Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың ауылдардағы жұмыс сапары жалғасуда. Кеше аудан басшысы Қосжар елді мекеніндегі жаңа жобалармен танысып, тұрғындармен кездесті. Іс-сапар Қосжар ауылдық округі маңындағы Майшығыр өңірінен бастау алды. Мұнда ауыл тұрғыны Жансерік Сқақов жалпы көлемі 12 гектар жерге егін еккен. Оның 1 гектары картоп болса, 1 гектарына қауын-қарбыз өсіруде. Мұнан соң аудан әкімі Елтай Төрехановтың заманауи тәсілдерді ұштастыра отырып, тамшылатып суару әдісімен өсірген егін алқабымен танысты. Онда жеке кәсіпкер 0,5 га асқабақ, 2 га қияр, 1,5 га қызанақ, 4 га қауын және 10 гектар аумаққа қарбыз еккен.
Диқанның айтуынша қияр мен қызанақ бір-екі апта көлемінде аудан орталығы мен көршілес ауылдарға сату көзделуде. Мақсат – тұрғындарды төмен бағада азық-түлікпен қамту. Өз кезегінде аудан әкімі диханшылықты кәсіп еткен қос шаруаға ризашылығын білдіріп, ауданды жергілікті өніммен қамту саясатын ұстанған азаматтарға алғысын білдірді. Қосжар ауылындағы сапар онан әрі тұрғындар кездесуімен жалғанды. Онда Серік Сағитжанұлы ауданда іске асырылып жатқан тың жобаларды тілге тиек етті.
«Бүгінде аудан бюджеті 4,5 млрд. теңгеге өсіп, 18,5 млрд. теңгеге жетті. Тиісінше өңірде іске асырылып жатқан жобаларда жетерлік. Бүгінде бюджеттің 65 пайызы жол-құрылысы саласына бөлінуде. Ондағы мақсат – аудандағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлес салмағын арттыру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау.
Тағы бір ерекше тоқталатын жайт, аудан орталығындағы тұрғындардың жер кезегін азайту мақсатында инфрақұрылым жүргізу жұмыстары да қарқынды жүруде. Нәтижесінде 2008 жылдан бастап 2011 жылдар аралығында кезекте тұрған 1191 азаматтың өтінішін қанағаттандыратын боламыз. Облыс әкімінің ауданды ішкі өніммен қамтамасыз ету бойынша берілген тапсырмасы өңірде сәтті жүзеге асуда. Өткен жылы 704,2 гектарға егін ексек биыл бұл көрсеткішті 1500 гектарға дейін ұлғайттық. Соған сәйкес аудандағы азық-түлік бағасын тежеуге мүмкіндік туды. Әлеуметтік салада да оң өзгеріс бар. Биыл Бөген мен Қызылжар ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында айдынды өлкеде осы жылы екі оқу ордасы салынатын болса, келер жылы тағы екі білім ұясы бой көтермек. Мұнан бөлек, 2025 жылға дейін өңірімізде 10 жаңа білім ордасы тұрғызылатын болады» деп аудандағы ауқымды істерге тоқталып өтті.
Тұрғындар ауданда жасалынып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын беріп, барлық бастамаларға қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. Елдімекендегі жұмыс сапары «Қамыстыбас» балық өсіру питомнигінде жалғасты. Бүгінде бұл орталық балық ассортиментін кеңейтуді қолға алған. Қазіргі уақытта теңіз бен көлдерде балық санын арттыру бойынша да жұмыстар жүргізуде. Ерекше жаңалық биылдан бастап питомник қаяз балығын өсірудің тың әрі жаңашыл тұсын ойлап тапқан. Балықтың уылдырығынан дернәсілдер арқылы көбейтуді ғылыми тұрғыда жетілдіру үстінде. Аудан әкімі орталықтың ғылыми тәсілдер арқылы жүзеге асырып жатқан бастамаларына сәттілік тіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!