HALYQLINE.KZ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Қазақстан үшін шешімін таппай келген мәселе қант болатын. Жыл сайын 500 мың тонна қант тұынатын қазақстандықтар одақтың басқа мүшелері үшін инвестициялық тартымды елге айналды. Бұл «тартыста» Ресейдің бәсі басым түсіп келді. Енді көрші ел 2022 жылдың ортасына дейін бірқатар азық-түлік өнімдерін, соның ішінде қант экспортын шектейтінін ресми түрде мәлімдеді. Уақытша тыйымға біздің ел де ілікті.
Көрші елдің ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметтерде 2021 жылы қант шығару 8,3 пайызға көбейіп, 5,0073 млн тоннаға жеткені айтылған. Елімізге қант жеткізетін негізгі екі импорттаушы – Ресей мен Беларусь. Ресейдің ішкі нарықтағы үлесі – 48 пайыз. 2021 жылы Қазақстанға басқа елдерден 506,9 мың тонна қант пен қант шикізаты импортталды. Ресей Федерациясынан Қазақстанға 275,8 мың тонна қант импортталды, бұл бір жыл бұрынғыдан 12,7 пайызға аз. Бразилиядан – 164,6 мың тонна, Беларусьтен – 35,5 мың тонна, Мексикадан 30,4 мың тонна импортталыпты.
Ресей 2022 жылдың тамыз айына дейін қант экспортын шектейтінін ресми түрде мәлімдегеннен кейін Қазақстандағы қант бағасы бақылаудан шығып кетті. Қазір ел көлемінде ең қымбат қант – Атырауда, 337 теңгемен сатылып жатыр. Тараздағы баға Атырауға қарағанда 85 теңгеге арзан.
Бір жылдағы қантқа деген қазақстандықтардың сұранысы 500 мың тонна екенін жоғарыда айттық. Бұған тәтті сусындар, кондитерлік өнімдер шығаратын кәсіпорындардың қантқа деген қажеттігі кірген де жоқ. 2021 жылы елдегі төрт қант зауыты 277 тонна қант дайындады. Бұл ішкі қажеттіліктің 66 пайызын өз күшімізбен өндіреміз дегенді білдіреді. Ресми орындар қант өндірісі тоқтаусыз жұмыс істеп жатқанын айтып жатыр. Қор да толығып отырады. Яғни «үш айдан кейін қор таусылады, қант тапшылығы болады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Аружан ЖҮСІПБЕК,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 1-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!