазына дайындық жасайды. Бой дәретін жаңартып, жаңа киімдерін киіп, айт намазына жұпар иіс себініп шығуы ізгі істерге жатады. Айт намазын оқып, бақилық жақын-жұрағаттарына Құран бағыштап, бірін-бірі мерекемен құттықтасады.

Ренжіскендер татуласып, көтеріңкі көңіл күйде жүреді. Құрбандық малдарын шалып, жақсы амалмен Алланың разылығына жетуге ниет етеді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде  алғашқы  жасайтын  ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені» деп айтқан. Ағайын-туыс, жора-жолдас, көрші-көлемнің үйлеріне барып айт мереке­мен құттықтау, сырқат кісілердің көңілін сұрау, отбасыға, балаларға сый-сияпат жасау, жоқ-жітікке садақа беру де Құрбан айтқа тән көрініс екенін ұмытпағанамыз абзал. Құрбан айт мейрамы құтты болсын! Алланың разы­лығы  үшін  деп  шалғалы жатқан құрбандық қабыл  болып,  мол  сауаптарын  нәсіп  еткей!

Қайырбек  ОТЫЗБАЕВ,

Қызылорда  қалалық  «Мүсірәлі ата» 

мешітінің  бас  имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: