Көзі қарақты оқырман хабардар шығар, біздің басылымда осыдан екі жыл бұрын «Тоқсан теңгенің «толғағы» деген мақала жарық көрді. Бұл қоғамдық көліктердегі жолақы құнының 70-тен 90 теңгеге көтерілетін кезі еді. Сол тұста жергілікті биліктің «қадағалау күшейіп, автобустарды тәртіпке келтіреміз» деген уәдесі бар-тын. Міне, екі жыл да артта қалды. Бірақ, аталған тақырып күн тәртібінен түсті дей алмаймыз. «Баяғы жартас, сол жартас». Тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктерге қатысты айтылып жатқан сын-ескертпелер әлі де аз емес. Бұған қарамастан, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС тәуекелге бел буып, жаңа жобаны қолға алмақ.
Бұдан былай қоғамдық көлік қызметі электронды жүйеге көшіріледі. Дәлірек айтқанда, қалаішілік маршруттарда жолақы тарифі онлайн төлемдермен 80 теңге, қолма-қол төлемдермен 150 теңге болып бекітілді. Серіктестік өкілінің сөзінше, жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылмақ. Бұл мақсатта бюджеттен бірде-бір тиын бөлінбепті. «Алдағы бір-екі айдың көлемінде электронды билет жүйесіне көшеміз. Жаңа қондырғы жеке және серіктестік қарамағындағы барлық автобустарға орнатылады», – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметов.
Тәртіп күшейгеннен кейін бе, қоғамдық көлік қызметін көрсететін жеке кәсіпкерлер жыл сайын азайып жатқан көрінеді. Мәселен, 2018 жылы қалаішілік 870, 2019 жылы 750 үлкен және кіші сыйымдылықтағы автобус болса, бүгінде 630-ы қалған. Дегенмен, оның барлығы күнделікті бағытқа шықпайтын көрінеді. Тиісінше, арақашықтық ұзарған соң автобустардың кідіретіні сондықтан. Жеке кәсіпкерлер үшін тасымалдаумен айналысу тиімсіз боп тұр дейді жауаптылар. Олардың айтуынша, жеке кәсіпкерлер бұрын көлікке 4 мың, қазір 7-8 мың теңгеге жанар-жағармай құяды.
– Таңертеңгі және кешкі уақытта автобустардың лық толатыны белгілі. Мұның барлығынан хабарымыз бар. Дәл қазір тіркелген 630 қоғамдық көліктің күнделікті 400-дейі ғана қызмет көрсетеді. Техника болған соң бұзылады. Кейбір автокөлік иелері бағытқа шықпай қалатыны сондықтан. Ал сенбі-жексенбі күндері 200-350 қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Егер жеке кәсіпкерлерге тәртіпті күшейтсек, бағытқа шықпай қояды. Тиісінше, проблема күшейе бермек. Жасыратыны жоқ, дәл қазір 240 автобус жетіспейді. Биыл үлкен сыйымдылықтағы 80 автобус алуға бюджеттік өтінім берілсе, соның 13-іне тиісті қаржысы бөлінді, – деді Қанат Рахметов.
Айтпақшы, осыдан тура 4 жыл бұрын Сырдың бас шаһарына облыс әкімдігі мен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы және «Еуропалық қайта құру даму» банкі арасындағы келісімге сәйкес үлкен сыйымдылықтағы автобустар әкеліне бастады. Алғашқы лекпен келген үлкен сыйымдылықтағы көк түсті автобустар (суретте) біршама жыл халыққа қызмет көрсетті. Дегенмен, соңғы уақытта олар ізім-ғайым жоқ боп кетті. Сөйтсек…
Одан кейін, 2016 жылы көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай қытайлық компаниялар арқылы тағы да үлкен сыйымдылықтағы жасыл түсті автобустар алынған болатын. Міне, осы сәттен бастап көк автобустар көзден бұлбұл ұшты.
Сонымен алғашқы лекпен келген көк автобустар қайда?
Аталған сауалға «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметов:
– Ең бірінші алынған көк автобустарды жасыл түске бояп, №14 бағытқа қостық. Қазір сол бағытта қатынайды, – деді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!