Қарыздың қарғыбауына ілінбеген адам бірен-саран шығар. Айлық қолға тисе, алқымнан алатын несие күні жақындайды. Ал, қорқыныштысы – «қара тізім». Депозитке ақша жинаумен емес, банкке қарыз төлеуден бас көтермей жүр көбі. Неке қиса да несие алу әдетке айналғандай. Демек, жастардың да басындағы жайт – осы. Ұлттық банк өткен жылдың 1 сәуірдегі жағдай бойынша 7 939 000 қазақстандықтың банкте кредиті бар екенін айтты. Ал, биыл 8,4 миллион адам тұтынушылық несие алып, жалпы қарыз сомасы 14,2 триллион теңгені құраған. 1,5 миллион адам төлемді 90 күннен кешіктірген. Негізгі табыс –екінші деңгейлі банктердің еншісінде. Экономикалық қуатқа қол сілтеп, бұқараға жоғары пайызбен несие беріп байып отыр. Талап күшейтілсе де, оған мойын бұрғандар бар ма?
СІЗ КІМДІ «БАЙЫТЫП» ЖҮРСІЗ?
Қымбатшылықтың қос бүйірден қысатыны тұрмысты түзетуге мүмкіндік бермейді. Оның үстіне, екі аяқты бір етікке тығатын банктердің бассыздығы тағы бар. Осы уақытқа дейін мінберде мәселенің жай-жапсары талқыланып келді. Азаматтарда қаржы мәдениетінің қалыптаспағандығын пайдаланып, жұртты қанап жатқаны жасырын емес. Осыдан үш жыл бұрын да банктердің үстемақы дәрежесін, көлеңкелі төлемдерін есептегенде пайыз мөлшерлемесі 30 пайыздан асқаны да айтылды. Бұл – жығылғанға жұдырық, қалтаға салмақ. Үкіметтің бөлген ақшасын талапайға салып, экономикаға әсер етпейтін тұтынушылық несиені беріп әлек. Ал, баспана алу және кәсіп ашу сынды жеңілдікке жеткілікті көңіл бөлмей, қажетті салаға қаржы құймайды.
Өткен жылы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Ұлттық банктің базалық ставкасын төмендетуді ұсынған еді.
– «Банк ЦентрКредит» АҚ – 23,6%, «Еуразиялық банк» АҚ – 23,7%, «Kaspi bank» АҚ – 24,4%, «Home credit bank» АҚ 28,5% көлемінде несие береді. Бұған банктердің сақтандыру және тағы басқа міндеттерін қосыңыз. Сонда тұтынушылар кредитті 4-5 жылға рәсімдеген жағдайда банкке қарызды екі-үш есе қосып қайтарады. Бұл дегеніңіз халықты қанаумен тең ғой. Шын мәнінде, Ұлттық банк жылына 56%-дан аспауы керек деген шектеу халықшыл шешім емес! Бұл – халықты тығырыққа тірейтін шешім, – деді ол.
Яғни, ипотекалық және автокредиттердің 25%, ал қарапайым адамдар алып жатқан кепілсіз кредитті 56 пайызға дейін көтерудің салдары ауыр. Бұл – қарызға белшеден батыратын негізгі фактор.
Қаржылық сауаттың төмендігі де – ойланбай несие алуға себеп. Қит етсе, несиеге жүгіріп, кейін шақша басы шарадай болады. Осы тұста, «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Балдырған Мәменнен табыс пен шығын жайында сұрауды жөн көрдік.
– Кез келген азаматтың «кім болғым келеді?», «алдағы бес жылдықта өзімді қалай көремін?» деген сұрақтарға жауабы болса, соған сәйкес қаржылық мақсаты айқындалатын еді. Көп жағдайда үнемдей алмай, қарызға бату – өмірлік стратегияның және қаржылық мақсаттың айқын болмауынан. Картаға табыс түскенде 20 минут, жарты сағат ішінде жоқ болады. Қатысушылардан «ақшаны қайда жаратасыздар?» деп сұраймын. Алдымен несие, дүкендегі қарызды төлеп, азық-түлік алып, одан артылса, коммуналдық қызметті төлейміз дейді. Ал «өзіңізге айлық төлейсіз бе?» деп тағы сұрақ қоямын. «Табысты онсыз да өзімізге жаратып отырмыз ғой. Киім-кешек, дәрі-дәрмек, азық-түлік аламыз, салонға барамыз» деген жауап естимін. Егер адам өзіне киім-кешек алатын болса, материалының жібін шығаратын зауыттан бастап, сауда үйіне келгенге дейінгі адамдардың айлығын төлеп тастайды. Негізінде табыс түскеннен кейін жоқ дегенде 5-10 пайызын жинақ ашып, сақтаған жөн. Оны болашаққа құйған шағын инвестиция деп қарастыруға болады. Тіпті, аяқасты болған шығындарды өтеп береді.
Қаржылық жоспар бар да артық ақша шашу дағдысы болмайды. Тапқан табыстың әр көрсеткішін ай сайын мақсатты жұмсауға жоспарлап қояды. Ақшаға келгенде теріс түсінік қалыптасқан. «Ақша – қолдың кірі» деп жұмсап жіберуге тырысады. Мұның артында «жұрт мені сараң деп айтып қалмасын» деген ой да бар. Шын мәнінде келесі адам сіздің болашақта қандай мақсатыңыз, қаржылық жоспарыңыз бар екенін білмейді ғой. Сондықтан, көптің ойымен ілеспей, қаржыны тиімді жұмсауды меңгерген абзал, – дейді сарапшы.
Қаржылық құқықты қорғау мен сауатты арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам жобасы» іске қосылғаны көпке аян. Бұл азаматтарға айтарлықтай ықпал етеді екен.
– Сабақ кезінде «Инфляция деңгейі қандай?», «Ұлттық Банк бекітетін базалық мөлшерлеме неге байланысты?», «Несиенің пайыздық мөлшерлемесі қандай жағдайда өсіп, төмендейді?» сынды сұрақтарға жауап береміз. Бұдан бөлек, жинақ жасаған кезде үстіне берілетін пассивті табыстың көлемі қандай болады деп есептеген кезде азаматтар сыни ойлана бастайды. Мәселен, мемлекетпен сақтандырылмаған депозиттер, сақтандыру түрлері қарастырылмаған қаржы институты мен лицензиясы жоқ күмәнді ұйымдарға ақша салған кезде неден ұтып, ұтылатынын айтамыз. Мұндай сәтте нені ескермегенін, пайыздық мөлшерлеме қалай есептелетінін сызып көрсеткенде алданғанын түсініп, ұтылғанын ұғынатындар бар, – дейді Б.Мәмен.
МИҒА ЖҮК БОЛҒАН МИКРОҚАРЫЗ
Несие тарихы бүлінсе, жұрт микроқаржы ұйымын жағалайды. Тез арада жылдам ақша алғанымен, кейін мұның бәрі желкеден шығады. Өйткені, жоғары пайыз жүйкені жүндей түтеді. Өсім шарықтап кетсе, өлместің күйін кешетіні сондықтан. Елімізде 228 микроқаржы ұйымы тіркелген. Қазір шағын несие мен жылдам ақшаның нарығы артты десек артық емес. Тіпті, өткен жылдың өзінде 40 микроқаржы ұйымы ашылған. 15 минут ішінде несие рәсімдейтін ұйымдар тұтынушының қолын қақпауға тырысады. Олар өтінімді тәулік бойы қабылдап, басқа қаржы компанияларына қарағанда шешімді тез қабылдайтынын алға тартады. Тіпті, кезек күтіп сарсаңға түспей, банк мамандарымен жалықтыратын диалог жүргізбей, несие беретінін мәлімдеген. Иә, жарнамасы жер жаратын микроұйымдар көпшілікке майдай жағуы мүмкін. Өйткені, қысылғанда қолға лезде ақша ұстатады. Бірақ, төлемді кешіктіргенде қуаныш су сепкендей басылады. Solva еліміздегі микроқаржыландыру нарығының көшбасшысы саналады. Мұның қызметін 85% адам тұрақты түрде пайдаланады екен.
Иә, микроқаржы ұйымдары туралы пікір қоғамда қақ жарылып тұр. Әркімнің айтар уәжі бар. Мәселен, бірі қарыз жүктемесін көбейтетінін айтса, енді бірі банктерге жақсы бәсекелес болғандығын айтады. Яғни, «тәртіп пен талапты күшейту керек» дейді. Осы ретте, айта кетейік. Жақында кореялық «BNK Finance Kazakhstan» микроқаржы ұйымы банкке айналатыны белгілі болған. Ұлттық банк мәліметі бойынша, аталмыш микроқаржы ұйымының активтері 20 миллиард теңгеден асады.
Расымен, несиесіз адам аз шығар. Осы төңіректе сөз қозғасаң, жүзі түнеріп кететіндер бар. Ал, микроқарыздың миға жүк болып, аяққа тұсау салатыны жалған емес.
– Бұл көп адамның уайымы мен өкінішіне айналғаны рас. Менің де. Жалпы, қысқа- мерзімді несие деген сұлу сөзге иланып қалғандардың қатарында бар екенім тынышымды бұзатын «бәлекет». Оған алғаш 2-курсымда тап болдым. Қалтамдағы ақшам түгесіліп, «Займерден» 40 мың теңге қарызға ақша сұрадым. Таңғалғаным, ол менің табыс көзімді, еңбекақымның мөлшерін растамастан ақша берді. Өзімді заңды жұмысшы ретінде таныстырдым. Бірақ сенімді нөмір беруімді өтінгенде өзімнің істемейтін екі нөмірімді жазып қалдырдым. Ал уақыт жақындағанда төлеуге тиын таппай кетеді екенсің. Студентпін ғой. Қарыздан көз ашпағаныма біраз болған. Содан басқа бір займ беретін орындардан алғаш алған қарызымның орнын толтырдым. Айтпақшы, «Займер» алғашқы тұтынушысын 0,001 пайызбен алдайды екен. Соған иланған мен қарыз емес, бөліп төлеуге ақша алғандай сезіндім. Бірақ, бұл ауыр сезімдердің бастауы екенін білмедім. Басында 40 мың теңгеден ғана басталған заем бүгінде 700 мың теңгеге дейін өсіп, тапқан табыстың рақатын сезіну қиынға соғып жатыр. Қарыздарың бар екені еске түскен сайын көңілің алай-түлей күйге енеді. Бірақ, «өмір ғой» деген сөзді ұрандатпасқа да болмайды.
Бас-аяғы 10-ға жуық микрокредит беру ұйымдарымен байланыстым. Барлығына қарыз болып едім, бүгінде соның 6-ауы қалды. Шүкір, қазір табысым жеткілікті, бірақ күйбең тірлік тықыртып жіберетіні болмаса, бас көтеріп жүруге болады. Айтпақшы, жақында статистиканы қарағанымда әрбір 6-шы жастың заемы бар деген ақпаратты көзім шалды. Рас-өтірігін білмедім, бірақ ақпарат шын секілді. Таныстарым, достарымда да бар бұл мәселе. Бұны заңмен бұғауламаса, тоқтайтын түрі жоқ. Заңсыз қарыз беру деп санауға болады. Тұрақты жұмыс орнын анықтамай қарыз беру дегеннің соңын қазбаласаңыз, жастарды өзіне тәуелді ету, көп пайызбен қарызға кіргізу деген идеология тұрғандай, – дейді кейіпкеріміз Б.Жұмабек.
КОЛЛЕКТОРДЫҢ «ҚҰҚАЙЫ» немесе ШИРЫҚҚАН ШАРТ
Сонымен, еңбекке жарамды халықтың 85 пайызында несие бары айтылып жүр. Жоғарыда айтып өткеніміздей басым бөлігін тұтынушылық несие құрайды. Бұл кәсіп пен өндіріс орнын ашуға негізделсе қанеки?! Ал, төлем кешіксе төпелейтін коллектордың теріс қылығы – өз алдына мәселе. Бұған қатысты да қаншама талқы болды. Мемлекет басшысы қарызға батқан азаматтардың тағдырына алаңдайтынын айтқан. Бұл жайында Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында баяндаған еді.
– Мен азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын. Себебі, бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым.
Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек.
Сол үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, соңғы жылдары банктер мен микрокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ, қарызын уақытылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі.
Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленді. Бұл өзгерістер банктерге, микрокредит ұйымдарына және коллектор агенттіктеріне талапты одан да күшейте түседі. Несиелерді коллектор компанияларына сатуды шектеу ұсынылады. Коллектор компаниялары қарызды өзіне алған соң мәселені реттеп көруге міндетті болады. Банк омбудсменінің өкілеттігі де кеңейтіледі, – деді ол.
Енді елімізде несие беру тәртібі өзгеріп, шарт қатаңдай түспек. Демек, несие алушылар азаяды деген сенім бар. Банк алдындағы берешегін 90 күннен кешіктіргендер қайта қарыз ала алмайды. Бұл қарыз жүктемесін де едәуір азайтатын еді. Екіншіден, несиесі бар азаматтар отан алдындағы борышын өтеп жүргенде және демобилизациядан кейін 2 ай бойы қарызына өсімпұл есептелмейді. Бастысы, коллектор қызметіне талап қатаң болмақ. Олардың бұқарадан бес тиын да артық ақша өндіріп алуына жол жабық. Яғни, азаматтардың қарызын 2026 жылдың мамырына дейін коллекторларға беруге тыйым салынды. Тұтынушы несиесін 24 ай бойы төлемеген болса, оның берешегіне оңтайландыру жүргізілген болуы тиіс. Егер, ол көмектеспесе, содан кейін ғана коллекторларға беруге рұқсат.
Онлайн несие рәсімдейтін алаяқтардың да салған сайраны мен қалтаға түскен қармағын ескерсек, бұған да тұсау салынбақ. Жаңа заңға сай микронесие алу үшін міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өту қажет. Демек, несие рәсімдеуде әйелінің не күйеуінің рұқсаты болуы тиіс. Бұл – бір-бірінен жасырып, қарызға кіруден және қаржылық қиындыққа байланысты туындайтын отбасылық кикілжіңнен сақтайды. Өзгерісті оң деп таныған экономист Ләззат Нұрғалиқызы да өз пікірін білдіріпті.
– Кейбір банк карталарының қосымшасында ойындарға бәс тігуге мүмкіндік жасалған. Олардың бәріне тоқтам керек. 25 жасқа дейінгі азаматтардың не алатын айлығы не зейнетақы төлемдері болмайтын болса, оларға да несие берілмеу керек. Соның ішінде микроқаржылық ұйымдар студенттер мен жұмыс істемейтін жастардың көпшілігіне қарыз беріп жатады. Әуелгі пайызы аздау болады, одан кейін бірте-бірте пайызын өсіре береді. Зейнетақы төлемдері жоқ және мемлекетке тапқан табысынан аударым жасамайтындарға несие алуға шектеу қойған жөн, – деді ол.
ТҮЙІН. Қарызданбауға инвестиция жасауды қолға алу керек. Одан да мемлекеттік бағдарлама мен жобалардың жемісін көруге ұмтылған ләзім. Несиені туған-туыс тегін беріп тұрғандай алғанымен, қайтарымына келгендей қипақтап қалу қалыпты құбылысқа айналды. Сондықтан, жұттай тоналып, банкті байытып немесе коллекторға жем болмай, қаржыны тиімді басқарып үлгірген маңызды.
Замира ҚОНЫСЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!