Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайраткер

25.02.2025, 20:01 34

БҮГІН ҚАЗАҚТЫҢ БІЛІМІ МЕН МӘДЕНИЕТІНІҢ, ӘДЕБИЕТІ МЕН ӨНЕРІНІҢ ДАМУЫНА АЙРЫҚША ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ТЕМІРБЕК ҚАРАҰЛЫ ЖҮРГЕНОВТІҢ «ХАЛЫҚ ЖАУЫ» ДЕГЕН ЖАЛАМЕН АТЫЛҒАН КҮНІ.

ҚАРАТОРҒАЙ

«Жүргенов Сырдария әндерінің ғаламат білгірі, маған Хиуа қазақтары әндерінен бағалы мәліметтер барген байыпты жас қазақ – интеллигент!»
А.В.Затаевич

Темірбек әділеттен алыс қалды,
Түрмеде жеті ай бойы жанышталды.
Советтің жауысың деп сұмырайлар,
Тұқыртты алдына әкеп арыстанды.

Айтқанын айтқандайын қылдыра алмай,
Жендеттер жұлды шашын жынды жандай.
Жеті айда Жүргеновтың жүнін жығып,
Шаршады сағын, сірә, сындыра алмай.

Жалған сөз жалғыз ауыз айта алмады,
Дүние ер батқандай қайқаңдады.
Бір күні он тоғызын* тысқа ап шығып,
Айдауыл «Сапқа тұр!» деп айқайлады.

Түнгі ақпан, қар қылаулап, Ай жанып тұр,
Жүргендей ол да Жерді айналып құр.
Аяғын әрең басқан он тоғыз ер,
Теңселіп тар аулада байланып тұр.

Аппақ қар көз жанарын қарықтырды,
Ойында ел, санасында халық тұрды.
Офицер көтергенде винтовкасын,
Темірбек ататынын анық білді.

Кенет ол жөткірініп, ән бастады,
Тулады толқынданып қан бастағы.
Еңсесін тіктеп алды Құлымбетов,
Ширыққан Темірбектің жалғасты әні.

Сондағы салған әні «Қараторғай»,
Еліме Қараторғай, қара болғай…
Апырай «Қараторғай, ұштың зорға-ай
Бейшара, шырылдайсың жерге қонбай!»

Әннен ол бір ғаламат күш алғандай,
Сілкінді қанат байлап ұшар жандай.
«Қараторғай… бейшара шырылдайсың!»
Көңілде қалып қойған үш армандай!

«Мен деген мәңгілікпін, пәни – бес күн…
Ұластым мәңгілікке, сан үйлестім.
Ән деген ұлттың жаны, елдің күші,
Ол күшті жеңе алмайды әрине ешкім!» –

Дауысы тарғылданып… «…ұштың зорға-ай…»
Жағдайы Қараторғай құстың болмай…
Тағдырға зарым осы дегендейін,
Айтарын әнмен айтты үш күн соңғы-ай!

Жалаң бас, жалаң аяқ, қанаты оңбай,
Дірдектеп тор ішінде сана тоңды-ай!
Түрменің қан сасыған ауласында,
«…Сайрады, таң алдында қараторғай…»

Атылды мылтық сол сәт шұғыл, жаман,
Селк етті әнге ұйыған шырын ғалам.
…Денесі мәңгілікке дамыл тапты,
Ал жаны ұшып шықты, шырылдаған.

*Т.Жүргенов, Ұ.Құлымбетов, Н.Сырғабеков, С.Есқараев, И.Молдажанов, Х.Нұрмұхамедов, Ж.Сәдуақасов, А.Досов, И.Құрамысов, С.Сафарбеков, А.Мусин, Х.Қошанбаев, Ж.Сұлтанбеков, А.Кенжин, В.И.Иванов, В.Е.Случак, М.А.Чудочкина, Б.М.Берлина, Л.Н.Михайленко.

НұрлыбекСАМАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: