Рамазан айында бір қария елден таса жерде отырып, ас-ауқатын ішіп отыр екен. Қарияның бұл әрекетін өтіп бара жатқан жас жігіттер байқап қалып:
- Ау, ата! Сіз ораза емессіз бе? Қазір рамазан айы. Елден тығылып, тамақ жеп отырғаныңыз қалай? – дейді.
Қария кісі:
- Әлбетте, мен оразамын. Тек су ішіп, тамақ жейтінім болмаса, – дейді.
Мұны естіген жігіттер: “Сіз шынымен оразасыз ба?” – деп кекете күліпті.
Ақсақал жастарға қарап: - Е, балаларым-ай! Мен ешкімге жамандық етпеймін. Кісі баласын мазақ етіп, күлмеймін. Кісі артынан сөз тасып, ғайбат та қылмаймын. Ешкімнің көңілін қалдырмаймын. Өзгенің малына көз салмаймын. Тек мына асқазанымда жара бар еді. Сол дерт жылдар бойы мазалағандықтан асқазанымды ораза ете алмай жүрмін. Өздерің ше, ораза ұстап жүрсіңдер ме? – дейді.
Қарияның сөзінен ұялған жігіттердің бірі:
- Иә, ата! Біз де оразамыз. Біз тек ішіп-жеуден ғана тыйылып, асқазанның оразасын ұстап жүр екенбіз. Өзге ағзаның ауызашарын ұстамайды екенбіз, – деген екен.
Білесіз бе?!
Ораза – тек ішіп-жеуден тыйылу емес, әрбір мүшенің ұстайтын өзіндік оразасы бар:
Ауыздың оразасы – бір нәрсе ішіп-жеуден;
Көздің оразасы – Алланың харам қылған нәрсесіне қараудан;
Тілдің оразасы – әлде кімді балағаттаудан, өсек-аяңнан, жалған куәлік беруден;
Мұрынның оразасы – қандай да бір нәрсені рахаттанып, ләззат алып иіскеуден;
Құлақтың оразасы – пайдасы жоқ, бос әңгімелерді естуден;
Қолдың оразасы – өзге біреудің меншігін рұқсатсыз алудан, ұрлаудан;
Аяқтың оразасы – Алланың харам қылған жеріне барудан;
Ал, жүректің оразасы – нәпсінің қалауына құлақ салып еріп кетуден тыйылу болып табылады.
Әр ағзаның оразасын ұстағанда ғана адам шынайы сауапқа кенеледі. Ораза қабыл болсын!
Дайындаған Қ.Отызбаев
Қызылорда қалалық “Мүсірәлі ата” мешітінің бас имамы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!