Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қармақшыда «Төрлет, Наурыз!» атты мерекелік шара өтті.
Жиынға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, аудан тұрғындары қатысты.
Орталық алаңға қолөнер және тарихи жәдігерлер көрмесі қойылып, ұлттық ойындардан сайыстар, қыз бен жігіт айтысы ұйымдастырылды.
Аймақ басшысы тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
«Биыл – еліміз, өңіріміз үшін мерейтойлар жылы! Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті. Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің Сыр өңіріндегі атқарылып жатқан жұмыстарға берген оң бағасы. Ұлыстың ұлы күніндегі игі тілектеріңіз қабыл болсын! Істеріңіз жемісті, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Әр шаңыраққа бақ-береке, шаттық, қуаныш орнасын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әз Наурыз құтты болсын!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы көрсеткіштерге, алда атқарылатын ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.
Қармақшылықтардың Табиғат-ана түлеп, тіршілік түрленген кезеңдегі барлық бастамаларына сәттілік тіледі.
Жиында ауданның дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов сөз сөйлеп, халықты мерекемен құттықтады.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!