Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара кемпір

10.02.2025, 9:05 158

HALYQLINE.KZ

Әңгіме

Анам Орынкүл Мусақызының аруағына бағыштаймын.

Құс мамығындай жеп-жеңіл қар қыламықтары жайлап жерге қонып жатыр. Көз жетер маңай күміс түске малыныпты. Ақ шаңқан дала көз алдына анасының кіршіксіз жаулығындай елестеп Арман ауыр күрсінді. Шақтас тұлғалы, ер мінезді апасының бақилық болғанына да біршама жыл толыпты. Өзге жұрт «Қара кемпір», жеңгелері «Төреқыз» атандырған адуын жан өзіне қандай ыстық еді, десеңші. Ол үй толы қызыл қарындарға қоса әулеттің де қорғанышы-панасы екен. Кіндіктен жалқы әкесі шаруаға қырсыз өсіпті. Балалары етек-жеңдерін жиғанша барша тауқыметті анасы көтерді. Ұзынқұлақтан естігендері әкесі серілеу болыпты. Жастықтың буымен көкесінің ынта-ықыласы басқарманың Айгүл атты қызына құлапты. Ұлы Отан соғысына жүрерде сылқым бойжеткеннің назын қимай, әскери комиссариатқа кеш барып қамаққа да жабылыпты.

Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырайтыны рас. Сондайда өткенді бетіне басатын апасына: «Пәтшағар, балалардан ұялсаңшы» деп қызарақтайтын көкесінің жүзі жадында оралған Арман елжірей жымиды.

Беу дүние-ай! Сол сәттер неткен ғажап еді. Қазір ата-анасы да, бауырларының көпшілігі де туған жердің топырағын мәңгілікке жастанып жатыр. Олардың ыстық бейнесі енді сағымға айналған. Өзімен кездескенде кәрі ағаштай бүгілген Айгүл кемпір «жақсыдан қалған тұяқ» деп жанарын сулайды. Мұның да көңілі алай-дүлей босайды.

Арманның нағашылары ауыл-аймаққа аса беделді адамдар болатын. Ел-жұрт кие қонған шаңырақ санайды. Араларынан қара дүкен иеленген ұста, шипагер емші, құралайды көзге атқан мерген де шықты. Сонан да көпшілік олардың жұрағатына ілтипатпен қарайды. Табиғаттың жұмбақ күші деген осы да. Түнемелікте есігі қапсырулы, ішінде адам жоқ ұстаханада дүрсілдеп көрік басылады. Дүңк-дүңк балға соғылады. Мұны естіген балалар айран-асыр қалатын. Тіпті, мөржеден ұшқан қылыш көкке көтеріліп, ғайып болғанын көргендер де кездесіпті. Ұстаханаға қарап түзге отырған жігіт айықпас дертке ұшырады. Маңайдағы қора-жай өртке де шарпылды…

Қара кемпірдің нағашысысы Әміржайдың дүниеге келуі де – тылсым оқиға. Бұған дейінгі он жеті перзентін шешек жалмаған Әміржайдың әке-шешесі қайғыдан қан жұтыпты. Қайран, қазақ әйелдері !. Ақылына ажары сай ғазиз ана қосағына: «Сен ғұмырдан ұрпақсыз өтпе. Сүйек жаңғырт» деп туыстас сіңлісіне қосыпты. Тойын да өзі өткізіпті. Бірақ, шаттықтары ұзаққа созылмапты. Айы-күні жетіп, балпанақтай ұл тапқан тоқалдың кеудесін астамшылық кернепті. Ілік табуға тырысыпты. Бірде кейуанаға отағасы жоқта әлдеқалай желеумен:

– Қақбас. Сенің осы ниетің ғой балаларыңды жалмаған! – деп улы тілін қанжардай қадапты. Аспан теңселіп, қара жер қарс айырылғандай аһ ұрыпты. Шерлі ана тәңірден өзіне тек ажал тілепті. Көзінен қанды жасы сорғалапты. Қалың қорымды бетке алып, шығынып кетіпті.

Құлындарының мәңгілік мекендерін алма-кезек құшқан ана маңайды күңірентіп боздай беріпті, боздай беріпті. Өмірден күдер үзіпті. Суық бейіттің ортасында әбден қалжырап ұйқыға кетіпті. Өңі ме, түсі ме, ғажайып іс көріпті. Жанына аппақ сақалы омырауын жапқан, ақ сәлде-шапанды, аса таяқты шал келіп:

«Е-е-ей, мұндарым! Зарың сай-сүйегімді сырқыратты-ау! Көтер басыңды! Бәрі Алланың құзырында. Ерте үзілген перзенттеріңнің өзіңді жұмақтың төрінен күтіп алатынын білмепсің. Тілегіңді жаратушы қабыл қылды. Қыршын кеткен қызғалдақтарыңның есесіне нарғасқа ұл сыйлады. Есімін Әміржай деп қоярсың. Жалғызың ілім-білімнің жолына түседі. Аузы дуалы, ерекше қасиет қонады. Өсіп-өнеді, рулы елге айналады. Алайда, бәрінің өлшемі бар. Сен ұлыңның қызығын көре алмассың. Тек, өкінбе. Кәне, жай алақаныңды» деп ғайып болыпты.

Орнынан ұшып тұрған ана:

– О, Жаратқан ием! Келістім шартыңа… Ақсарыбас!.. Қуарта көрме төсегімді! Қабылда ниетімді! – деп егіліпті.

Осы мезетте соңынан іздеп келген отағасы жарын құшақтап, өкіріп жіберіпті. Шаңырағын кесірлінің кесапаты тілгілеген ерлі-зайыптылар жаһанды жаңғырта жылап, үйлеріне оралыпты.

Сол аян қаз-қалпында орындалды. Періште-пейілдің наласын арқалаған тоқал ауыр кеселге шалдықты. Есалаң күй кешті. Ақырында қарлы боранда адасып, қасқырға жем болды. Ал, Әміржайдың тура сегіз жасында анасы өмірден озды. Қасиетті бала кейін ғұламалардан дәріс алды. Емшіліктің қыр-сырына қанықты. Әулие ишан атанды. Небір сырқатты құлантаза айықтырды. Мешіт салдырды. Бақиға аттанғанда денесі мешіттің ішіне жерленді. Тектілік текке кетсін бе? Әміржайдың ұлы Шалау әке жолын қуды. Кезінде Қара кемпірден естіген мына оқиға Арманға ерекше әсер еткен еді.

Орынның (Қаракемпірдің азан шақырып қойған аты) келіншек болып түскен шағы. От жағу қамында жүрген жас келін күтпеген жерден шалқасынан құлады. Үй ішіндегілер дүрліге жүгірісіп жанына келді. Тіл-аузы байланып қалыпты. Құр сүлдесі жатыр. Дәрігерге көрсетті, ем болмады. Бақсыға қақтырды, шипасы тимеді. Ауруы асқына берді. Жақын-жуық күдерін үзе бастады. Арада бірнеше күн өтті. Мамыражай мамырдың таңы құланиектеніп келеді. Жылқының кісінеген дауысы шықты да іле-шала Шалау (Әміржайдың ұлы) аулаға енді. Астындағы ақбоз аты терге малшынған. Өзінің де өң-түсі жоқ. Жайшылықта да суық жүзі қазір тіпті сұсты. Жанары шоқтай жанып, аруақтанып кетіпті. Нағашысы мұның сырқатқа шалдыққанын сол мезетінде біліпті. Қияндағы теңіз қолтығында тұратын әрі ешқандай хабар жіберілмеген Шалаудың көріпкелдігіне жамағат тәнті қалды. Өзі «Үш күннен бері мазам кетті. Бүгін әкем түсіме енді. Жол нұсқады. Мұсылман перінің салқыны тиіпті. Оқып қайтаруға тырысамын» десе керек. Кідірмей емге кірісіпті. Күн-түн көз ілмепті. Тура бір аптадан соң Орын бастапқы қалпына түсіпті. Міне, керемет.

Құм ішіндегі өзі туып-өскен шағын ауыл Арманға соншалықты қымбат. Толқыны көкке шапшыған Ащыкөл, масатыдай құлпырған Қарадөң бұған жер жаннатындай көрінеді. Өткен-кеткенді, көне көздерден естіген-білгендерін перзенттеріне әңгімелеуден ешқашан жалықпайды.

«Япырм-ау» деп толғанады оңашада. «Бұл жерде қаншама соны дерек, құпия тарих жатыр десеңші. Әрбір бұтасы, сай-саласы шежіреге толы. Мұнан бір жарым ғасыр бұрын осы нұрада Жанқожа батыр бастаған сарбаздар мен патша жазалаушыларының арасында қиян-кескі шайқас өткенін кез келген адам біле бермейді. Ғажабы, сол қанды-қасаптың бел ортасында өзі жүргендей, ұрысқа тікелей қатысқандай елестейді. Міне, қазір де атақты «Арықбалық шайқасы» Арманның санасынан жылжып өтіп жатты…

Мұздай құрсанған жазалаушы отряд жыланша ирелеңдеп Күркіреуіктің сағасына ілікті. Атырап дүр сілкінді. Іле-шала дуылға-сауыттары күнге шағылысқан сарбаздар да дөңге көтерілді. Өңшең жүрек жұтқан ерлер қара бұлтша түнеріп тұр. Әйгілі қолбасшы, сұсты жүзді, отты жанарлы Жанқожа батыр соңындағы жасаққа оқыс бұрылды. Тұнық ауаны батырдың дала қыранындай саңқ еткен дауысы тіліп өтті.

– Уа, халқым! Ар жолында басымызды бәйгеге тіктік. Бұл – ата салтымыз. Дұшпанның қазақтарды қорлағаны, боздақтарымызды тірілей пешке жаққаны сүйегімізге таңба салды. Озбырлық кек алуға итермеледі. Масқара қылық кеудесінде жалыны бар азаматты атқа қондырды. Жауымыз осал емес. Балқыған қорғасынды мылтық, ажал себер отатарлармен қаруланған. «Ерді намыс өлтіреді». Туыс-бауыр, қасиетті қоныс бізге үміт артуда. Күңіренген ел араша күтуде. Қорлықпен өмір сүргенше шайқаста көз жұмған артық! Өлсек шейітпіз. Алайда іздеусіз қалмаймыз. Біздің жоқтаушымыз халық. Ұрпақтарымыз бізді ұмытпас! Уа, сарбаздарым! Намысты қолдан бермеуге, жаудың туын жығуға әзірсіңдер ме? – деген әз Жәкемнің сөзін:

– Әзірміз, батыр аға!

– Өлерміз, намысты бермеспіз!

– Баста бізді, батырым! – деген бес мың сарбаздың кекті үні іліп әкетті.

Осы мезетте жазалаушылардың атты әскері «Уралап» шабуылға шықты. Жендеттер қырқаға көтерілгенде сұңқардай самғаған Жанқожа батырдың соңынан:

– Жанқожа! Жанқожа!

– Бақтыбай! Бақтыбай!

– Аруақ, Аруақ! – деп ұрандаған сарбаздар қарсы шапты.

Мұндай көзсіз ерлікті күтпеген жазалаушылар абыржып қалған-ды. Әні-міне дегенше қарсыластар бетпе-бет айқасуға көшті. «Көк ешкі» аталатын тұлпарымен құстай ұшқан батырға әлденеше солдат қабаттаса ұмтылды. Кірпік қаққанша алғашқы жеткенді допша домалатқан Жанқожа батырға есаул Егоров долдана, дүрсе қоя берді. Көз ілеспес шапшаңдықпен оның семсерін қағып тастаған батыр жауының қауғадай басын шіріген ағаштай қырқып түсірді. Қарсы келгенді ажал құштырған қарт сардардың айбынынан, сарбаздарының жанкештілігінен қаймыққан жазалаушылар бұрылып, дүрліге қашты. Амал-айласын өзгерткен патша отряды зеңбірек, винтовкамен алыстан атқылауға кірісті. Опасыз жалған! Жалаң қылыш, сойыл-шоқпармен бес қаруын асынған әскерді тоқтату тасқын-селді күрекпен бөгегендей екені анық. Десе де ерлік іс өшкен жоқ. Аңыз болып тарады. Сол күні әз Жәкем айтқан сөз шындыққа айналды. Арада ғасыр, жылжып жылдар өтті. Бабаның кіндік қаны тамған Арықбалық «Жанқожа батыр» ауылы атанды. Ұрпақтары ұлан-асыр ас берді. Әсем кесене орнатты.

Сарыөзектің жылғасында қара кемпірдің бөлесі атақты Ерден балуанның қыстауының ізі жатыр. Балуанның жігіттері төңкеріс тұсында бейбіт елге қылыш үйірген ақтың әскерлерінің көзін жойды. Момынға тізе батырғандарды тезге салды. Алып денелі азамат басынан сөз асырмады. Тойда кедейлігін мін қылған Аңсат саудагерді сабап, Қазалының түрмесіне де жатып шықты. Намысты азамат ешқашан біреудің қолшоқпарына айналмады. Соған орай дұшпандары да көп болды. Кеңес өкіметі кезінде «халық жауы» деген жаламен атылып кетті.

«Тентек шоқпар жинайды». Арманның қолында Ерденнен қалған мылтық болған еді. Жеп-жеңіл, ұңғысы ұзын, оқпаны көлемді, қайырма шүріппелі өзгеше қаруды білетіндер атты әскердің карабині десті. Сол мылтық аяқ астынан ізім-қайым жоғалды. Қара кемпір елсіз жерге көміп, жасырып тастапты. Анасына бұл ләм-мим деп жақ ашпады. Алайда, құнды жәдігерді мұражайға тапсырмағанына қатты өкінді. «Әкеден бала ширек кем туады». Ерденнің ұлы Ерген ынжық, жалтақ өсті. Қаракемпірдің «жасық неме» деп көңілі толмайтын. Бірде Ерген қызметтестерін қонаққа шақырды. Думан басталды. Ішкіліктің буымен шиқандай бөрткен ферма меңгерушісі: «Әй, дұшпанның төлі. Былжырамай, әкел беретін шишаңды! Өй әкеңнің!..» дегені. Солбырайып, ерсілеу ыржиып сандыққа ұмтылған Ергенді Қара кемпір шапалақпен жағына тартып-тартып жіберді. Меңгерушіні жер қыла сөгіп, қуып шықты. Алайда, көппен араласып жүрген азамат қой. Мастығы тарқаған ферма меңгерушісі құлқынсәріден келіп апасының аяғына жығылды. Қара кемпір өмірден озғанда «Алтын текті анашым. Менің ағаттығымды енді кім айтады?» деп егіліп, жұртты тегіс жылатты.

«Жүкті нарға артам» деген екен Жаратушы. Тағдыры қара кемпірге аса қатал қарады. Ата-анасынан жастай қалған қос бауырын қаншама қиындықпен жеткізген еді. Тағы да өмір сынағы… Бұл жолы ажал тырнағына сәмбі талдай солқылдаған перзенттері ілікті. Өрендерінің қайғысы өзегін өртеді. Арманның жанарынан жас тамшылады. Марқұм анасы: «Түсімде орман ішінде адасып кетіппін. Қарағайлар тұс-тұстан сатырлап, сынып жатыр. Қияннан сәуле көрінді. Жанекпін жарыққа ұмтылдым. Өліп-талып алаңға жеттім. Алақаныма қыса ұстаған көп шыбықтан бірнеше түйір ғана қалыпты» деп қынжылатын. Түстің жоруын енді ұғынды. Қазір қара кемпірден тараған он бір баладан үшеуі ғана жер басып жүр…

Ауылға барғанда әке-анасы, бауырларының бейітіне соғып, құран бағыштатады. Толқи тұрып «аруағыңнан айналайын, асылдарым менің!» дегенді іштей қайталайды.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: