Алдажар ӘБІЛОВ
5. ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ӘҢГІМЕ
Сырқылдақ «Москвич», бұрынғы бір оқиғадан алған соққыдан болар, бір бүйіріне қарай қисая тартып келеді. Машина тізгінін ұстаған Нұрлан көзіне түсіре киген ақжемденген кепкасын шешіп, үстіне киген көнетоз күртенің жағасын түсірді.
– Нұреке, милицияға келмегеніңде сенен жақсы әртіс шығады екен-ау.
– Ореке, қайбір әртістік дейсің… Осылай киінуге тура келді. «Аналар» менің осында жүргенімді нақты білмегенмен, сезетін сияқты көрінді. Осындағы ағайдың үйіне телефон шалып, менің қайда екенімді сұрапты. Ағам мұның сырын қайдан білсін: «Жаңақорғанға келгесін үйге келмейсің бе, кілки сырттайсың да жүресің»,- деп кейіп берсін. Мен: «Аға, мен Ақмешіттемін, сіздер жаққа бара алмай жатырмын. Жұмыс көп», – деп әзер бастым. Содан, әлгі ой маза бермеді де, осы киімдерді жігіттерге тапқызып алдым, түлкі «Қырық мың айлам бар, бірақ ең дұрысы көрінбеген»,- депті ғой.
– Ал, енді оқиғаны дұрыстап айтшы… «Нұржолға» дейін жарты сағаттан аса уақыт бар ғой.
– Мен Шымкенттегі милиция мектебінде оқып жүрген кезімде Жаңақорған ауданында осындай оқиға болыпты дегенді естіген едім, бірақ кейін осы істің маған кез боларын кім білген. Оқиғаның жалпы нобайын мана айттым ғой. Сонымен осы іс бойынша Жаңақорғанға келдім, менімен бірге Асқар Сейітов келді, Ертаевқа жолығып, ақылдастық, істі олар ашық, мен құпия жүргізетін болып келістік. Ордабектің үйіне баратын болдық, мен штатски киіндім, негізгі әңгіме жүргізетін Ертаев болды, оған «Менің кім екенімді айтпа, зәуқайым, өте қажет болып жатқан жағдайда шопыр ғой дерсің» – деп ескертіп қойдым. Үшеуіміз Қазыбек Ертаевтың машинасымен марқұмның үйіне келдік, біз машинадан түсіп, үйге беттеймін дегенше, үш-төрт жас бала далаға жүгіре шыққан еді. Әлгі балалардың үстін көріп, жүрегім ауырып кетті, әйтеуір киім деген аты ғана. Бізді жеңгей күдікпен қарсы алды, Ертаев өзі мен бізді таныстырып жатыр, сөйтсек, ол кісі бұл жігітті білетін болып шықты.
– Уу-аһ… Не дейін… Ордекең кісі қолынан кетті ғой. Мен қалдым аңырап, жеті бала қалды жамырап, үй қалды қаңырап… Есіме түссе ішіме у толып кетеді. Ең болмаса құныкерлердің жазаланбағанын айтсайшы, жаныма батып жүргені осы ғой, сонда адамның мал құрлы құны болмағаны ма? Дүмділер дегенін істеп жүре бере ме? Заң қайда? Құдай қайда? Уу-аһ…
– Жеңгей, түсінеміз ғой, бәрін. Біз сол сіздің арызыңыз бойынша жүрміз, – деді Ертаев.
– Аһ… уһ… Оны өзім де сезіп отырмын. Қазыбекжан, сені дұрыс жігіт, қолы таза деп естуші едім. Алла жар болғай та… Аһ… уһ… Одан басқа мен сенер кім қалды?!
Осыны айтты да ол маған күдіктене қарады, әбден запы болып қалғаны көрініп тұр. – Мына бала кім? Түрі таныс сияқты, бірақ жыға тани алмай отырмын…
Мен Ертаевты түрттім, ол да түсінді. – Жеңеше, бұл бала басқа жақтікі, шопыр ғой, осының машинасын мініп жүр едік. Ал мына жігіт бізге қызметке жаңа тұрып жатқан молодой сотрудник, былық-шылықтан таза, сосын бізге көмекші болып жүр.
– Ә… Айтпақшы, мен сендерге папканы әкелейін… уһ…
Ол жылдамдата төргі бөлмеге өтті де, көп кідірмей бір папканы қолтығына қыса қайта оралды.
Ертаев папкадағыларды қарай бастады, мен жеңгейге байқатпай Ертаевтың қасына қисая жатқан болып қағаздарға көз салам: Аудандық прокурор мен РОВД бастығына, Облпрокурор мен УВД бастығына, генпрокурорға, премьер-министрге, президентке жазған арыздардың көшірмесі, кейбір азаматтардың оқиғаға қатысты ой-пікірлері, түсініктерінің көшірмесі, түрлі инстанциялардың жауабы. Осылардың арасында Кенжебаев дегеннің жазбасы жүр екен. Мен Ертаевқа белгі бердім, ол түсінді де, әлгі қағаз туралы сұрай бастады.
– Жеңгей, мына бір қағаз түсініксіздеу екен?
– Уһ… Е… Құдай аямаған бізді кім аясын?! Ордекең туралы не естісем, соны жаздырып алып жүрмін… бір керегі болар деп. Бұл мына көрші ауылдағы Айманның мұнайда істейтін баласының жазғаны ғой. Дірілдеп, қорқып отырып жазды, сорлының мен де жанын қоймадым «сотқа берем» деп. Бірде, осыдан екі-үш жылдай бұрын сол ауылдағы құдайыға барсам, әлгі бала қатты қызғын екен, көшеде кездесіп қалды да: «Ордекеңді Сағадат өлтіріпті, Алмат қожадан естідім, оған өзі айтыпты», – деп қарап тұр. Бұдан соң мен ізінен қалам ба, адамдардың опасыздығынан талай ауыз күйген ғой, сол жерде не естігенін табандатып отырып өзіне жаздырып алдым. Бұл сол қағаз ғой… Елдің бәрі Сағадаттан болды дейді… Қайдан білейін, көзім анық жетпей отыр ғой, жетсе қолым соның жағасында кетер еді… Бірақ, ішім сол дейді, мен де содан күдіктенем… Оның үстіне Ордекең насыбай сұратып жатыр деп Сағадат пен Тұрғанбай келіп тұр бір күні. Ау, кеше ғана біраз насыбай алып кетті ғой, бұрын осындай ғып көп алса бір аптаға жететін еді ғой – дедім. Олар кетерде Тұрғанбай сәл кідіріп, Сағадаттың көзін ала бере: «Ордекең мен Сағадат ілінісіп қалды», – дегенді айтып үлгірді, анау Тұрғанбайды ала көзімен ата, «Жүр-жүрдің» астына алып, шығып кетті. Әй, негізі солар со күні Ордекеңді жазым қылып келіп тұр ғой маған – деген ой келеді қазір… Қайтейін… «Балалар қамы» деп малдың соңында үш-төрт күндеп кететін еді ғой… Уһ… Ішім жанып кетеді…
Осыдан соң біз жеңгейге жан-жаққа құлақ түре жүруді тағы да ескерттік те, Жаңақорғанға қайттық. Сейітов: «Кенжебаев дегенді тауып алып, сөйлесейік», – деген ұсыныс жасағанмен, менің жұртты дүрліктіргім келмеді. «Жігіттер, оған да, Тұрғанбайға да кейін келейік, біз алдымен Алмат қожа дегенді тауып алалық. Әңгіме содан шығып тұр ғой. Оның үстіне Алматпен сөйлесуге Кенжебаевтың жазбасы бізге құқық бермей ме?! Әрине, береді. Жаңақорған өңірінде қожа көп болғанмен, Алмат аттылары көп емес шығар, оның үстіне жас шамасы Кәрішаловпен қатарлас болса 26-28 шамасында болуы керек», – дедім. Үшеуіміз осыған бәтуа қылдық, сөйттік те үш бағытта іздестіре бастадық. Ізін шығарып, кім екенін анықтауға бір-екі күн кеткенмен, ол жігітпен кездесу ұзаққа созылып кетті, біресе вахтаға кетіп қалады, біресе жолаушылап Алматыда жүреді. Қанша асықсақ та бізге істі дабыра қылмау үшін күтуге тура келді. Алматпен қабат Кабир Кенжебаев пен Тұрғанбай Разақов туралы да мәліметтер жиналды. Ел ішінде айтылып жүрген «Сол оқиғаны Мәтеновтің қой бағып жүрген балалары көріпті», – деген әңгімеге қатысты да жұмыстар жүргізілді. Бір айдай уақыт өткен шамада Сыздықовпен тілдесудің сәті түсті. Оны кезекті вахтадан келгесін Кенжебаев екеуін Алтын сарай жақта «жүз грамдатып» отырған жерінен таптық. Мен оған көрінбегенім дұрыс деп шештім де, Қазыбек пен Асқар Алмат қожаны машинасына мінгізіп алды, менің машинама Кенжебаев мінді. Содан көпірге қарай келе жатырмыз. Кенжебаевтың тізесі дірілдеп отыр.
– Немене, тоңып отырсың ба?
Ол селк ете қалды, арақ ішті дейтін емес, тіпті. Маған тесіле қарады.
– Сен де милициясың ба?
– Жоқ… Түркістандікімін. Кеше клиенттер әкелген едім, мына жігіттер көмек сұраған еді. Сосын жүрмін, маған бәрібір емес пе, пұлын төлесе болды…
Ол тағы да үнсіз қалды. Көпірден бұрылып тоқтадық. Олар алда, мен артта, алдыңғы машинада үлкен тайталас жүріп жатқанын сезіп отырмын. Оның үстіне Қазыбектің анаған шынын айтқызатынына сенімім зор. Алдында үшеуіміз әңгіменің Кенжебаевтан шыққанын Алматқа айтпаймыз, бұл факт кейін керек болар, әуелі «жұрттан есіттік» делік, Ордабектің үйінің қасіретін, халін айталық, иманы болса шынын айтар, – деп келіскенбіз. Мынаны әңгімеге тарту үшін оны-мұны айтып отырдым, онда тіл жоқ. Сол сәт «Егер Алмат Сағадатқа біздің әңгімеміз туралы бүгін жеткізсе, ол қашып кетуге талап қылмай ма?» – деген күдікті қылаң берді. Санамда жаңа бір жоспар туа бастады. Содан соң мынаны да пайдаланып көрейін, мүмкін қармақ қауып қалар, – деген ой келді.
– Ақшаң көп жігіт сияқтысың. Қыдырмайсың ба… Мен мыналардан босасам, ертең Түркістанға қайтамын. Бізде бәрі арзан ғой… Барып бір шалқылық… Маған пұлын төлесең болды, зыр еткізем… Әйтпесе, қашан төрт клиент тапқанша сарылып тұрамын ғой… Бұ жақта ешкімді танымаймын… Кеше мыналар жібермей, машинаға қондым… Шеше…
Ол маған тесіле қарады да, саусақтарын шошаңдатты, сірә, түрмеден оралғандардан үйренгені болар, мен түсінбедім.
– Бұлар солай… Қолына бір ілікпе… Іліктің бітті – өлді айрылмайды, сорпылдатып сорады да отырады, сорады да отырады. Көнсең – бар жиған-тергеніңді осыларға бересің, көнбесең – сотталып кетесің. Сорлы Алмат сорлайтын болды-ау енді.
– Алматың кім?
– Ана машинадағы, мыналар мінгізіп алған жігітті айтам.
– Қараптан-қарап сорлап не бопты?
Мынау тағы үнсіз қалды. Бір кезде алдыңғы машинадан түскен Асқар бізге қарай жүрді. Мынаның түрі қашып кетті. Ол анаған байқатпай көзін қысты, мен Алматтың шындықты айтқанын түсіндім. Асқар да тәжірибелі опер ғой, бір жайтты ойланып қалды-ау деймін, сәл тұрды да бізге таяп:
– Машинадан түсіңдер, мында келіңдер, – деді. Ішімнен бұл неге керек болды екен деп қоямын. Ана машинадағылар да түсті, біз соларға қосылдық. Осы кезде тізгінді Асқар алды.
– Мына жігіт кім? – деді ол Алматқа Кенжебаевты көрсетіп.
– Бірге жұмыс істейміз. Кеше вахтадан келдік…
– Ім-м… Сенің фамилияң кім?
– К-Кенжебаев.
– Мұның бізге керегі жоқ. Бірақ бүгінгі біздің кездескеніміз туралы біреуге айтар болсаңдар, қылмыстық жауапқа тартамыз. Түсіндіңдер ме? Бұл шарт, түркістандық таксист, саған да қатысты. Есіттіңдер ме? Қазір екеуіңді манағы жерге апарып тастаймыз. Ауыздарыңа ие болыңдар.
Екеуі басын шұлғыды, Кенжебаевтың лезде-ақ ажары кіріп қалды. Мен Асқардың ойын енді түсіндім. Осы әрекет арқылы ол, біріншіден, менің басқа жақтың адамы екенімді көрсетсе, екіншіден, Кенжебаевтың бұл іске қатысы жоқ екенін айтып, Алмат та оған деген күдік тумауын қамтамасыз етіп тұр екен.
Оларды апарып тастадық, менің машинамда отырып, жұмысты қорыттық. Барлығы өзіміз ойлағандай болды. Алмат бастапқыда: «Ондай әңгімені естіген жоқпын» деп қашқанмен, кейіннен жесір қалған әйелдің жайын айтқасын, құдайдан қорықты ма, әйтеуір, «Әлгі әңгімені естігенім рас еді, бірақ Сағадат ол кезде қатты мас болатын, күліс ойнап отырғанбыз, ол ылғи су жаңа ақшаларды салды да отырды. Тіпті жігіттердің бірі: «Мына ақшалар банкіден шыққандай ноп-новый екен» – деп қалжыңдаған еді, Сағадат: «Артыңды қысып отырмайсың ба, ақшаң жоқ па – шық ойыннан, біреудің қалтасында не шаруаң бар» деп шытынап шыға келді, – депті. Барлығы хаттамаға түсіріліпті. Иә, бұл бір біткен шаруа болды. Мен өз болжамымды айттым: Кәрішаловты бірден тұтқындамалық, ізін бағалық, мыналар жеткізсе, ол қашуға талап қылар, сол кезді күтелік, – деп едім, Асқар: Айырылып қалмаймыз ба? – деген қауіп айтты.
– Жоқ. Егер мыналар оған хабар жеткізетін болса, ол ертең менің машинамды іздейтіні анық. Оған ешкім білмейтін көлікпен, ешкім танымайтын шопырмен кеткені тиімді емес пе? Қазеке, қалай ойлайсың? Ал, ол қашпаса мыналардың хабар айтпағаны… Бұларды да бір тексеріп аламыз.
– Түу… Сенің де шығармайтының жоқ. Бірақ, барлығы сенің айтқаныңдай болып келе жатыр ғой. Келістік. Ал, енді мен бір қошқыртып насыбай атпасам болатын емес…
Ертеңіне таксистер тұрағына сағат оннан өте келдім. Бұл кезде Ертаевтар трассадағы МАИ бекетінің маңында, Түркістанға бағыт алған көліктерді дүрбімен бақылап отырған болатын, егер менің машина фарымен берген белгімді көрсе, олар біздің алдымызға түсіп жүре беретін және күдіктіні Түркістанда ұстайтын болып келіскенбіз.
Машинаны тоқтатқаным сол еді, кепкасын баса киген, шаңырақтай қара көзілдірікті бір қатқан қайыс қара тап бола кетті. Есіктің әйнегін қағып, ашуымды сұрады. Ішімнен «Дәу де болса Кәрішаловың осы болар» – деп отырмын. Ол алдыңғы орындыққа отырысымен машина әйнегінің күнқағарын түсіріп қойды, көзінің астымен жан-жағына сақтықпан қарайды, бет-жүзін анық көруге көзілдірік кедергі жасауда.
– Таксисің бе?
– Таксимін.
– Түркістанға бармақ ем.
– Апарамын. Бірақ, маған әлі үш адам керек. Күтуге тура келеді.
– Мен сол төрт адамның пұлын өзім төлесем қалай болады?
– Неге болмасын. Бірақ, әуелі ақысын төлейсің. Сосынғы шаруа – біздікі.
Сонымен ол ақшасын төледі де, машинаның артқы орындығына ауысып отырды. Базардың қасындағы бір үйге соға кететінін айтып еді, мен түркістандық екенімді, Жаңақорғанды білмейтінімді, өзі жол көрсетіп отыратынын айттым. Ол базар қасындағы бір үйге кіріп, он минуттан соң шықты. Үйдің мұнаймен айналысатын кәсіпкер Жәмиттікі екенін біліп отырмын. Кәрішаловтың мұнымен байланысы барын, оның бәйге аттарына шабатын шабандозы, әрі бапкері екенін жігіттерден естігенмін ғой, енді менде жүзін қанша жасырғанмен мұның Сағадат екеніне күмәнім қалмады.
Барлығы жоспарлағанымыздай болды, Қазыбектер алдымызда, біз соңында Түркістанға тартып кеттік. Жол үстінде ол көзілдірігін, кепкасын шешті, түрін анық көріп келемін. Ауық-ауық бөтелке аузынан арақ ішіп келеді, түрі кетіп қалыпты сорлының, көзінің алды қалталанған, беті іскен. Тұсымыздан обгон жасап машиналар өтсе, сразу бетін басқа жаққа бұрып кетеді. Сөйтіп отырып межелі жерге де жеттік.
Қысқасы, оның Түркістанда бірнеше туысы бар екен, ол айтқан адрестерді жадымда сақтап, соңғы айтқан үйге ғана жеткізіп салатынымды, қалғандарының алыс екенін айттым. Аз айтып, көп айтып не керек, Түркістанға кіргесін Қазыбектер менің машинамның соңынан ерді, екі-үш көшеден өтпей-ақ мынау аңду барын сезіп қойды.
– Мына бір сұр «Жигули» ізімізден қалатын емес қой өзі.
– Түркістан толы сұр «Жигули». Қайсысын құртасың…
Менің сөзіме құлақ асатын емес, ол қобалжи бастады. Тез әрекет ету керек болды, жылдамдықты резко бәсеңдете бастадым. Қазыбектер де түсінді ғой деймін, мен тоқтағанда олар да жетіп үлгірген еді. Машинадан енді шыға берген Кәрішаловты Қазыбек шалт қимылдап қайтадан салонға сүңгітіп жіберді. Сезіктіні алғаш осылай ұстадық. Әуелі қолын бос қойдық, кәдімгі әңгімеге шақырып едік, болатын емес. Содан арақ ішкіздік, үшеуіміз үш бағытта сұрақ қойып отырып, ойлануға мұрша бермедік.
– Ағайынды Мәтенов деген оқушыларды білесің бе? – деді Асқар.
– Бүгін Тұрғанбайды көрдің бе? – деді Қазыбек.
– Осы сенің түсіңе өлген адамдар еніп жүрген жоқ па? – дедім мен.
Ананың көзі алақ-жұлақ етеді, бір түрлі қырылдаған дыбыс шығарғанмен сөйлер емес. Бұдан бұрын да бірнеше рет кісі өлтірген қылмыскерлермен сөйлескенімде олар: «Өлтірген адамымыз түнімен түсімізге кіріп, ұйықтатпайды» – дегені есіме түсіп, мен сезіктіні осы бағытта сұрақтың астына алдым. Бір кезде ол: «Арақ беріңдерші» – деді, мен Асқарға ымдадым, ол стақанға құймақ болып еді, мынау бөтелкені алды да, шалқая көмейіне құя салды. Оның арақ ішісі де қызық, бір түрлі, адами емес әрекет сияқты көрінді маған сол сәт. Осыдан соң барып қана манадан бергі естіліп тұрған қырыл үннің орнына «Уһ… Алла-ай» – дегенді есіттік. Негізі ертең тергеу кезінде де осы «Түске кіреді» дегенді есте ұстарсың.
– Иә, мен де осыны байқағанмын. Талай рет кәнігі қылмыскерлермен сөйлестік қой, бірнеше рет кісі өлтіріп сотталғандардың өзінде де мұндай жағдай болады екен.
– Сонымен, біраздан кейін ол Әнесұлын өлтіргенін мойындады. Арғы жағы манағы айтқанымдай болып кетті ғой.
– Сонда не үшін өлтіріпті? Ондай әрекетке бару үшін айрықша бір себеп керек қой?
– Ерегісіп қалдық, арты төбелеске ұласты. Содан кейін не істеп, не қойғанымды білмеймін, ашу қысқаннан ғой… – дейді.
– Жақсы-ы-е… «Нұржол» ауылына да кеп қаппыз ғой.
– Ал, енді жеңгейге өзімізді кім деп таныстырамыз. Бұл ауылда әңгіме жатпайды. Былтыр Ертаевтармен алғашқы келгеніміз жайлы сол күні-ақ РОВД-ға жетіпті, мені шопыр деп айтқанымыз және Асқардың да келгені дұрыс болыпты, «Бір шопыры бар екі мілитса Ордабектің үйіне келіп кетіпті» – деген хабар гу ете қалды ғой…
– Апырмай, ә?! Біздің мұнда келгеніміз РОВД-ға белгілі болмағаны дұрыс еді… Мұны қалай ескермегенбіз… Та-ак делік… Нұреке, онда бұл жолы да сенің әдісіңе көшейік. Журналистер едік дейік, камерамыз бар… Журналистен қай жеріміз кем… Сен бұрыннан таныс шопырсың… Бәрі қатып тұрған жоқ па… Аналар журналистерді іздеп бүліне берсін… Оған дейін де біз істі біраз еңсеріп тастамаймыз ба…
– Келістік. «Исатай – басшы, мен – қосшы», – депті ғой Махамбет ақын. Алла, істің сәтін бере гөр та!
Дәл осы әңгіменің соңын күтіп тұрғандай аспанды қақырата найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, жерді тітірете, бұлт қабаттарын тілгілей сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті.
(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!