Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қосымша білім негізгі білімге айналып барады

20.01.2020, 14:38 1561

Иә, білімге салған ақшаның қайта­рымы  бар. Сондықтан шығар, қай ата-ана болмасын, баласы үшін, баласының білімі (болашағы) үшін барды береді­, жоқты­  табады. Бала бір сабақтан біл­месе немесе  сынып  жетекші тарапынан ескерту жасалса, ата-ана алып-ұшып арнайы­  репетитор  жалдайды, оқу орталықтарын  жағалайды. Қосымша білімге бәрі  құмар.  Осы  күні қала аумағында жеке оқу орталықтары да өте көп. Әрине, олардың­ бірінен соң бірінің ашылуы сұраныст­ың көптігінен болса керек. Еліміздің білім саласындағы олқылық­тарын айтып та келеміз, жазып та келеміз. Тіпті, бұл үлкен мінбеде де көтерілді. Себеб­і, баланы мектеп­ке білім алуға жіберетін ата-ана түрлі жағдайдан соң оны міндетті түрде қосымша сабаққа жаз­дырады. Бұл – мектеп­  қабырғасында  берілеті­н  білім­нің жоқтығынан емес, жүйесіз білім берудің салдарынан туындаған мәселе. Осыдан соң «қосымша білім негізгі білімге айналып­  барады» демеске шарамы­з  жоқ  сияқты.

Қосымша сабақ дегенде «Ата-ана неге көп мән беру керек?» деген заңды сауал туында­йтыны рас. Бұл туралы ұстаз Аятжан Ахметжан былайша ескертеді.

– Басты мәселе – мұғалімде. Репетитор немесе орталық мұғалімі кім? Орталық осыған­ дейін қандай үздік шәкірттер тәр­биелеге­н? Кәсіби ме? Қандай бағдарламамен жұмыс істейді? Осы сұрақтар төңірегінде ізденген  дұрыс. Себебі, үздік мұғалім ғана үздік шәкірт  тәрбиелейді. Сондықтан, үйге жақын немесе үйге келіп оқытады деп кім көрінгенге  жүгіне  салуға болмайды.

Екінші, оқу орталықтарының бәрі озық па?  Әрине, жоқ. Сондықтан, орталықтардың әкімшілігіне, әдістемелік кеңесіне мән берген дұрыс. Өзі мектеп көрген, мектепте үздік мұғалім болып жетістікке жеткен, әкімшілік ұйымдастыру қабілеті бар адам ғана шын үздік мұғалімдердің басын қосып, жүйелі бағдарлама жасай алады.

Мектептердің сапасы әрқилы. Мектеп сапасын ондағы мұғалімдер қосынының біліктілігі анықтайтыны секілді, білім беру орталықтарының сапасын да әкімшілігі мен ұжымының біліктілігі анықтайды. Ал, білімді бизнес ретінде ғана қарайтын, көлденең көк атты ашып алған шоу орталықтардың шуына­  алдануға  болмайды.

Үшінші, орталықтың тәрбие бағытына баса назар аудару керек. Себебі, әлдебір кері идеологиялық бағыттарда жұмыс істеп жүрген Тіл үйрету орталықтары да, Білім беру орталықтары да жетерлік. Орталыққа балаңызды беремін деп, ертең балаңыздан айырыл­ып қалмаңыз. Әбу Насыр әл-Фараби бабам «Балаға білім беруден бұрын тәрбие берілу­і керек, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деп бекер ескерткен жоқ. Сондықтан, орталық тек білім емес, тәрбиені қоса беретінін, ол тәрбие сіздің балаңыз­дың келешегі екенін ескеріңіз. «Тәрбие – тал  бесіктен»  десек  те, баланы  бүгінде ата-анадан гөрі қоғамдық ортасы көбірек тәрбиелейтінін ұмытпаған жөн, – дейді ол.

Жалпы, баланы «оқытамын, тоқытамын» деп қалтадағы ақшаны қағып алатын жеке репетиторлар да, оқу орталықтары да жоқ емес. Ата-ананың санасына «бала енді-енді біліп келеді» деген сөзді ғана сіңіру білім берушінің басты мақсаты болмауы керек. Негізінде қосымша білім ең алдымен мектеп бітіруші түлек үшін ауадай қажет. Өйткені, тест жүйелі дайындықты қажет етеді. Сосын пәндік олимпиаданың уақытында керек. Себебі, жеке пәнге дайынд­ық барысынд­а бірнеше педагогтің білімі мен біліктілігі, методикасы артықтық етпейді. Жалпы алғанда оқытушылар да бір-бірін толықтыра түсуі мүмкін. Қосымша білімнің тағы бір қажеттілігі баланың дарынды­ балаларға арналған мектепке түсу барысында туындайды. Ал, соңғысы, бұл – әртүрлі себептерге байланысты сабаққа қатыса алмай қалған балалар үшін таптырмас мүмкіндік.

Қалай десек те, қосымша білімнің дәурені жүріп тұр. Орталық жағала­п жүрген оқушылар көп. Мұны мектептің білімін менсінбеу немесе мектеп баланың білімге деген қажеттілігін өтеп беріп жатқан жоқ деп қабылдауға әсте болмайды. Бірақ, қосымша білім баланы негізгі білімге бастап бара жатқандай…

Ең бастысы, оқу орталықтары атына заты сай болып, ойы ұшқыр, көзі ашық, көкірегі ояу жастарды шығарып жатса, бізде қуанудан, тілектестіктен басқа іс-әрекет болмайды. Білім саласын бизнесте көрген жақсы шығар, бірақ сапа мен нәтижеден аттап кетіп, нан табудың қаншалықты орынды екенін білмейміз.

Сіз  не  дейсіз?

Ботакөз  АМАНТАЙ,  мұғалім:

– Бұған екіжақты қарау керек. Баланы қосымша сабаққа беруді мектепке деген сенімсіздік деуге келмейді. Баланың ынтасының төмендігіне, оқуға құлшынысының жоқтығына байланысты қосымша оқуға берген дұрыс. Сонда «индивидуальный подход» болады. Әрине, ол жақсы білім бере алатын орталық болса… Бірақ, қазір екінің бірі ашып алған. Екі аттасаң, оқу орталығы, білім академиясы…

Меніңше, барлығы орталықтың тәжірибесіне байланысты сияқты. Бала мектепте бәріне бірдей үлгере алмай жатуы мүмкін. Мысалы, өзім балаларымды қосымшаға оқытар едім. Қосымша болғанда, көшбасшылық, сөйлеу мәнері, тіл үйрену, сурет салу, т.с.с. курстарға берген жақсы, ал мектептің бағдарламасын тереңдетіп оқытатын курстардың керегі жоқ секілді. Жалпы, қосымша білім беретін орталық баланың болашағына пәлендей зиян тигізеді деп ойламаймын.

Жасұлан  СЕРІК,  мұғалім:

– Өзім білім саласының нанын жеп отырғандықтан, бұл мәселенің мен үшін маңызы зор. Бұл – мұғалімнің, білім саласының міндеттеуінен тыс дүние. Ата-ана мен оқушының қалауы. Сондықтан, мен қарсы емеспін. Қосымша білім алу – адам бойындағы ашылмаған қыр мен сырын дамытудың бірден-бір дұрыс жолы. Өзім де ата-ананың орнында болсам, баламды мектеппен қоса қосымша сабаққа берер едім. Бұл мен үшін болашағыма жасаған ең алғашқы дұрыс қадамым деп ойлаймын.

Рыскелді   ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: