Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жатақханалары студент қабылдауды аяқтауға жақын

31.08.2023, 15:10 367

HALYQLINE.KZ

Оқу жылы басталарда студенттер қауымында жатақхана мәселесі пайда болатыны белгілі. Біз осы орайда өңіріміздегі басты білім ордасына хабарласып, білім алушылардың жатақханамен қамтылуы туралы сұрап білдік.

– 2023-24 оқу жылында жатақханаға өтініштер онлайн және офлайн түрде қабылдануда. 1 тамыздан бастап университеттің бас оқу ғимаратында Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары бөлімінің қызметкерлері жатақханаға өтініш қабылдау, тіркеу және жолдама беру жұмыстарын атқарумен айналысып келеді – дейді аталған бөлімнің басшысы Жанар Бимұратқызы.  

Жанар Бимұратқызының айтуынша, 10000-нан астам білім алушысы бар оқу орнында  1230  адамға арналған 5 жатақхана бар. Бүгінге дейін жатақханаға кесте бойынша 1090 студент жолдама алған.

Білім алушылардың жатақханамен толық қамтылуы – басты назарда.  Сондықтан, келісімшарт арқылы «Қаржы орталығы» АҚ қаржыландырылатын «Өркениет» және «ДиЛМАШ» ЖШС-ның жатақханаларынан 437 орын пайдалануға келісім жасалды.  Мұнан бөлек «Қаржы орталығы» АҚ қаржыландырылатын жеке кәсіпкермен 100 орындық жатақхананы жалға алу бойынша келісім жүргізілуде. Қазіргі уақытта 512 студентке арналған  №1 жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Сонымен қатар, №8 оқу  ғимаратының 3-5 қабаттарындағы 60 орындық жатақхана жаңа оқу жылында студент қабылдауға дайын, – деді ол.

 Биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 1248 білім алушыға мемлекеттік  грант бөлген. Оқу ордасы бұрын-соңды осынша студентке білім грантын ұсынбаған.

Баспасөз бөлімінің хабарлауынша, университетте оқу үдерісімен және ғылыми зерттеулермен 26 ғылым докторы, 193 ғылым кандидаты, 43 философия докторы (PhD), «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 40 түлегі айналысады. Сонымен қатар, жыл сайын 25-тен астам шетелдік ғалым-профессорлар студенттерге онлайн және офлайн дәріс оқиды.

– Кадрларды даярлау 5 институт пен 25 кафедра базасында 114 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады+ (66 бакалавриат, 35 магистратура, 13 докторантура). Әскери кафедрада Қазақстан қарулы күштері үшін запастағы офицерлерді даярлау 5 әскери мамандық бойынша жүргізіледі, – делінген хабарламада.

Жасұлан  Асқарұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: