Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Перзент, қамсыз қарттықты ұрлап барасыз…

25.07.2024, 10:00 166

Тастанды сәби туралы көп айтамыз. Тасбауыр әке мен безбүйрек ананың әрекетін әлі сынаймыз. Ал, қолы аузына жеткен шақта ата-анасынан безген перзентті кім дейміз? Көзді киіз шормен таңсақ та, бұл – қоғамда бар құбылыс. Таңбаланып тұр. Кішкентайында төбесіне көтеріп, бар тәттіні аузына тосқан ата-ананы өзектен тебу өнегелі іс емес. Осы орайда, «Қарттар үйіне» табан тіреп, ішкі жағдайымен танысқымыз келді. Жүзінде мұңның мөрі бар сынды. Бірақ, әлдекімді жазғырғысы келмейді. Пікірлесіп отырып, қариялардың парасатын байқадық. Сонымен, мекеме жұмысының барысын да баяндайық.

«МЕЙІРІМДІЛІК  ҮЙІ»: МҮМКІНДІК  һәм  МЕЖЕ

Қара шаңырағынан қашықтап кеткен қариялар қарттар үйінде тұ­рақтайды. Мұнда жайлы жағдай жасалған. Саулығына немқұрайды қарамайды, тамағы тоқ, киімі көк. Білікті мамандар жан жарасын жазуға да тырысып жүр. Бұған қарттардың сөзі дәлел. Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№1 Қызылорда арнаулы әлеу­меттік қызметтер көрсету орталығы»  коммуналдық  мемлекеттік  мекемесі 1968 жылдан бастап 2 қабаттық ғи­маратта қызметін бастаған. Кейін 1992 жылы жаңа үлгідегі 5 қабатты ғимараттың іргетасы қаланды. Содан бері келгеннің кеудесінен итермеген. Тек  ішкі  талап  пен  ереже  бар.

– Негізі орталық 180 орынға арналған. Қазір 165 қарт кісі, жартылай стационарлық жағдайда тұрақты ем алатын 100 ардагер бар. Олар сағат таңғы 9:00-ден кешкі 17:00-ге дейін осында болады. Қажетті емін алып, мәзірге сәйкес тамақтанады. Орталыққа келгендер алдымен карантин палатада 14 күн болады. Тексеруден өткізіп, кейін жағдайына қарай блоктарға бөліп, орналастырамыз. Мәселен, бізде өзге кісінің қызметін қажет ететіндер бар. Олар басқа блокта тұрады. Яғни, қызметкерлер 5 мезгіл асын бөлмесіне апарып, тамақтандырады. Бұл санаттағы қарттар әрбір қызметкердің тікелей бақылауында. Сонымен қатар, 68 І және ІІ топ мүгеде­гі бар. Ең төменгі жас 37 мен 68 жас аралығын қамтиды. Ал, 165 қарттың ішіндегі үлкені – 92 жаста. Мария есімді тыл ардагері. Орталықтан орыс, татар, кәріс сынды өзге ұлт өкілдерін де кездестіруге болады. Әрі осында сөзі жарасып, бас қосқан отбасылық  3  жұп  бар.

Айта кетейін, қатаң талап сақтал­ған. Егер келген кісілер үш рет тәртіп бұзса, шара көріліп, орталықтан шығады. Ішімдік ішіп, бірге ақшалай құмар ойын ойнағаны анықталса, ескерту беріледі. Ал, мұны да елемесе, автоматты түрде шығарылады. Арнайы құрылған комиссия шешім айтып, хаттама толтырады, – дейді «№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің дирек­торы  Раушан  Ысқақова.

Қызмет алушыларға берілген мүмкіндік көп. Мәселен, әлеуметтік-­психологиялық қызметкерлер қыз­мет алушылардың эмоционалды жай-күйін жақсарту мақсатында түрлі тренинг өткізеді. Тіпті, бұл үшін арнайы кабинет те жабдықталған. Мәдени көпшілік іс-шараларды өткізу үшін мәжіліс залы бар. Ал, кино­залда күнтізбелік мерекеден бөлек, мекеменің дәстүрлі іс-шарасы аталып өтеді. Рухани азық аламын деген қарттарға заманауи үлгіде жабдықталған кітапхана есігі ашық. Қорда барлығы 2167 кітап бар. 100 адам бір мезгілде тамақтана алатын асхананың сани­тарлық жағдайы стандартқа сай. Соны­мен қатар, тұзбен емдеу бөлмесінде дәрігердің нұсқауымен ем қабылдаса, дәрі-дәрмексіз де емдеу терапия­сын өткізуге кабинеттер арналған. Яғни, мүгедектер мен қарт адамдардың мүмкіндігіне қарай бейім­делген спорттық құрал-жабдық­тар мен дене шынықтыру залы бар.

Р.Жәдігерқызының айтуынша, мекемеде 177 маман  қызмет атқарады. Штатпен 2 терапевт, 1 невропотолог, 3 психолог бар. Хирург, уролог, психиатр сынды дәрігерлер жарты ставкамен сырттан келеді. Бұдан бөлек, мұнда медбике, массажист пен тазалықшылар жұмыс істейді.

«МЕНІ  ҒАНА  ТАҢДАСА  ЕКЕН ДЕП  ОТЫРАДЫ»

Өмір өзі сан сынақ пен сабақтан тұрады емес пе? Көңіл көмбесінде көмкерген шерін, жүрекке жасырған жүгін қозғамайық дедік. Әлдебір күрсініс байқалғанымен, өмірге һәм жақынына өкпе артпайды. Шындығында, үлкенге құрмет көрсету, бабын тауып, батасын алу – сауапты іс. Қызметкерлер де әр қарттың құбылмалы мінезіне қиналмай, көмек көрсетіп жүр. Әсіресе, психолог мамандар жан дүниесіне үңіліп, сырын бөлісуде  сырт  қалмайды.

– 2011 жылы жұмысқа штат бо­йынша қабылдандым. Алғашында қарттармен танысып, блокқа бөліне­тінін білдік. Олар бізді психолог ретінде қабылдағысы келмеді. Өйт­кені, жынды емеспін ғой деген ой қалыптасып қалған. Кейін бірге жұмыс істеу барысында қызметімізді түсіндірдік. Хал-ахуалына қарай әңгімелесіп, тілдестік. Енді қазір өздері кабинетке келіп, мұң-мұқтажын, мазасыздығын, негативті ойы жайын­да айтып, бөліседі. Ал, І және ІІ топ мүге­дектігі бар қарт кісілердің денсаулығына байланысты, бөлмесіне өзіміз барып, аралаймыз. Әңгімелесеміз. Күнделікті көңіл күйін бақылаймыз. Қарым-қатынасқа түскісі келмейтін адамдар да болады. Өзін алшақ ұстап, қашқақтайды. Сондықтан, ішкі жай-күйін анықтап, психологиялық кеңес береміз. Тұ­йық, оқшау, өзін ортаға бейімдегісі келмейтіндерге топтық тренинг пен сабақтар өткіземіз. Бастапқыда бұған да қатысқысы келмейтін, қазір тренингке  асығып  келеді.

Қарттар да бала сияқты. Көңіл күйі құбылмалы болады. Біраз уақыт бөлгенді қажет етеді. Кейде анаған уақыт бөлді, маған бөлмеді деп қыз­ғанышын да білдіріп қояды. Өзгенің назарын қажет етіп, мені ғана таңдаса екен деп отырады. Әрине, талапшыл кісілер де бар. Әрқайсысымен тіл табысуға тырысамыз, – дейді мекеме психологі  Ақерке Табылдықызы.

Иә, қариялардың әлеуметтік қыз­меткерлерге айтар алғысы көп. Саулығына  салғырт қарамай, мол мүмкіндік беріп отырғанына да дән риза. Әрі мұнда талап бар, бірақ еркіндік те беріледі. Тіпті жұмыс істейтін қарттар да бар. Мекемеде отырғанымызда Ибрагим есімді қарт жұмыстан түскі үзіліске  келіпті.

– Бұл орталыққа 2022 жылдың қыркүйек айында өз еркіммен келдім. Жасым 66-да. Оқыс жағдай болып, аяғым сынып, ота жасаттым. Қос балдаққа сүйеніп, 6 ай көлемінде балдақты тастап, қазір таяқпен жүремін. Мұның бәрі осындағы медицина мамандарының арқасы. Жақында таяқты да тастайтыныма сенемін. Басшылықтан рұқсат сұрап, жұмыс­қа да орналастым. Былтыр көше таза­лығында жұмыс істегенмін, қазір күзетшімін. Әйтпесе, жас келген соң көше  тазалығы  қиындау.

Ұжым қызметкерлеріне көп рақ­мет. Тұратын жерім бар, жағдайымды жасап отыр. Тамақ, киімді әпереді. Іс-шаралар ұйымдастырады, қалмай қатысамыз. Киелі орындарға апарып, экспедиция жасайды. Орталыққа дәл сондай күйге түсіп келіп, мынадай жағдай көремін деп ойламадым, – дейді  ол.

600 АҒАШ: ЖАРЫЛҚАҒАН АТАНЫҢ  ЖЕМІСІ

Жасы келсе де еңбек пен бейнетке жақын қарттар жоқ емес. Соның бірі – Жарылқаған Есбергенов. Көпті көрген, сөзінде салмақ бар кісі. Қуат барда қол қусырып отырған дұрыс емес дейді. Мекеме айналасын жасыл желекке айналдырып, тұмса табиғаттың таңғажайыбын көрсеткен. Уақытын ұтымды пайдаланып, қолы қалт етсе ауладағы ағаштарға көңіл бөледі. Тіпті, олар жеміс те беріп үлгерген. Қарияның маңдай тері мен еткен еңбегі  ақталып жүр.

– 2013 жылы 9 қаңтар күні осы мекемеге келдім. Сол жылы көктемнен бастап, су асты құбырын қазып, мекеме айналасын көгалдандыру жұмысын бастадым. Қара тал, терек, жиде, шие, өрік, көшеттерін сатып алып, ектім. Жерді жамандауға болмайды. Бірақ, ақау бар. Яғни, ащылығы мен тұзды­лығы көп. Еңбегіңнің жартысы өніп, жартысы зая кетеді. Десе де, еңбегім еш кетті деп өкінбеймін. 5 жылдан бері шие жемісін беріп тұр. Осы уақытқа дейін  600  ағаш  отырғызыппын.

 Өзім 1945 жылы дүниеге келгенмін. Бес айдан кейін 80-ге толамын. Бұрын 28 жыл бойы Қармақшы ауданы, Жосалы совхозында күріш ектім. Ұжым болған соң бірі ауырып қалады, трактор тоқтап қалады. Оларды тоқтатпай, жүргізе береміз. Сондай сәтте трактор да, автокран да жүргізгенім бар, – дейді ол.

«Қарттар үйінде» бәрі жан-жақтан жиылған соң, бір-бірімен қарым-қаты­насында қиындық бола ма деген ой көкейде тұрды. Қанша дегенмен, арада араздық болса, онсыз да сынық көңілді құлазытып жібереді. Мұндайда емен-жарқын әңгімелесіп, орынды әзіл айтудың өзі ғанибет емес пе? Осы сұрақты Жарылқаған атаға да қойдық.

– Замандас болғанда көбісі менен кіші. Менің түсінігімше, қазір қатар іздемейді. Үлкен болайын, кіші болайын, бәрімен жылы араласып, кеңес беріп, пікір алмасып тұрамын. Құрмет пен ізетті жаспен шектемесе керек, – деді  ол.

Ағаштың жеміс беруі үшін де тер төгіп, қаншама жылды сарп етуге тура келеді. Кейін тәттінің дәмін татқанда, оның да оңай келмегенін түсінесің. Қанша қиындықты өткергенің. Қария­ның қолынан нағыз еңбек адамы екенін байқадық. Әттеген-ай, ғұмыры да ғажайыпқа толы болғанда…

«БАЛАСЫН  КӨРГЕНДЕЙ ҚУАНАДЫ»

Әрине, қарттарға күтім керек. Жас келгенде ауру да өршіп, саулықтың сыр беретін шағы. Ал, «Қарттар үйі» тек баспана емес, денсаулықты нығайтатын орталық іспетті. Оған мысалдар  да  жоқ  емес.

– Орталықтағы еңбек өтіліме 16 жыл. 24/7 жұмыс істейміз. Қызмет алушыларға физиоемдеу кабинеті, парафин, массаж сынды емдік шаралар көрсетіледі. Өткен жылы тұзды бөлме іске қосылды. Қарттар да бала сияқты ғой. Көңіліне, қас-қабағына қараймыз. Өз айтқанынан қайтпайтын кісілер де бар. Мәселен, мына уақытта кел дейді. Айтқан уақытында барамыз, егер сәл кешіксек ренжиді. Қабылдамайды. Түнде біреу нау­қастанса, сол мезетте жедел жәрдеммен емханаға алып кетеміз. Сондай кезде келесі қартқа бара алмай қалатын болсақ, алдын ала ескертеміз. Олар түсінуі үшін де түсіндіреміз.

Мұнда қарттар түрлі диагнозбен келеді. Сосын оңалту жұмыстарын бастап, емдік шараларды жүргіземіз. Ауруды күрделі және жеңіл деп бөле алмаймыз. Сай-сүйекті сырқыратып, шыбын жанды шырқыратып жібереді. Әсіресе, қатерлі ісікпен ауыратын кісілерге қиын. Оларға берілген дәрі көмектеспей жататын кездер болады. Жанын қоярға жер таппағанда, екпе салып, барынша  қолдау  көрсетеміз.

Бізге кейбірі өзімнің балаларым деп қараса, енді бірі міндеті ғой дейді. Бірақ, кейде ауруханаға түсіп, біз артынша барып, халін сұрағанда туғанын күтіп алғандай, баласын көргендей қуанады. Сол жердегі медбикелер айтып, күледі. Бізге қырсығып, сөйлемей жатқанда, сендерді көріп мәз болды ғой дейді, – дейді мекеме медбикесі  Қарлығаш  Ысқақ.

Расымен, мұнда мейірімге шөлдеген адам көп. Жылы лебіз бен ыстық ықыластың өзі жанына медеу болатын  секілді.

– Орталыққа орналасқаныма  1 ай уақыт болды. Өз еркіммен келдім. Жасым 64-те. Мұнда ықылас пен мейірімді көрдім. Ұжым басшылығы мен қызметкерлері адамға жақсы қарайды. Жүрегім ауырады. Осы жақтан ем алып жатырмын. Ентігіп келіп едім, қазір жағдайым жақсы. Бұрын құрылысшы болып жұмыс істегенмін. Әйелім қайтыс болған. Әркімнің өз тағдыры бар ғой. Әйтпесе, ешкім мұнда келемін деп ойламайды. Жылы алақан, жылы құшақ пен жылы сөз адам рухын көтереді. Асханада мейі­ріммен берген қара судың өзі жақсы, көңілің  жайланып  ішесің.

Басқа да қарттармен қарым-қатына­сым жақсы. Үйренісіп кеттім. Бос уақытымызда шахмат пен дойбы ойнай­мыз. Түрлі іс-шараға қатысамыз, концерттер қойылады. Кітап оқимыз. Көзіміз ашылып жатыр. Бір айдың ішінде қатты өзгердім. Бұрын мені танитындар қазір танымауы мүмкін, – дейді  Мұратбек  Адамбаев.

ТҮЙІН. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейміз ғой. Онда неге сол қазынаны сыртқа үлестіріп жүрміз? Перзент парызының бірі – қамсыз қарттық сыйлау болса, табалдырықтан тоздырып жіберу қаншалықты құптарлық іс? Кей қарттың баласы бақуатты тұрады екен. Әрине, әркімнің тағдыр жолы бар. Бірақ, нағыз байлықты білмей, шалыс баспайық…

 Замира  ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: