Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚИЯМПҰРЫС

30.03.2024, 9:00 437

HALYQLINE.KZ

(әңгіме)

Ақмешіттің аптап ыстығынан тірі жан атаулының қыбырламай қалған, ит екеш иттің өзі жаны қыдырып, көлеңкеден көлеңкеге тығылып, бүйірін соғып, тілі салақтай күй кешкен шілденің кезі болса да, соңғы кездері кеш түсе бір-екі көрші тал астында бас қосар еді. Сырдың талы көлеңке болғанмен, «бәлем, сені ме, көрермін» деп сес көрсете ығысқан ызақор жандай бірте-бірте бәсеңдей бастаған ыстық желге пана болып жарытар емес.

Көршілердің де шыға қойғысы жоқ-ау, бірақ, күнде осы мезгілде көшеден бір қолайсыз дауыс шығар еді, сосын олар да бір тосын жайт болып қалды ма деп есік алдына шығар еді, шығар еді де итіне ақыра бұйрық беріп жүрген шой қара көршілері Нұртайды көрер еді. Құдай-ау, орысша, немісшесі аралас бірдемелерді барқ еткізеді, ит қасқа қайтсін, бірін түсінсе, бірін түсінбейді, сөйтіп, бұйрықтың бірі орындалса, бірі орындалмайды. Анау онан сайын дауысын күшейте түседі, не иесін аярыңды, не итін аярыңды білмей дал боласың.

Осы кезде ит жетектеген, бәлкім иттің жетегіндегі деген дұрыс болар, себебі ит алдыда келеді ғой, Нұрекең де қасымызға таяды. Әл сол күйі, бірдеңелерді бұйыра сөйлеп қояды. Ішіміздегі үлкеніміз Құдайберген аға аппақ мұртын бір сипап алып:

– Нұреке-ау, мына қасқыр итің бердеме сезе ме. Орысша ма, кәрісше ме, бір нәрсе дейсің, одан да қазақша «жат», «тұр» деп бұйырмайсың ба? – деді.

– Түу… Өзіңіз де… Құдеке! Неміс овчаркасы қазақшаны қайдан білсін… Сосын ғой орысша, немісше айтып жүргенім.

– А? Солай ма еді…

– Оу, енді қайда бет алдың?

– Ветаптекке. Ылғи халықпен шаруасы жоқ карьеристер отырып алған… Бір көмек жоқ. Түбі мына елді қыратын шығар пәшистер…

– Оу, жай… жай… Ел аман, жұрт тыныш, не болды соншама…

– Келгесін айтамын…

Ол иті екеуі жаңа базар маңындағы ветаптекке бет алды. Мына күйді көріп ішім удай ашыды. «Тәңір-ау, әтеңелет, мына иттің бағын қарашы, бұған тек өз тілінде сөйлеу керек екен ғой, сонда сорлаған біз болдық қой, өз тілін білмейтін қанша қазақ ығып жүр, бір орыс көрсек шүлдірлеп солардың тілінде сөйлеуге тырысамыз жүз қазақ тұрып. Апыр-ау, сонда мына ит құрлы болмағанымыз ба?» деген ойлар санамда атойлай бастады.

Әлгінің артынан қарап тұрып Құдайберген сөз бастады7

– Баяғыда деймін-ау, осы Нұртайлармен ауылда көрші отырдық, құдай екем басқа салмасын, мұның әкесі нағыз қызылкөз даукестің өзі еді ғой, жер айтып бармасын. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ дегендей айтқанынан қайтпай, тістесіп қататын да қалатын. Бірде ауыл болып у-шу болдық. Бұлардың үйі ортада, менікі одан бергі, ал Жаппардікі бұлардың арғы жағында, тоғай жақ беттегі көршілері, сол екі көрші арасында дау туды да кетті. Оқиға былай болған. Тоғайдан бір қырғауыл ұшып Жаппардың ауласының үстіне келмей ме, өзі де құсқа шығамын деп дайындалып, жиналып жатқан ол бірден көздеп, он алтының шүріппесін тартып жібереді ғой. Қырғауыл жалп ете қалады, бірақ оның емес, көршісінің, мына Нұртайлардың ауласына түседі. Содан Жаппар бармай ма қырғауылын алайын деп, сөйтсе, қызылкөз көкем бермейтін көрінеді. Міне,егес басы – осы.

– Көрші! Атқан мен ғой, қырғауылымды берсеңші.

– Атқан сен бе, басқа ма – шаруам жоқ. Территория – менікі. Знәшит, қырғауыл да – менікі.

Осы дау екі сағаттан арта қызық кеңірдек айтысқа ұласты, мен ара ағайын ретіндемін. Ойпырмай, екеуі де қайтпайды-ау, қайтпайды. Тіпті соңында Жаппардың шешесі – сексеннен асқан кейуана Сарша әжей дауыс салып жылап, қырғауылды қарғай бастады: «Әй, хайуан қырғауыл, бері қарай ұшып нең бар еді, ары қарай ұшсаң өлесің бе, нағылет жауғыр. Өй, қанатың сынғыр қақпас, жер жетпегендей бізге қарай ұшқанын көрмейсің бе, қата қалғыр». Осы дауыс қана Жаппардың есін жиғызды, басы салбырап, үйіне бет алды. Қызылкөз көкем «Во-от так, әркім өз территориясына ие болуы керек» деп әжептәуір қоқиланып қалды.

Иә, ал, енді мына жігіт неге ветаптекке барғыштап жүр, білетіндерің бар ма?

– Өткенде сұрағанмын.

Қай кезде де асықпай сөйлейтін Орынбасар осыны айтты да, кідіріп қалды. Мұндайға шыдайтын Құдекең бе:

– Не дейді? Айтсаңшы енді…

– Вакцина салдырайын деп жүр.

– Не қылған вакцина?

– Ау, мына ковидке қарсы вакцина салып жатқан жоқ па елге, бұл соны итіне салдырып алғысы келген ғой, оған ветаптектегілердің құзыреті жете ме. Бұл солармен дауласып болып жүр.

– Астапыралла… астапыралла… Естімген елде көп деген-ау… Ау, ол адамдікі емес пе?!

– Әне, анау қайтып келе жатыр. Сұрап білейік, не болды екен.

Айтып ауыз жиямын дегенше итіне «Апорт», «Фу» деп сөйлей Нұртай да келді бұлардың қасына.

– Ал, Нұреке, қайдан қайттың?

– Құдеке, айтпа, айтпа… Не боп барамыз осы? Итіме вакцина салдырайын десем, «Болмайды, болмайды» деп ветаптектегілер без-без етеді. Сотқа берем бе, не істесем екен?

– Ау, ондай заң шыққан жоқ қой.

– Кім шығарады ондай заңды. Ана отырғандар ма? Олар бізге қажет заң шығарам дегенше… Мына қараңызшы. Адамдарға вакцина сала ма – салады, тіпті заставить етеді. Ал, неге итке салмаймыз? Иттен жұқса қайтеміз сол аты өшкір эпидемия? А? Тіпті мысыққа да, бәріне салу керек, әйтпесе, толық сақтана алмаймыз… мына ветаптектегі дорақтар соны түсінбей шаршатты.

– Тауыққа да салу керек пе?

– А, как жі? Қанша тауығың бар Орынбасар?

– Отыз мекиен, екі қораз.

– Вот, соның барлығына салу керек, эпидемия жұмыртқадан келсе қайтесің?

– Менде тауық та, ит те, мысық та жоқ, бірақ кептер…

– Ә, кептершік бала, неше кептер бар?

– Елу… Әне көкте ойнап жүрген солар.

Бәріміз көкке қарадық, кептерлер неше түрлі қимылға салуда. Керемет. Тағы да тыныштықты Нұртайдың дауысы бұзды.

– Эпидемия кептерден келсе қайтесің? Құс тұмауы дегенді есіттің ғой.

– Ойбай-ау, оны салдырыңдар деген бұйрық шықса, орындаймыз ғой. Бірақ, кептерлерді ұстау да оңай шаруа емес-ау.

– Вот, Тілек бала! Ұстау керек, сирақтарынан ұстап, басып отырып вакцина салу керек. Вот, солай…

– Ау, Нұреке, мына әңгімеңді басқа адам естімесін. Үлкендердің құлағына тиіп, әлі ит, мысық қуып, кептер аулап кетерміз…

– Ну, што жі? Істеу керек солай, қыбырлағанның, адаммен контактіге түсетіннің бірін қалдырмай егу керек… Вот солай…

Ол итін ерте, бәлкім итіне ере, себебі, иті алдыда барады ғой, үйіне беттеді. Құдекең аппақ мұртын тағы бір сипады.

– Тым жақсы жұмыс істеп тұрған ветаптек еді, мына қиямпұрыс жауып тынбаса болар еді.

– Бұл қалай жабады, ондай билікті бұған кім берсін?

– Солай-ау. Бірақ мынау да әкесі сияқты қисайған жағынан тұрмайды, енді күнде барып миларын ашыта берсе, олардың өздері жауып кетпесе дегенім ғой.

Біздер ойланып қалдық. Осы кезде тағы да үйлерден аса «Апорт», «Фу» деген дауыс естілді. Біз бір-бірімізге қарадық. Апыр-ай, итті аяу керек пе, иесін аяу керек пе?!.

Алдажар  ӘБІЛОВ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: