Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайсар қазақ

24.04.2025, 7:00 251

…Сәрсенбай ақсақал қатарынан 4 баласын бірінен соң бірін қан майданға аттандырғалы көңілі алаң күй кешіп, іштей ыңылдап жүретінді шығарды. Төрт құлыны соғысқа баруға шақыру қағазын алғанда: «Ееее, балаларым, бұл да бір елге келген нәубәтті  сынақ  шығар.

Ел басына күн туса, батыр үйде жатпаған,

Елім деген нағыз ер, жау бетін қайырар қаптаған» деп оларға дем беріп, сол қанды қырғынға бірінен соң бірін ақ батасын беріп аттандырған еді. Сөйтіп  зайыбы Балайымға басу айта: «Елмен бірге көрген ұлы той ғой, бәйбіше» деп қоюшы еді. Десе де, іші оларды ойласа, алай-дүлей күй кешетін. Кім  перзентін  өлімге  қиған  дейсіз? Соғыстың аты – соғыс. Адам өлмейтін соғыс болып көрген емес, ешқашан да. Соғыс атының өзі суық сезілмей ме? Бұны  да  ол  кісі  жақсы  біледі.

Ескіше сауаты бар Сәрсенбай ақсақал бір ауылдың молдасы атанып, сөзін елге тыңдатып, ауылдың игі жақсыларымен қатар жүрген кісі болғандығы бар. Кеудесінде сәулесі болғандықтан шығар, балаларына күш-қайрат беріп, қанды қырғынға аттандырғаны. Сөйтіп жүргенде үш баласының соғыста опат болғаны жайлы қаралы «қара қағаз» келгенде де ол кісінің ішкі мұңын сыртқа білдірмеуіне ауылдастары қайран қалысты. Ішінен қайғы мен күйіктің оты шығып тұрса да өзін ұстады. Өйткені, діни сауаттылығы барлығынан болар. «Е, Алла, мұның не, маған осынша қайғыны арқалатқаның?» деп Құдайға ренжісе, «одан да жаман нәубет берем» дегендікті ұғынғандықтан, кім білсін? Қан жылап тұрған жүректі қалған үміті кенже ұлы Әбубәкір арқылы басты.  Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, соның тілеуін тіледі. Бар жанын шүберекке түйіп, оның  аман-есен  келуін  Жаратқаннан  жалбарына  сұрады.

Есекке мініп Ақарық пен Құмшығанақ арасындағы қалың бидайықты тобықтан қақтырып, қалың ой кеше жүріп, ағайынның есендігін біліп қайтатын. Сондағы тілеуі майданға кеткен ауыл азаматтарының есен-сау елге оралуларына дұға етіп, Қожжан қожа  баба  мазаратына  баратын…

Ағалары Ысқақ, Әлайдар  соғысқа  аттанысымен, Ысмайыл мен Әбубәкір де көпке ұзамай майданға шақырылды. Ел басына бұдан ауыр қандай күн тусын? Қызылорда вокзалында сапырылысқан қара халық. Майданға  аттанып бара жатқандардың көбі – өзі  сияқты  өрімдей  жас жігіттер. Солардың ішінде Ысмайыл мен Әбубәкір де кетіп бара­ды. Бір ауылдың өзінен 40-50 шақты жігіт бар. Жұрттың жүзі жабырқаулы. Жылаған да, сықтаған да осы вокзал басында. Әрине, бұл көрініс олардың жүректерін ауыртқаны шындық. Біреулер жалғызын шығарып салып басының шашын жұла жер бауыр­лай жата қалып жылап, талып құлап жатқандар да кездесуде. Бұл соғыстың осылай талайға қасірет әкелгені шындық еді. Бұлар мінген эшелон ыңырси орнынан қозғала үш рет гудок берді. Сол кезде «Қош бол, туған жер!» деп жанарына жас ірке Әбубәкір де қызыл  вагоннан сыртқа қарады. Әне-міне дегенше, состав  алға  ышқына  батысқа  қарай  бет  түзеді.

Жолда келе жатып біреуі ауылдағы ата-анасын ойласа, енді бірі артында қалған жары мен бала-­шағасын ойлап күрсінгендей. Ал, Әбубәкір болса артында қалған әкесі мен анасын ойлап іштей толғап  келеді.

Туған жер, әкем-анам, қош болыңдар!

Қаншама майдан кеткен достарым бар.

Жауға аттанып барамыз жеңу үшін,

Жақсылар шаруларға бас болыңдар!.. — деп Әбубәкір елге тілегін арнап барады. Бұл ақындық өз нағашысы, тарқамас түйінді тілімен шешкен Дос­бол би жағынан келсе керек. Досбол бидің Балайым атты қарындасынан өрбіген ұрпақ қой. Іштей ауылды ойлап, оның әрбір сары құмының өзі сондай жанға ыстық екендігін тебірене еске алып  келеді…

Ақыры бірнеше күн жүріп Қазақстанды артқа тас­тап, Башкирияның Алкино станциясына келіп бір-ақ  тоқтайды. Карантинде үш күн болғаннан кейін, сол жерде орналасқан полктерге бөле бастайды. Содан Ысмайыл ағасы екеуі Алкино лагеріндегі №17 атқыштар бригадасына түседі. Осы жерде оны сержанттар дайындайтын батальонға жібереді. Ысмайыл ағасы мұның арқасынан қаға құшақтап, бетінен сүйіп, «қош, амандықта қауы­шайық» деп көзіне жас ала қала береді. Жүрегі құрғыр  бір  жаман­дықты сезгендей Әбубәкірдің тұла бойы шымырлап  қоя  берді. Бірақ, артына  қайырылып бұрылатын  уақыт та жоқ еді. Сөйтіп, ағайынды Сәрсенбаевтардың жолы екіге айырылады. Олар бір-бірін соңғы көруі  мен  қоштасулары  екендігін  қайдан  білсін?!

Содан Әбубәкір сержанттар дайындайтын батальон­ға кетті. Уфа қаласын орай аққан Белая өзені бойына орналасқан оқу орнына келді. Арада аз ғана уақыт өтісімен, соғыс жағдайы ауырлай түскендіктен сержант атағын беріп, Тоцкий лагеріндегі №11 Одесская бригадасына әкеледі. Онда үш айдай жаңадан әскерге келгендерді ұрыс тактикасына үйретеді. Күн санап соғыс өрті айналаны шарпи түседі. Немістер аяусыз алға жылжып келеді. 1942 жылдың күзінде Дон мен Донец өзендері бойындағы кескілескен ұрысқа түсуге тура келіп, майдан шебіне жетті. Оқтың ысқыра шуылдаған дауысын естігенде аза бойы тік тұрады. От пен оқты көргенде бойың еріксіз жинақтала түсетінін байқады. Оқ қандай жылдам болса, одан да жылдам қимылдау қажет екенін Әбубәкір сонда білді. Сәл тұрып қалсаң болды, өміріңді оқ қиып түсетінін айтпай-ақ ұғынды. Содан қарамағындағы солдаттарға жауды атпаса, жау оларды ататынын айтып, жігерлендіре түсті. Сержанттық курсты оқып жүргенде көптеген соғысу тәсілін үйреніп шыққанының да пайдасы тигендей.

Өзен бойындағы кескілескен ұрыста талай жауын­гер қыршыннан қиылып жатты. Ұрысқа түсер алдында бір-бірімен ұлтына қарамай құшақтаса, аман-есен келулеріне сәттілік тілеп шығарып салып жататын. Ең өкініштісі, сол ұрыстан тірі келіп орта­ға қосылып жатқандар қатары күн санап азайып барады. Арғы беттегі немістер совет жауынгерлерін өзеннен өткізбеуге барын салуда. Осылай Дон өзені бойындағы ұрыс талайдың өмірін қиды. Әсіресе, бұрын ұрыс шебін көрмеген жастар үшін өте қиынға соқты. Үрей мен қорқыныш олардың бойында барын білген Әбубәкір жауынгерлерін өзі алға бастап «Ура, Отан үшін жан пида!» деп айғай салып оқ бойы алда жүрді. Төбеден төнген самолеттер бомбаның астына алғанда тығылар тесік қалмайтын. Жердің қара топырағын аспанға көтере түскенде, кімнің қайда қалғанын білмей естен танып қалатын.

Бомбамен төпелеген сәт басылғаннан кейін әр тұстан бас көтерген солдаттар жер астынан тұрып, бір-бірін іздеп тауып жатады. Жараланғандар қаншама. Іші ақтарылып қалып, ішегін өзі жинап салып көмекке шақырып жатқан солдаттар да бар. Бұл оқиға соғыстың шынайы көріністері еді. Қолдан, көзден, аяғынан айырылып жатқандар да шексіз болды. Дон мен Донец өзендерінен тірі өткендер арпалысқан жаумен айқасып жатты. Сәл соғыс тына қалса танкінің гүрілі, артиллерияның құлақ тұндырар гүрсілі, автоматтың тырсылы үздік-үздік әр жерден шығып жатады. Осы Донец өзені мен Запорожец қаласынан жауды қуып өрлеп бара жатқан аралықта Әбубәкір Сәрсенбаев бірнеше рет жарақат алады. Әскери санитаркаға бинтпен оратып алып жауды өкшелей қуып кете баратын. Қарап тұратын да, жараланып қалдым деп бұғып қалатын да уақыты жоқ. Бар арманы ұйықтамай жауды өз жеріне тықсыру еді. Қолы қалт етсе, қаламын ұстап көзбен көргендерін жыр етіп жазып тастайтын. Жанындағы майдандас достарының ерлігін паш ете жырлайтын. Олардың батырлығын, жаумен бетпе-бет келіп, айқас­қанда жерге немісті алып ұрып сабағандарын терең  толғайтын.

Тез  біте  қалатын  соғыстың  түрі көрінбейді. Әйтеуір  бар  білетіні өз бригадаларының аз да болса алға жылжып, жаудан селоларды тазартып келеді. Запорожец қаласының маңындағы соғыс 1 айға  жуықтап  қалды. Алла қалап, сәтін салса, қала айма­ғы ертең толық жаудан тазартылмақ. «Енді жау бұл жерді бермеу үшін нағыз жан алысып, жан беріскен ұрыс жүргізбек» деп бөлімшені аралаған командир генерал-майор Абсалямовтың өзі ескертіп кеткен-­ді. Түнімен сержант Әбубәкір Сәрсенбаев та жауын­герлерін «бір қарыс та артқа шегінбейміз» деп қай­раумен болды. Міне, ертеңіне аспан қара бұлтқа орана таң да атты. Әзірге жау жақ тым-тырыс. Ел көшіп кеткендей. Мұның ақыры ауыр соғыс болатынын сезінгендей қаруластардың бәрі демін ішіне тартып  тұр. Айнала толық жарыққа енген шақта аспан гүрілге толып, самолеттер қаптап келеді. Алдын­дағы истрибительдер барынша жылдамдықпен жүріп жауындата оқтарын бората өтті. Самолеттер бомбаларын тастаған күйі қайтып соқпады. Лезде жердің астан-кестені шықты. Ол аздай жерде қаптаған танкілер келеді. Артында неміс жауынгерлері. Бұл жерден аман қалу мүмкін еместей. Тек алға ұмтылып жаумен айқаса түсуден басқа  жол  жоқтай.

Осы кезде көз алдына ауылдағы ата-анасы елес­теген Әбубәкір барынша қайраттана «Отан үшін, Сталин үшін, Ел үшін алға!»  деп  жауынгерлерін  көтере  арыстанша  жауға  атылды. Қай тұсқа, қай жерге жеткенін өзі де білмейді, сол аяғын оқ кесіп өтіп, естен тана құлап бара жатқанын бір-ақ білді. «Алға» деп айғайлайын десе, үні шықпайды. Ар жағы  есінде  жоқ…

Арада қанша күндер өткенін кім білсін, әйтеуір есін жиып айналаға қараса басы таңулы, сөй­лейін десе ауызы ашылмайды. Дереу денесін сипаласа, сол аяғы жуан саннан жоқ. Ал оң жақ көкірегі таңулы. Қолтық астынан тиген оқ өкпесін қоса тесіп өткенін байқады. Ойлап қараса, сау-тамтық жері жоқтай. Дененің бәріне снаряд шашырандылары тиген. Медбике тамақты аузына түтік арқылы беретінін білді. Сөйтсе, алдыңғы иекті оқ жұлып алыпты. Иекпен қоса тоғыз тісі кеткен. Дәрігер келіп арқасынан қағып, басу айтып, күндер өте келе бәрі жақсы болатынын жеткізді. Сөйтіп, жалын атқан 21 жасында сол аяқтан айырылып мүгедек болғанына жаны ауырды. Қайғырып жапа шекті. Алайда, күн өте келе тірі қалғанына шүкіршілік етті. Елдегі әке-шешесін ойлап, сағына ауыр күрсінді. Туған жері мен ауылын ойлады… Опасыз соғыс болма­ғанда ел қатарлы білім алып, ел жүгін көтерер еді. Өзі қолынан құрған колхоздың табысын молайтып, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін түзер еді. «Енді қолына балдақ ұстаған адам кімге керек дейсің?»  деп іштей күйінгені де, қапалы күй кешкені де шындық еді. Бірақ  ағаларының  соғыста опат  болғанынан  бейхабар  болатын.

Оның олай ойлауының басты себебі, бір аяғының  жоқтығы  еді. «Мүгедек  жан кімге керек?»  деген  ой  жанын жегідей жеп барады. Дегенмен, ақылды азамат қой. Ақыры бір байламға келіп, ауылға барып ел  қатарлы өмір сүруді алдына мақсат етіп қойды. «Қой, сабыр көңілім, сабыр! Қаһарлы жау­дан қаймықпаған жүрегім, «енді бір аяқтан айырыл­дым екен деп» қалай морт сынбақсың» деп ол өзін осылай өмір сүруге қайрады. Сонымен әскери госпитальда 8 ай жатып емделді. Сол жерде аяғына ағаш протез, иегіне протез орнатып елге қайтты. Сөйтіп, жанына қос балдақты серік еткен ол  Қызыл­орда  станциясына  жетті.

Бұл 1944  жылдың 27 шілдесі болатын. Туған елге табаны тигеніне  шексіз қуанса, екінші жағынан ағаларының майданда опат болғанын естіп іші қан жыла­ды. Өзін қайрай түсіп, әке-шешесіне сү­йеу болу­ды  мақсат  етті. Елге келген  майдангер  Әбубәкір  Сәрсен­баев  өзінің  бұрынғы  іргесін қалас­қан Ақарық  колхозының  кеңсесіне  келіп  счетовод қызметіне орналасады. Содан 1945 жылдың мамыр айын­да партия мүшелігіне кандидаттыққа өтеді. Арада екі жыл өтісімен КПСС қатарына қабыл­данды. Сөйтіп облыстық ауыл шаруашылық бас­қар­масы  жанынан ашылған 6 айлық бухгалтерлік курсты 1948  жылы  бітіреді. Сол өзінің  Ақарық  колхозына бас есепші болады. Көп ұзамай Құмшы­ғанақ колхозына бас есепші етіп жібереді. Ол кезде бас есепші ауданның бұйрығымен тағайындалатын болған. Содан 1950 жылы ұсақ-түйек Қызылту, Ақарық, Айдарлы, Құмшығанақ колхоздарын таратып, Аманкелді  колхозына  біріктіріп, ірілендіріледі. Осы  колхозға  бас  есепші  болып  тағайындалады.

Осы кезеңді еске алған партия және кеңес қызметі­нің ардагері, 90 жастағы Нәби Жалмұрзаев ағамыз: «Аманкелді колхозына Әбубәкір бас бухгал­тер болып келгенде шаруашылықтың есеп-қисабы дұрыс жүргізілмеген екен. Соның салдарынан Әбекең келмес бұрын «қырманнан астық, тоғайдан сиыр, фермадан қой ұрланды» деп бір-біріне жала жауып  жазықсыз 18 адам істі болады. Керісінше, бұл шығындар колхоз балансында көрсетілмеген. Содан  есеп  қызметіне  кіріскен Әбекең  ағамыз  күндіз кеңседе, түнде шам түбінде отырып колхоз есеп-қиса­бын бір ізге түсірді. Осындай ол кісінің тынбай жасаған адал еңбегінің нәтижесінде аудан бойынша алғаш рет колхоз мүшелеріне ай сайын атқарған жұмыс­тарына қарай, сыйлық-ақша беруді қолға алды. Соғыстан есеңгіреп қалған, еңсесін әрең көтеріп жүрген колхозшылар үшін Әбубәкір ағамыздың  атқарған  бұл  қызметі ерлікпен пара-­пар еді. Осыдан  бастап колхозымыз дұрыс есептің арқасында аудан бойынша көшбасшы шаруа­шылықтың біріне айнал­ды. Қоғам қайраткерлері, елге белгілі азаматтар, марқұмдар Ыбырайхан Нәлібаев, Орақбай Жанахметов, сондай-ақ Әкімжан Паязов, Махамбетжан Елкеев, Төлеген Дүйсе­беков, Назар Наурыз­баев  және мен ол  кісінің  тікелей  шәкірттері  болдық. Соғыстан кейін 1945 жылдан 1985 жылға дейін  40 жыл шаруашылықта үзбей еңбек етті. Күн бұлтты кездерде оқ тиген жері ауырып тұрса да, тіршіліктен қалмады. Аманкелді мен Айдар­лы совхоздарының дамуына, өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық  өсуіне  барынша күш салған  жан, — деп  сөзін  аяқ­тады.

Ленин колхозы мен Аманкелді колхозы таратылып, Аманкелді совхозы болып қайта құрылды. Ал 1974 жылы Айдарлы өз алдына совхоз болып құрылғасын майдангер Әбубәкір Сәрсенбаев өз туған жеріне барып қызмет жасауды ұйғарады. Сөйтіп  жаңа  шаруашылықтың  іргесін  көтерген  жандардың бірі ретінде ел есінде қалды. Шаруа­шылықтың есеп-қисабын жолға қойып, мұң-мұқ­тажын түгендеуде Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде жоғарыға сөзін өткізіп, өз мүмкіндігін ел жолына пайдаланып, жоғын түгендеп, жүкті жұмыла көтеруге  күш  салды.

1-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденінің иеге­рі, «Ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары­мен марапатталған. Ұлы Жеңістің 40, 50, 60 жылдық медальдарын алған. 1952 жылы «Ауылшаруашылық саласының шебері» төсбелгісінің иегері атанған. Осылай қаһарлы күндердің қаһарманы, елге келіп сау жандардан қалыспай еңбек етіп, ауылдың өркен­деуіне, дамуына өз үлесін қоса білді. Біз бұл кісінің ақындығына тоқтала алмадық. Ол жайлы сәті келгенде жазатын боламыз. Әбубәкір мен Күнімхан анадан 5 ұл мен 2 қыз өрбіген. Бұлардың бәрі де жоғары білімді, отбасылы. Бәрі де басшылық қызметтер атқарып, алды зейнеткер атанып үлгірді. Немере, шөберелері де егемен елдің даму жолында еңбек  етуде.

Бүгінде Әбубәкір Сәрсенбаевтың шаруашы­лықтың  дамуына  жасаған  адал  қызметі ел арасын­да әлі күнге дейін айтылып келеді. Сондықтан Айдарлы ауылының тұрғындары мен Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесі Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында облыс орталығынан марқұм, майдангер Әбубәкір Сәрсенбаевтың атына  көше  беруді басшыла­рдан  сұрайды.

Иә, осындай елеусіз қалып жатқан майдангерлеріміз қаншама? Олар қандай құрметке болса да лайықты жандар десек, артық айтпағанымыз болар.

Кенжалы  ЕРІМБЕТОВ,

ҚР  Ақпарат  саласының  үздігі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: