… «Мемлекеттік тілді тұғырына қондыруға келгенде әлі жалтақпыз» дейсің. Кім жалтақ? Билік жалтақ. Осыны айтып сынаған жөн емес пе? «Қазақ жалтақ» дей салмай. «Мемлекеттік тілді тұғырына қондыруға тиіс» қойшы Қожабай мен дәрігер Сейсенкүл ме?
Қайбір жылы, қателеспесем, 2013 жыл болса керек, «Айқын» газетіне саяси ғылымдар докторы, профессор, сенатор Мұрат Бақтиярұлының ой-пікірі жарияланған. Мен сол кісінің көп уәжімен келісе алмай, қарсы мақала жазып едім. Мақалам Абай.kz сайтында жарияланды. Сосын «Дат» газеті көшіріп басқан.
Мәселен, әлгі мақаласында М.Бақтиярұлы былай дейді: «Францияны француз тілінсіз, Ресейді орыс тілінсіз, өзбектерді өзбек тілінсіз көз алдыңызға елестету мүмкін емес. Ал бізді қазақ тілінсіз елестетпек түгіл, ұлтымыздың тең жартысы өзге тілде сөйлесіп жүргенін күнде көріп жүрміз ғой. Бұған кім кінәлі? Тек өзіміз ғана!».
Күмән тудыратын «тең жартысы» деген сөзге тоқталып әуре болмай-ақ, бірден «кінәліні» анықтайық. Рас, анықтайтын ештеңесі жоқ. Автор тауып та қойыпты, жауабы – «өзіміз ғана». Бұлар кімдер сонда? Қазақтар. Неге ат төбеліндей нигилистер мен мәңгүрттер үшін ана тілін әрдайым ардақтайтын, сол үшін өзгелермен қызылкеңірдек боп айтысатын нағыз қазақ та айыпты болуы керек? Ол үйінде де, көшеде де, мекемеде де қазақша сөйлейді. Олардың басқа білетін тілі де жоқ. Балаларын қазақша оқытады, түнгі үште тұрып қазақша концерт көреді. Үкіметте, парламентте, басқа да билік сатыларында қазақ тілінің қолданылмай отырғанына ондай жерге өмірінде бас сұғып көрмеген, бұдан былай да бас сұғуы неғайбыл сол қарапайым қазақ кінәлі ме? Жоқ. Демек, кінәліні жалпылама емес, анықтап айту керек.
Мен әйтеуір екі кінәліні білемін. Оның бірі – сол ана тілін ұмытқандардың өздері, екіншісі – 35 жылдан бері қазақ тілін 1 миллиард емес, 100 миллион емес, 20-ақ миллион халық түгел білетін тілге айналдыра алмай отырған мемлекет.
Ал мынауыңыз – тағы да сол бәріміз талай жылдан бері басына ит терісін қаптап, өлтіре сынап, жер-жебіріне жете жамандап үйреніп қалған байғұс қазаққа бағытталған жүз мыңыншы, әлде миллионыншы сын-сымақ…
Мақаланы одан әрі оқиық. «Қазақ тілі қазаққа керегі жоқ. Қазір қазақ үшін қасиетті ешнәрсе қалған жоқ сияқты»,– деп жазады М.Бақтиярұлы.
Шынымен солай ма? Осы сөзді қазақша жазып отырған профессорға қазақ тілі керек емес пе? Осы мақаланы жариялап отырған қазақша газетке қазақ тілі керек емес пе? Керек шығар, не Құдай ұрыпты… Сонда кімге «керегі жоқ»?
Тағы да айдалаға атылған жалпылама бытыра-оқты қайырып әкеліп, негізгі нысанасына бағыттауға мәжбүрміз. Қазақ тілі қазаққа емес, қазақ билігіне керек емес. Көрдіңіз бе? Қазақ тілін керек қылмайтындар – басқалар. Бірақ кінәлі – тағы да қазақ.
Осыны тіке айтпайды. Жалпы қазаққа жаба салады. Дүниедегі ең оңай, ең қолайлы жұмыс. Танагөздікі де осыған ұқсас жазба.
«Балтық жағалауындағы жапырақтай Латвияда екі жарым миллион халық тұрады, оның бір миллионы орыс болғанына қарамастан, елдегі бүкіл оқу жүйесі латыш тілінде, барлық ісқағаздар мемлекеттік тілдеріне көшірілген», – деп бізге дәріс оқиды профессор М.Бақтиярұлы. Осы жерде «Олардың бәрін латыш тіліне шошқашы Янис көшіріп пе? Әлде, көшір Маркус па?» деген сұрақ туындайды. Оны жасаған басқа емес, латыш мемлекеті емес пе?
Одан кейін Мұрат Бақтиярұлы: «Әзербайжан мемлекетінде 11 телеканал бар, барлығы да әзербайжан тілінде көрсетіледі. Ресейдің ақпарат құралдары бұл елде шектеулі», – деп ескертеді бізге. Сол 11 телеканалды түгел әзербайжанша сайратып қойған, орыс тілін шектеген – торт сататын томпақ әзербайжан Яшар ма? Наубайшы Назим ба? Әй, оны жасап отырған Әзербайжан билігі ғой!
«Көрші жатқан Өзбекстан, Түркіменстан өздерінің рухани өмірінде таза ұлттық даму жолына түсті. Бодандықтан азаттық алған елдердің басым көпшілігі өзгеге құл болмай, ұлттық құндылықтар негізінде азат өмір сүруге ұмтылуда», – деп кісінің көзіне жас алдырады әлгі М.Бақтиярұлы жерден жеті қоян тапқандай. Негізі дұрыс сөз. Бірақ бір жылап алып, бұл сауалды қарапайым қазаққа емес, билікке қоюымыз керек қой! «Бізде неге оқу жүйесі түгел қазақ тілінде емес, барлық ісқағаздар неге мемлекеттік тілде жүргізілмейді, телеарналарымыз неге түгелдей қазақшаға көшпейді, Ресей ақпарат құралдарына қашан шектеу қойылады?» деп мемлекеттен сұрап, талап етейік те. Қарапайым Жаңабай мен Танабай не шешеді? Олардың қолынан не келеді? «Сен, сорлы қазақ!» деп о байғұстарды неге түтіп жеуге құмармыз? Неге жермен-жексен ете береміз?
Мәселен, Грузияда бір кісі осы сарындас «Грузия тәуелсіздігін сақтап қала алмайды, грузиндер сатқын, грузиндер жаппай ұры, грузиндер анадай-мынадай» деген мазмұнда жазба жазды делік. Соған бүкіл грузин халқы жаппай қол соғып, қошеметтейді деп ойлайсыздар ма? Күмәнім бар. Танымал тұлғаларын айтпай-ақ қояйық, қарапайым кісілерін де былай ысырайық, бергісі Тбилисидің көк базарында көшет сататын көкмұрт Гочаның өзі орнынан атып тұрып: «Рас, кемшіліксіз ел болмас. Иә, жаман адамдар болады. Жалтақ, арсыз билік болады. Соған өмір бойы ұмтылатын ұялмастар болады. Бірақ тұтас халық жаман болмайды ғой. Сіз, біртұтас грузин ұлтына тіл тигізбеңіз!», – дер еді-ау деп ойлаймын. Әлгінде айтқан Өзбекстанда, Әзербайжанда, тіпті Армения мен Украинада да шамамен осындай жауап болатын шығар деген сенімдемін. Өкініштісі, тек Қазақстанда емес.
Жалпы қазақты, қарапайым қазақты, қолында не тізгін, не билік жоқ, нанын әрең тауып жеп отырған қазақты кінәлі қыла салудан оңай тірлік жоқ. Бұл – ақын Танагөз тұрмақ, ауылдағы Танагүлдің де қолынан келеді. Мен Танагөз қарындасымның барлық сөзі дұрыс болмады демеймін. Бірақ қазақтың билігіне, ел тізгінін ұстағансымақтарға, мемлекет басындағыларға айтар сөзін қарапайым қазаққа бағыттай салғаны жөн болмады. Әлеуметтік желіде әр алуан пікірлер содан туындады деп ойлаймын…
Сәкен СЫБАНБАЙ,
журналист, жазушы.
(«Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан)
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!