Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазіргі өркениет және адамның психикалық саулығы

05.01.2024, 9:20 445

Қағаз бетінде бар жан-тәніммен жазылған сия іздері. Бұл – жай ғана қаламның бөлшегі емес, менің ішкі әлемім. Жан арпалысым. Жүрек тыныштығын бұзған сана көріністері һәм ешкімге айта алмайтын сырым. Мұның барлығы – тән дейтін қаптың ішінде жиналған дүниелер. Оны тек қағаз бетіне төгіп ғана шығара аламын…

Жоқ, бұл – өмірдің соңы емес. Тұлғалық даму, психологиялық терапия, гештальдық түзілім, қоғаммен байланыс, ал ең керегі психологпен әңгімелесу – осы іштегі қатып қалған ыза-шер, мұң мен өкпені бір-ақ сәтте жібітіп жібереді. Оған соншалықты дайындық та керек емес.

Жазылған жолдардан психология мен ойсыздық әрекеттерінің көрінісін бірден байқайсыз. Алғашқы азат жол – біздің өз күйзелісімізді жеңе алмай жүрген уақыттағы көрінісіміз. Ал екінші азат жол – психологияға қызығу мен алғашқы қадамның нәтижесі. Енді осы психология ғылымының адамзат дамуындағы өркениетке қосқан үлесі, өсу мен шың жолындағы жетістік, ішкі әлемді қоректендіру мен білім жолындағы артықшылық турасында аздаған әңгіме өрбітіп, ғылым жолындағы ізденістің алғашқы адымын басайық.

Адам үш дүниеден тұрады. Тән, жан, рух. Ал психология – осы үш құрамдас бөліктің аман-саулығы мен ішкі байлығына, өзіне сенімділігіне жауап беретін ғылым. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де, оның атқаратын қызметі мен жауап беретін рөлі осы дүниелер төңірегінде айтылады. Енді психика дүние бастауында қандай өркениетті бастан өткерді? Психологиялық денсаулық дегеніміз не? Психикадағы басқару мен оған бағыну ұғымы не үшін маңызды? Жалпы, психикалық әлеуетті қалай байытамыз? Осы сауалдарға жауап іздеп, ойлы оқырманға ой-азық болу мақсатында сөз өрбітіп көрейік. Ескерту! Бұл жазбаны математикалық ғылым немесе қиын сөздерден құралған керексіз мақала деп емес, ішкі әлеміңізді реттеуге бағытталған бағдар деп қараңыз.

Қызыл түс – қорқыныш. Ол бізді тоқтатады. Сары түс – біздегі білімге итермелейтін аздаған мотивация. Ал жасыл түс – өзімізге деген сенімділік пен алған білім. Ол біздің алға қарай беттеуімізге жауап беретін палитра. Бағдаршамның осы үш түсі ойдан шығарылмаған. Адамдар сондай психологиямен өмір сүретіні ескеріліп, осы түстер пайдаланылған. Неліктен бағдаршамды басты нысанаға алдық?

Біз ізденген психология тақырыбындағы өркениет бастауы дәл осы қызыл түстен басталған. Адамдар үнемі ойланбау мен мақсатсыздық, қиындыққа шыдай алмау салдарынан өмірімен қош айтысып жатты. Даму жоқ, тек тоқтау ғана болды. Сол кезеңдерде психология ұғымына алғаш анықтама беріп, өркениет бастауын жасаған ғалымдар арасында Әл-Фарабидің еңбегі ерен. Өз шығармашылығы арқылы  таным-түсінік ұғымы, терең ойлау, мәселені адамдармен бөлісу – өз алдына терапия, ем, рухани тазару екенін өз трактаттарында айтып қалдырған. Ал психология терминін бертін келе ХІХ ғасырдың 60-жылдары неміс ғалымы Християн Вольф енгізіп, ғылым ретінде мойындата білді. Содан бері психологиялық кітаптардың қатары артып, кітап сөрелері осы тақырыптағы кітаппен толыға бастады. Өркениеттің өмірі әлі де шарықтады дей алмаймыз. Бұған дейін де зерттелен ғылымның әлі зерттелетін бағыты мен тарауы көп. Осы айтылған ХІХ ғасырды бағдаршамның сары түсі деп қарастыруымызға болады. Психологияның енді мойындалып, ғылым ретіндегі өмірін бастаған уақытты – сары түсті кезең деп белгілейік.

Енді жоғарыда келтірген психикалық денсаулық, психикадағы басқару мен оған бағыну ұғымы жайында сөз қозғайық. Әлемтапырақ күй кешілген заманда өзіне сенімділік пен өзгеге сену деген нағыз қорқыныш ұялатқан дүние болды. Бұл уақытта психологияның ғылым ретіндегі дәрежесі анық болмағандықтан, адамдар рухани денсаулықтың күйіне мүлде мән бермеді. Содан кеп, тән саулығына ғана жауап беретін рецепторлар әлсіздігін байқадық. Шынайы мысал келтірейік, өмір мен өлім арасында жатқан адам өзінің өмір сүретініне сенімді болмаса, жарық дүниеге деген қызығушылығы, адамдарға деген құштарлығы болмаса, психологиялық әлеуеті әлсіз болса, оның о дүниелік болатынына басымдық жоғары. Ал жаңағы айтылған психологиялық алғышарттар оның санасына сәуле сепсе, ол рухани бай адам болса, онда Жаратқанның қалауымен ол адам тірі қалар еді. Психологиялық денсаулықтың берер көмегінің қандай екенін осыдан анық байқаймыз. Өмірде түрлі жағдай болады. Соның ішінде қоғамда ашық талқыға түспейтін суицидтің психологиялық және моральдық ілімге және құбылысқа бағынбайтын дүние екенін аңғарамыз. Осыдан келіп, психологияға бағыныңқы адамдардың өз-өзіне қастандық жасау фактілері өте аз тіркелетіні айтылады. Өз-өзімізге «психология маған не үшін қажет?» деп сұрақ қойып көрейік. Оның толық әрі нақты жауабы жоқ.

Міне, психологияны адамзат өзі іске асыратыны әрі оның пайдасын солай ғана көре алатындығын осыдан-ақ байқаймыз. Себебі, біреуі – психологияны нағыз іш босатып, сыр бөлісу деп қабылдаса,  енді біреуі – рухани мықты болу деп қабылдайды. Бұдан шығатын қорытынды: психология – адамзаттың рухани, ой шеңберінде жеке дамуы, қоғаммен байланыс кезіндегі артықшылығы деп бір ауыз сөзбен түйіндеуімізге болады. Қазір нақты психологиялық екені айтылмаса да, ой мен сананы дамытуға, мотивациялық, моральдық дамуға арналған кітаптар шығып жатыр. Оның барлығы біздегі жасыл түстің мақсатын айқындайды. Яғни өркендеу жолы – алға қарай қадам басу, ешкімнен жеңілмеу, өмірден өз орнын табу, рухани бай болу дегенннің барлығы да бағдаршамның жасыл түсі іспеттес тек алға жүруімізді көрсетіп тұрған сыңайлы. Яғни ізденіс жасасаңыз, тоқтауға да, күйреуге де, іркілуге де уақыт жоқ екенін көресіз. Дегенмен, адам психикасын зерттеуші психологияның қазіргі проблемалары да жетерлік. Сәл ғана тоқталайық. Мәселен, психологты – адам жанының дәрігері дейміз. Дегенмен, оның ғылым дәрежесі тек бір курспен шектелуі мүмкін. Немесе, тек ақша табу мақсатында психологиялық қолдау көрсетумен айналысты делік. Адам тәнін былай қойғанда, адам жанын емдейтін дәрігер ақша жолында еңбегін сатса, онда біздегі психика тек ақшаны ғана көріп, өмірдің құндылығы сол деп бағалауы мүмкін. Бұл біршама психологқа үнқағыс болсын. Ал жалпы, шетелдік ғалымдардың осы тақырып төңірегінде зерттеген жазбалары аз емес. Оны тек іздеп, оқып, біліп, рухани әлеуетімізді көтеру ғана қалып тұр.

Бүгінде психология бағдаршамы тоқтаусыз жасыл түсте тұр. Ендеше, сіз де өз ойыңызда дабыл қағып тұрған қызыл түсті жасыл түске ауыстырып, алға қарай беттеңіз, қадірлі оқырман!

Аймереке  ӨМІРЗАҚ,

Қорқыт  ата  атындағы

 Қызылорда  университеті 

Педагогика-психология  мамандығының 

4-курс  студенті.

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер:
  • Өте керемет,әрі адамға шыныменде ойындағы жүрген психологияны қызыл түстен жасыл түске ауыстырта алатындай мақала. Керемет,шыныменде тәнтімін. Өте жақсы

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: