Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАРЖЫ мен ҚАҒИДА

27.03.2020, 11:29 931

Үй  болған  соң  үнем де қатар жүреді. «Отбасы­ – шағын мемлекет». Ондағы кіріс пен шығыс, жалпы ортақ бюджет бастан-аяқ бақыла­уда болып тұрмаса, тіршілікте де береке­  болмайтыны  рас.  Дәл  бүгінгі  ахуалда­ адамды  емес,  ақшаны  басқаратын кезең туды. Ақиқаты – сол. Саясат нарыққа, нарық халыққа «үстемдігін» жүргізеді. Осындайда отбасы бюджеттерінің берекесін келтіріп  отыруы  тиіс. Яки ай сайын­ отбасылық қажеттіліктер үшін табыс көзін мұртын бұз­бай бөлу, тиімді пайдалану жауапкершілігі  туындайды. Шығысты тізімге салсақ,  кірісіңіз­ден асып түсуі әбден мүм­кін. Азық-түлік, коммуналдық төлемдер, киім-кешек, той-жиын және өзге де толып жатқан тиын шығынд­ары көп-ақ. Оған  ай  сайын­ғы  несие  мен пәтер­ақыны қосу кейбір отбасы үшін жүйке тамыр­ларын  шымырлатады.

Отбасылық бюджет бүтін болуы үшін екі адамның да айлық табысы өмір сүруге жеткілікті болғаны ләзім. Алайда қазіргідей қалт-құлт еткен қоғамда айлық жалақысы жоғары жұмыс табу, оған орналасу дегенің – өз алдына бөлек тақырып. Мұндайда ер мен әйелдің табысына байла­нысты­ «кім көбірек табыс тапса, соның қаржысын көбірек жұмсаймыз» деген өзара келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Мұндайда ерлі-зайыптылар ортақ мақсат-мүдде аясында өмір сүруге бел байласқандықтарын және араларында «менікі» мен «сенікі» деген бөлінушілік қағидаларын ұмыту керек. Тіпті әйелдер қауымының арасында «күйеуімнің табысы – отбасыға», «өз табысым – өзіме» деген әзіл тараған. Қандай жағдай болмасы­н  шағын мемлекетте бюджеттік бөліну емес, бірігу деген ұғым ғана  жетістікке  жетелейді.

Әлеуметтік жағдай маңызды рөл атқарып жүр. Әсіресе жаңадан шаңыра­қ көтерген отбасылардың басым көпшілігі әлеуметтік жағдай­ларға төзбей, неке бұзып, тарасып кететіндер көбейген. Ресми деректер де мұны растайды. Былтыр облыста бас-аяғы 5367 неке тіркелсе, жыл бітпей жатып оның 2000-ға жуығы ажырасып үлгерген. Мәселен, Филиппи­нде ажырасуға мүлдем тыйым салынған. Бұл мемлекетте ажырасу­ туралы заң не құқықтық акті жоқ. Мұнда тек мұсылмандар ғана шариғат заңдарымен ажыраса алады. Сондай-ақ ең кіші мемлекет Ватиканд­а да некені киелі деп санап, оны бұзуға қатаң тыйым сал­ған. АҚШ-тың кейбір штаттарында да осы тақылеттес шарттар бар деседі­. Біздің  мемлекетке  де осындай заң жазылса, мүмкін оңды-солды неке бұзу  азаяр  ма еді?!

Үйленер алдында жастар отбасылық өмірде кездесетін әлеуметтік жағдайл­арға да талдау жасап барып, бел байласқандары артықтық етпейді. Есесіне екеуі де кез келген қиындыққа қатар қарсы тұра алатын болады. Сонымен, үй болғаннан кейінгі үнем туралы сөз етейік. Мамандар отбасыны­ң қаржылық жоспарын құру сіз таңдаған бюджет түріне байланысты екенін айтады. Ол үшін алдымен бюджет түрін анықтап алған дұрыс. Оған бірлескен, бөлек, отбасылық бюджет категорияларды нақтылап­ алу қажет екен. Бірлескен отбасылық бюджетте ерлі-зайыптылардың кірістерін бірге жинақтап, қаражатты барлық отбасы шығыны­ мен жеке шығындарға жоспарлы түрде жұмсалады. Көп отбасы осы тәсілді қолданады. Бөлек отбасылық бюджетте әр отбасы мүшесі өз табысына жеке иелік етеді. Мұндай отбасылар батыс мемлекетінде жиі кездесе­ді. Олар бір-біріне қаржы жағынан­ тәуелді болғысы­ келмегендіктен, отбасы­ шығынын жеке төлейді, тек аса көп қаражат қажет шығындарда ғана бір­лесіп шешім қабылдайды. Аралас­қан отбасылық бюджет – бірлескен және бөлек отбасылық бюджет сипатына ие қаржылық жоспар. Бұл жерде отбасы мүшелері бірлесіп ақша жинайды, алайда оған барлық табысын бермейді. Алдын ала келісіп жоспарланған сома­ны ғана жинап оты­рад­ы. Ал  та­быс­тың  қал­ған бөлігін өз қалауынша  жұмсайды.

«Әр елдің салты басқа» деген. Қазір әрбір отба­сының өмір сүру тәсілі, салты мен дәстүрі өзгеше өрбіп келеді. Қаржыға да солай. Сондықтан қаржы жұмсауда қай категорияны таңдайды, ол отбасы мүше­ле­рінің келісімдеріне байланысты. Бұл орайда «отбасыда жинал­ған ақша толы әмиянға кім иелік етіп отырады?» деген сауал­ еріксіз туындай­ды. Мұнда да сол – ерлі-зайыптылардың ортақ шешімд­ері маңызды. Мәселен, азық-түлік, асханаға қажетті зат­тарға әйелі жауапты­  болса, ерлердің де ақша жұмсайтын орны табылады. Сол себепті отбасында әмиян ұстауға таласып­, береке табу мүмкін емес. Соңы ұрыс-керіс пен жанжал­ға әкеліп соғуы ықтимал.

Түйін. Қымбатшылық қысып, доллар аспандап тұрған тұста отбасы бюджетін бүтіндеу, оны қайырлы жолмен жұмсай алу да аса жоғары жауапкершілікті талап етеді. Өмірлік мақсаты мен мүддесі бір арнада түйіскен жастар көтерген шаңырақтарының шаттығы, балаларының болашағы үшін табыстарын теңдей бөліп, кәдеге асырғандары жөн-ақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: