Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая-детектив)

27.02.2020, 11:57 739

6.  ТАЙТАЛАС

Бұлар машинадан түсер-түспестен үйден жүгіре шыққан екі бала анадай жерге кеп тоқтады­, киімдері тым жұпыны, көзінен үміт ұшқыны мен қорқыныш қатар көрінеді, әбден жасқаншақ болып қал­ғандары байқалады, еркін сөйлесуге келер емес. Орынбектің ойына Нұрланның манағы әңгімесі түсті. «Апыр-ай, бұл ауылда бұларға қарайласатын бір мұсылман баласы­  болмағаны  ма?».

– Әу, батырлар, ассалау… қайда?  Бұл күле сөйледі. Сол кезде ғана әлгілер үрке таяп, сәлемдесе­  бастады.

– Әссалаумалайкүм! Бұл – үлкендеуінің дауысы­. Ал, кішісінің дауысы тым нәзік, үзілгелі тұр, әлде, ауырып жүр ме екен?!

– Сәләу…мә…ликім!

– Ау, мамаларың қайда, жігіттер?

– Үйде. Келе жатқандарыңды терезеден көріп  отыр…

Естияр болса мұны айтпас еді-ау, «Балалы үйдің ұрлығы жатпас» деген осы да. Екі жігіт бір-біріне қарады, ал балалар болса Нұрланның қолындағы бейнекамерадан көз алар емес, оларға­  одан  өзге  қызық  жоқ  қазір.

Марқұмның әйелі бұларды ортаңғы бөлмеде күтіп отыр екен, төрге салынған көнелеу құрақ көр­пеге тізе бүгісімен Орынбек қазақ салтыме­н көңіл айтты, өздерінің теледидар қызмет­керлері екенін, отағасының қазасына қатысты журналистік зерттеу жасап жүрген­дерінен  хабардар  етті.

– Уу-аһ… Не дейін… Ордекең кісі қолынан кетті  ғой, қарағым. Ауданнан бастап прези­дентке дейін арызданып жүрмін, бұл бір қағынған заман болды ғой, кейбіреулер тіпті мазақ қылуға айналды. «Өлер адам өлді, алты жыл өтті, енді қоймайсың ба, босқа шаршап…» – деп ақылгөйситіндер де бар… Беу, сорлы­ Ордекең-ай… Іздеушісінің сиқы мен ғой… қайтейін… қолдан келгенше тырысып-ақ жатырмын… А, қу құдай… не пиғылымыздан таптық екен. Адам баласына қиянатымыз жоқ еді… Атаңа нәлет қанішерлердің талтаңдап жүргендері анау… Есіме түссе, ішіме у толып кетеді. Үкіметтің шамасы келмегесін, ең болмаса ел білсін деген оймен мілитсадағы Қазыбекке айтып­ едім: телевизорға шығарайық – деп. Орындаған екен. Азамат қой… Уу-аһ… Ә, сен баланы­ танып отырмын. Былтыр Қазыбектің қасында  жүрген  шопыр  бала  емессің  бе?

– Иә.

– Уу-аһ… Ағаларың  барда талай-талай мық­тылардың  дәм  татқан  шаңырағы еді бұл. Қазір­гі күй осы… Уу-аһ… шай қояйын… Оған шейін мына қағаздарды қарай беріңдер, керегін сүгіретке түсіріп алыңдар, барлығы 557 бет, мілитса Қазыбектің ақылымен нөмірлеп қойдым… Сендерге сенем ғой… Сонда да айтып жатқаным… Жымқыра алмайды ешкім, жым­қыртпаймын. Қорқытады мені ағылгөйлер: «Өлтіріп  кетсе  қайтесің»  – деп, тап бар ғой ішін с…, өлтірсе – Ордекеңнен жаным артық емес, тек балалар жас боп дымымды құртып тұр, әйтпесе бар ғой, екі қолым қанішерлердің жағасы­нда кетер еді. Енді тек тайталасып өтем, ізінен қалмаймын… Тірі тұрсам бір ұшын шығарам­ын мұның… Дәкіменттердің тағы бір данасын­  басқа үйге тығып отырмын, қазір сенім  жоқ  қой… Уу-аһ!…

Орынбек қағаздарды қарауға кірісті, кейбірін камера­ға да түсіріп алуда. Сәлден соң ол жүйесіздеу жазылған, түсініктен гөрі баянхатқа келетін оқушы дәптерінің екі парағын қолына  алды.

– Ореке, бұл өзіңе айтқан Кенжебаевтың жаз­басы  ғой.

– Кенжебаевты содан кейін қозғаған жоқсыңдар ма?

– Жоқ. Оны қайтеміз. Сағадаттың өзі кісі өлтір­генін мойындап тұрғасын біз оны онша қажет  қыла  қоймадық.

– Осыны толық түсіріп алайықшы. Мына тұста Сағадат «Ордекеңнің қалтасынан шыққан бобыраған ақшаны Тұрғанбай алды деп айтты» деп жазылыпты. Ол  не  қылған  ақша?

– Онысын білмедім. Біз бұған назар да аудар­маппыз. Сағадат мойындап отырғасын, керегі бола қоймас­, – деп ойлағанбыз ғой.

– Ақша… Бобыраған ақша? Бұл не қылған ақша? Мал бағып жүрген адамның қалтасында мұнша ақша қайдан жүр? Бұл, тіпті, қисынсыздау емес пе, ол марқұм­ға  қайдан  келген,  неге  қалтасында  жүр? Осы жерде бір гәп болып тұр-ау. Бұл мәселені басқа жаққа бұратын  сияқты ғой өзі. Мұны тексеру  керек…­  Нұрлан, мынаны­  анықтамаса болмайды.

Тергеушінің санасында түрлі сұрақтар тайталасы басталды, ішкі дүние, ой қақ жарылған, бірі – мынауың дұрыс десе, екінші қарсы шығады.­ «Апырмай… Нағыз қиын түйінге кезік­песем болар еді… Ол тұс қиын кез емес пе еді, өзіміз де көрдік қой, тіпті екі-үш айлап айлық ала алмай жүрген кез емес пе ол. Иә… оқиға көктемде болып тұр… Теңге қарашаның он бесінде ғана шықты. Біздің ауылдағылар да теңге шыққанға дейін ақша көрмеп еді ғой… Бәлкім, бәленің  басы – сол ақшада жатқан жоқ па  екен?».

Оның ойын ыдыс-аяқ дыбысы бұзды. Осы үймен ұзақ жылдардан тағдырлас екенін анық байқататын көне дастарқан жайылды, сортын анықтау мүмкін емес ақшыл шай құйылды. Орынбектің назары таба нанға  ауды. Жүгері ұнынан пісірілсе керек, таба нан тілімдене жарылып­ піскен екен, пышақпен турау да күшке түсетін түрі бар. «Е… Құдай аясын… Қайтеді­ енді… Ықыласына рақмет!.. Не дегенмен ерлігі бар әйел  екен…».

– Қарақтарым… Жайымыз осы… Бұрын талай­ мықтыларды күткенбіз, қазір «Бәлду-бәлду  бәрі  өтірік»  болып  тұр. Қайтеміз, көңілге алмаңдар.

– Ой… не дегеніңіз, біздер оның адамы емеспіз. Ықыласыңызға не жетеді, Алла разы болсын!

Нұрлан жөпелдемете сөйледі де: «Жеңгей, мына тілші жігітке бар білетініңізді, естіген-сезгеніңізд­і  баяндап  берсеңіз  дұрыс  болар  еді», – деп қолқа салды.­

– Елдің бәрі Сағадаттан болды дейді… Қайдан білейін, көзім анық жетпегенмен, ішім «сол» – дейді, содан күдіктенем… Бірде, сол Ордеке­ң жазым болатын шамада Сағадат пен Тұрғанбай:  «Ордекең  насы­бай  сұратып жатыр», – деп ақ пен қызылдың арасында үйге келіп тұр. «Ау, кеше ғана бір дорба насы­бай­ алып  кетіп  еді ғой, бұрын ылғи  да  бір  дорбасы­ бір  аптаға  жететін еді», – дедім. Сағадат  ананы­-мынаны­ айтып отырды, неге кел­генд­ерін ит білсін. Олар кетерде Тұр­ғанбай сәл  кідіріп, Сағадаттың  көзін ала  бере:  «Ордекең мен Сағадат ілінісіп  қал­ды», – деді. Осы кезде әлгінің сөзін естімесе де Сағадат түсі бұзыла, Тұр­ғанбайды ала көзімен ата, жеңінен сүй­рей, «жүр-жүрдің» астына алып, шығып кетті. Әй, негізі солар со күні Ордекең­ді  жазым  қылып  келіп тұр ғой деген ой  келеді  қазір… Қайтейін…  Уһ… Ішім  жанып  кетеді…­

Орынбек әлі де манағы ой жетегінде отыр еді, әңгіме арасында сол ойдағы күдіктер тайта­ла­сын  тексеріп  өтуді  жөн  көрді.

– 1993-94 жылдар өте қиын болды ғой елге. Біз де шет жағасын көрдік. Сабан ақша десек те, сол кезде тіпті қолына ақша ұстамағандар да болды  ғой.

– Уу-аһ… Болды ғой… Біз де ол кезде ақша көрмедік, елдің айлығына колхоз өлейін деп тұрған тоқты-торымын беріп құтылатын еді ғой. Бастықтар ақша болатын тана, қашар, өгіздерді алатын, оны Ордекең айтатын. Бақташы бол­ғасын біледі ғой. Кейде сол білгені бәле болды ма деп те ойлаймын. Әйтеуір, бірде Жаңақор­ғаннан қызулау келді, жаман домбыраны біраз тыңқылдатып, ән салған болды. Түріне қарасам, алабұртып тұр екен. «Ау, папасы, не болған саған­, ән салуды ұмытқаныңа ықылым заман өтіп  еді. Бүгін біртүрлі болып отырсың ғой өзің», – деген едім, қабағы түйіле түсті. Сосын маған қарап: «Саспа Томпақ! Біздің де дүріл­дейтін кезіміз таяп қалды», – деді… Аһ!.. Уһ!.. Есіме түссе ішім… қайнап кетеді… Алла-ау, ағаларың «Томпақ» деп тек бір рабайд­а, қатты көңілденген кезде ғана айтатын, баяғы қыз-жігіт  болып танысып жүргенде қойған аты ғой… Өзі қызық еді, марқұм… Жұрт ашуланса – қабағы түйіліп, қуанса – күлетін болса, ағаларыңда бұл керісінше болатын. Бастапқыда мен де түсінбей жүрдім ғой… Ол ашуланса – тісі ақсиып, күле бастайтын. Мұнысы бір қызық болатын­… Талайлардың ол күліп отыр екен деп бейқам қалып, артынан  опынға­ндары болды ғой… Өте  қарулы, ешкімге  есесін  жібермей­тін… Жер  айтып  бармасын, кек­шілдеу  де  болаты­н… Уу-аһ… Уһ…

– Елде  ақша  болған  жоқ  дейсіз  ғой  ол  кезде?­

– Е, шырағым! Сол ақша дегенің бізде әлі де жоқ. Осы ауыл да, мына көрші колхоз да ақшаның мөрін тоқсан сегізден кейін ғана көрді. Кез келген қазақтан сұрасаң – осыны айтары анық. Ал, Ордекең кеткен­ кезде… Аһ!.. Уһ!.. Ақша түгіл зымырық та жоқ. Біз сәбет үкіметі құлап қалғасын-ақ ақша дегенді ұмытқамыз ғой… Ана бір жалтыраған басында қанды қалы бар сайқал келді де көпіріп-көпіріп, құлатып тынды тым жақсы үкіметті. Өзі де құдайдан табар-ау… Ол үкімет тұрғанда бар ғой қағар едім қазықты арттарынан…  Қанішерлердің…  Әттең…  Уһ!..

Мұның  барлығын  бейнекамераға  түсіріп  отыр­ған Орынбек енді көңіл жұбатары аз дастарқан бетін, іліп алары жоқ үйдің ішін, марқұмның әйелін, балаларын бөлек түсіре бастады. Балалардың дөңгелене қалған көзінде үрей байқалғанмен, қызығушылық  басым түсіп, мұның қолындағы құрылғыға әуестене­ қарайды. Балалар санасында үрей мен үміт, әрекет­те­рінде жасқаншақтық пен әуестік тайталасы жүріп жатқан сияқты, ал бұл кезде тергеуші ойы да қым-қуыт сұрақтарға жауап іздеуде болатын. «Иә… Елде ақша жоқ кезде далада мал бағып жүрген мар­құмның қалтасындағы бобыраған ақша қайдан келген?­ Сағадатт­ар марқұмның үйіне не мақсатпен келді екен? Марқұм әйеліне «Біздің де дүрілдейтін кезіміз жақын» деп неге айтты екен, бұл нені меңзей­ді? Бұл жерде біз білмейтін бір сыр жатқан сияқты ғой. Неге сол кезде бұл іс қысқаруға кетті екен?».

Оның ойын әйел даусы бұзды.

– Жорналис бала, мен мынаған сөйлесем қайтеді? Заңнан қайран жоқ, үкіметтен қайран жоқ, енді бәрін халыққа айтайын да. Артығы болса қиып тастар­сыңдар. Әйтеуір, сендерге кесіріміз тиіп кетпесін…

– Мейліңіз. Ал, сөйлей беріңіз.

– Мен Шынар Ермағанбетқызымын, күйеуім кісі қолынан қаза тапты. Жеті балам бар, үкімет «Алтын алқадан» бастап біраз сылдырмақтар берген, бірақ олардың соқыр тиын құны болмай тұр. Ауданнан бастап президентке дейін арыздандым, бірақ, күйеуім­нің өліміне қатыстылар жазаланбай отыр. Уһ… Бармаған бастығым, қақпаған есігім қалған жоқ… Құмалақшыға да бардым, Түркістандағы көріпкелге де бардым… Қайтейін… Басы ауырған адам не істемейді… Бірақ, құмалақшы да, көріпкел де  бірінің  аузына бірі түкіріп қойғандай: «Күйеуің кісі қолынан  өлді. Бұған көп адамдардың қатысы бар, ішінде погондылар да бар, бәрін басқарып отырған­ үлкен  бір  бастық бар, соның айтқанымен болды бәрі. Бірақ, оған сенің қолың жетпейді. Қолы қандылар қастарыңда жүр», – дейді. Ел ішінде сөз жата ма, біреу­лерді атайды. Иә, күдіктенетін адамдарымыз да бар. Біз күдіктеніп отырған адам бұрыннан таныс, аралас-құралас боп жүрген жігіт, нәйіті ол біреулер­дің қолшоқпары болып, сорлап отыр ғой. Әйтпесе, бізде «алты аласы, бес бересісі» жоқ, күйеуімді аға тұтып  жүрген  жан еді. Міне,  халқым,  менің  жайым­ – осы. Талай жылғы арызымнан ештеңе шықпағасын өздеріңе шағынып отырмын. Қанішерлердің мойнына біреудің қанын жүктеп, қаннен-қаперсіз жүргені күйдіреді. Жылап отырған мен – мынау, шулап отырған жеті бала – анау. Біздің көз жасымызды көретін жан бар ма екен? Уһ-һ-һ!

Осы кезде ол егіле жылап жіберді, оған балалар қосылды. Жан түршіктірер, денені тітіркендірер сәт орнап, бөлме ішін қайғы мен ыза тайталасынан туған,­ әсте тілмен жеткізілмес дауыс кернеп кетті. Бір уақ басылып, бір уақ қайта көтерілген жылаудан қайғыме­н көмкерілген мұң, ыза, нала, күйініш, торығу­, жоқтау сарындары қатар еседі.

Қаралы жанды тоқтау айтып, әзер басқан екі жігіт Жаңақорғанды бетке алып жолға шықты, бірақ сол азан-қазан болған үн құлақтарынан кетер емес.

Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер­ тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, бұлар күре жолға түскенде жерді тітірете, бұлт қабаттарын тілгілей сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етіп, аспанды қақырата найзағай ойнады.

(Басы  өткен  сандарда.  Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: