HALYQLINE.KZ Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту күнінде Қызылорда қаласында салынып жатқан нысандарды аралап, облыс орталығында әр салада басталғалы тұрған құрылыс жұмыстарын бақылады.
Алдымен аймақ басшысы Сұлтан Бейбарыс көшесін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Жалпы ұзындығы 4,2 шақырым жолды қалпына келтіру жұмыстары ақпан айында басталып, 12 ай ішінде аяқталмақ. Мұнда әрқайсысының ені 3,5 м құрайтын 4 жолақты жол салу жоспарланған. Айта кетейік, биыл Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты елді мекендердегі 236 көшеге орташа жөндеу жүргізу үшін 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде 99 көше асфальт және 137 көше тас жол құрылысын салу жоспарлануда.
Әрі қарай аймақ басшысы өткен айда басталған Қызылжарма каналы арқылы «Бәйтерек» ықшам ауданына өтетін көпір құрылысымен танысты. Жалпы құны 384,3 млн теңгені құрайтын жобаны «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС жүзеге асыруда. Мұнда ұзындығы 156 м екі жолақты жол салынбақ. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп күтілуде.
Еске салсақ, қазіргі таңда Қызылорда облысында көптеген жаңа нысандар салынуда. Оның ішінде өткен жылы ашылған Жалағаш ауданында 250 орындық Оқушылар үйі мен өнер мектебі, Арал ауданында Балықшылар аллеясы мен Балықшылар монументі, Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында Еңбекшілер аллеясы, Жаңақорған ауданында заманауи саябақты атап өткен жөн. Биыл облыс орталығында Өнер сарайы, Неке сарайы және Қан орталығының құрылысы жүргізілуде. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласында зәулім Оқушылар сарайы, 7 мың орындық жабық стадион, «Анаға тағзым» орталығы, қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығы секілді заманауи нысандар бой көтермек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!