HALYQLINE.KZ Егемендікке қол жеткен, дамудың жаңа жолына түскен қандай да бір үлкенді-кішілі мемлекет алдымен өзіндік ішкі сыртқы саясатын айқындап алатыны белгілі. Бұл мәселе осы екі саясатта үш түрлі көрініс береді.
Біріншіден, мемлекеттің сыртқы саясатында шет елдермен қарым-қатынаста қолданылатын тіл ресми белгіленеді. Екіншіден, көптілділік жағдайында мемлекеттің ішкі саясат жүйесінде тұрақты тіл саясаты белгіленіп, онда тілдердің мәртебелері мен қолданылу аялары айқындалады. Үшіншіден, мемлекеттің ішкі, сыртқы саясаттары сол мемлекет халқының ортақ негізгі тілінде түзіле отырып, жұртшылыққа баянды етіледі. Олай болса, мемлекеттік тіл алдымен «билік тілі».
Өйткені мемлекет – басқарудың институты мен тетігі (механизмі) десек, мемлекеттік тіл – басқарудың институттанған тілі, биліктің өмір сүру тілі. Сан алуан тілде сөйлейтін адамдардың өз ана тілін және өзге тілдерді меңгеру мүддесін қорғау міндетіне жауап беру үшін билік пен тіл тұтастыққа бірігеді. Біріншісі екіншісіне көмектеседі, екіншінің көмегімен біріншісі қосымша күшке ие болады. Мемлекеттік тілді білудің әлеуметтік қажеттілігі табиғи түрде жүзеге асқанда одан ұтатын тек мемлекет қана емес, сол мемлекеттің әрбір азаматы болмақ.
Мемлекеттік тіл – көптілді, сондай-ақ біртілді қоғамның өзі айналып өте алмайтын аса қажетті құбылыс. Ол жоғарыда айтып өткеніміздей, әрбір мемлекеттің саяси құрылымына, өзіндік ұстанған ішкі, сыртқы саяси бағыттарына байланысты әрқалай сипатталады. Мәселен, Франция, Испания, Шри-Ланка, Пакистан, Малайзия, Судан, Қытай сияқты елдерде мемлекеттік тіл – оны жариялаған ел азаматтарының барлығы міндетті түрде білуге тиісті тіл болса, Индонезия, Филиппинда мемлекеттік тіл көпұлтты елдің түрлі халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың тиімді құралы деп анықталады. Енді бір елдерде екінші бір тілді мемлекеттік деп тану ол елдің халқын екіге жаруға әрекет ету деп бағаланады. Сол сияқты бірқатар елдерде мемлекеттік тіл – мәртебесін талқыға салуға Конституция бойынша барлық деңгейде тыйым салынған тіл. Сонымен жоғарыда айтылғандарды негізге алар болсақ, «мемлекеттік тіл» ұғымының мәнін былайша түсіндіруге болады:
1. Көптілдік жағдайында барлық тілдерді тең сақтау немесе бірдей дамыту мүмкін бе? Тіл проблемасы – дүниедегі 200-ден астам мемлекетте зерттелетін үлгі. Өйткені мемлекет халқы мейлі бір ұлттан тұрсын, көп ұлттан құралған болсын, бәрібір өзіндік тіл проблемаларынсыз болмайды. Айталық, бір ұлтты мемлекетте тіл мәселесі таза лингвистикалық сипатта, яғни халықтық тілдің жекелеген өмір сүру салалары арасында өрбиді. Мысалы, дүние жүзінде бір ұлтты мемлекет ретінде танылатын Жапонияда мемлекеттік тіл проблемасы жапон диалектілерінің арасында өршіп отырғандығы байқалады. Ал көпұлтты мемлекеттерде тіл мәселесі жекелеген тілдер арасында ұлтаралық деңгейде болып, саяси-лингвистикалық реңкке ие болады. Өйткені көптілділік жағдайында барлық тілдерді әрдайым тең сақтау немесе бірдей дамыту мүмкін бола бермейді. Тілдердің заң жүзіндегі теңдігі мен қызмет ету аясындағы теңдігі деген екеуі екі бөлек түсінік. Конституция тілдер теңдігін жариялауы мүмкін, алайда олар қызмет ету ауқымы жағынан ешқашан тең болмайды.
Көптілділік жағдайында ылғи да бірді-екілі тіл этносаралық қарым-қатынас құралы болып, бөлектеніп отырады. Сондықтан мұндай көптілділік жағдаятты елде демократиялық бағыттағы тіл саясаты екіжақты мақсатты ұстауды қажет етеді:
а) әрбір жекелеген тілдердің өмір сүруі мен дамуын қамтамасыз ету;
ә) қандай да бір тілдің бүкіл ел аумағында этносаралық қарым-қатынас құралы ретінде қызметтік мәртебесін бекіту. Тілдерді дамыту ісі осылайша нақтылы жоспарланған түрде жүргізілуі тиіс. Бұл – әлемдік қалыпты жағдай (стандарт).
2. Қандай тілді ел аумағында міндетті мемлекеттік деп тануға болады? Тіл мәртебелерінің ішіндегі ең маңыздысы – мемлекеттік (ресми) тіл. Қандай да бір тілдің ел аумағында мемлекеттік тіл болып танылуы үшін ол барынша дамыған тіл болуы керек. Тілдің дамығандық деңгейін белгілі социолингвист-ғалым Ч. Фергюссон мынадай үш түрлі белгіге ие болуымен анықтайды:
1. Графикаланған (графизация), яғни жазу жүйесі жасаған тіл.
2. Жүйеленген (стандартизация), яғни ауызша және жазбаша формалары нормаланған тіл.
3. Жаңарып жетілген (модернизация), яғни лексикалық, синтаксистік және стилистикалық жағынан жетілген, терминологиясы бай, осы заманғы ғылыми-техникалық прогресс пен саяси өмірді қамтамасыз етуге жарамды тіл болуы керек. Осы белгілерге қарасақ, елімізде мұндай деңгейдегі тіл – қазақ тілі. Тек қазақ тілі ғана Қазақстан халқының басын біріктіруші, этносаралық қарым-қатынасты қамтамасыз ететін аралық тіл бола алады. Сондықтан да қазақ тілі – мемлекет қамқорлығына алынған мемлекеттік (ресми) тіл. Қазақ тілі – әлемдегі 5661 тілдің ішінде өзінің сөйлеушілері жағынан жетінші ондықтағы тілдердің бірі. Ол құрылымдық – жүйелік жағының түбегейлі зерттелген, өзіндік әдеби нормасы мен стилдері қалыптасқан ұлттық тіл. Қазақ тілі – көне түркілік құрылымды сақтап қалған түркі тілдерінің Ата тілі. Бұл қазақ тілінің түркі халықтары арасындағы халықаралық тіл қызметінде қолданылуының бір айғағы болмақ. Сондықтан қазақ тілі өзіне жүктелген міндетті толығынан атқара алатын, болашағы баянды, көсегесі көгеретін ұлтымыздың қымбат қазынасы.
Аман МӘДЕЛХАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор, орталықтың ғылыми қызметкері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!