Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қонақ келсе – құт келеді

18.03.2025, 9:40 130

Қазақ халқы қашан да қонақжайлығымен ерекшеленген. «Қонақ келсе – құт келеді» «Қайырлы қонақ келсе қой егіз табады» «Қонақтың несібесі қонған жерінде» деген аталы сөздердің  астарында терең мән-мағыналар  жатыр. Қонақ күту – қазақтың қанына сіңген қасиет, ал қонақты ренжітпеу – имандылықтың белгісі.

Қонақжайлық – ұлттық құндылыққа айналды. Қазақ қоғамында қонақ – ерекше құрметке ие адам. Келген қонақтың мәртебесіне қарамай, оны төрге шығарып, ең дәмді асын алдына қойған. Өйткені қонақты күту – ата-бабадан қалған асыл дәстүріміз. Әсіресе, жолаушыны үйге шақырып, тамақ беру – сауапты іс саналған. Бұны бізде «құдайы қонақ» деп атаған.

Қонақ күту Ибраһим пайғамбардың қиссасынан қалған өнеге. Қиссада Ибраһим пайғамбарға Алланың әмірімен жақсы және жаман жаңалық алып келген үш періштені қонақжайлықтың ең жоғарғы деңгейімен көрсетеді. Тіпті жалғыз малын сойып, пісіріп алдарына қойғанда «Біз Құдайдан жаңалық алып келген періштесі едік, біз ішіп-жемейміз» делінеді. Осыдан құдайы қонақ, құдайдан келген қонақ деген термин қалыптасып, күтпеген жерден келген кісіні шаруасын сұрамастан шаңыраққа кіргізіп күтіп аспен сыйлау қазақтың дәстүріне ұласты.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) хадистерінің бірінде: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, қонағын құрметтесін!» – деген. Демек, қонақ күту – тек дәстүр емес, үлкен сауапқа жетелейтін амал.

Қазақ дәстүрінде қонақтың бірнеше түрі бар: Арнайы қонақ – белгілі бір мақсатпен шақырылған құрметті мейман. Құдайы қонақ – аяқасты келген, күтпеген жерден үйге ат басын бұрған мейман. Қыдырып келген қонақ – алыс-жақыннан амандасуға немесе туыстық байланысын нығайтуға келген жандар. Қазақтың кең дастарханы – осы қонақтарға әрдайым дайын болған. «Қуыс үйден құр шықпа» деген қағидамен, келген кісіге дәм таттырмай шығармаған.

Қонақ – ризықтың белгісі. Қазақта «Қонақ – несібесімен келеді» деген ұғым бар. Құдайы қонақ келгенде, үйге ерекше береке орнайды, несібе артады деп сенген. Кейде қонақ күтіп, дастархан жайған соң, күтпеген жерден жақсылықтар келіп жатады. Бұл – қонақтың құты, жақсылығы.

Шариғатта да қонақ күтуге үлкен мән беріледі. Бірде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үйіне бір кісі келіп, тамақ сұрайды. Сонда сахабалардың бірі қонақты үйіне алып кетіп, бар тамағын алдына қояды. Бұл оқиғадан кейін Алла Тағала: «Олар өздері мұқтаж бола тұра, өзгелерді өзінен жоғары қояды», – деп («Хашр» сүресі, 9-аят), мұсылмандардың жомарттығын мадақтаған.

Қонақты қалай күткен дұрыс?! Қонақ күту – үлкен өнер. Оған дұрыс дайындалып, шын көңілмен құрмет көрсету керек. Қонақты жылы шыраймен қарсы алу – келген адам өзін үйде еркін сезінуі қажет. Төрге шығару – бұл қонаққа деген ерекше құрметтің белгісі. Дастархан жаю – бар тәттіні қонақтың алдына қою – қазақтың бұлжымас дәстүрі. Қонақтың көңілін көтеру – әңгіме айтып, қонақты риза қылу. Қонақты ренжітпеу – оған қабақ шытып, қонаққа немқұрайлы қарау – үлкен әдепсіздік.

Қорытай айтсақ, қонақ күту – қазақтың қанында бар гендік кодын ерекшелеп тұратын  қасиет. Үйге келген мейман – Алланың жіберген берекесі мен несібесі. Сондықтан әрбір мұсылман адам қонаққа ерекше құрметпен қарап, шын көңілмен қарсы алуы қажет. Алла Тағала әр шаңырақты қонақтан айырмасын, берекесін арттырсын!

Рахат Серікбайұлы

Шиелі ауданының бас имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: