Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Патшаның да қызы бақытсыз болады

13.03.2022, 9:00 409

HALYQLINE.KZ Ертеде патшаның екі қызы болыпты. Патша екі қызын да жақсы көріп, қолынан келгенше оларды ештеңеден қақпай, қалағандарын жасап, айқандарын екі етпеуге тырысады екен. Дегенменде, бір ананың сүтін еміп, бір әкенің тәрбиесін көрген екі қыздың өсе келе мінездері өзгере бастапты. Бір күні білімді бір адам патшаға қонаққа келіпті. Патшаның қайғылы түрін көріп, себебін сұрапты.

Сонда патша: «Е-е-е… сұрама, бөліп жармай екі қыз бағып келем. Біріне қарап өмірге құлшынысым артса, екіншісіне қарасам уайымым арта түседі.Себебін білмеймін, күлмейтін бір қызым бар, дертін ешкім білмейді» дейді.

Сонда «Патшам, рұқсат етсең, сарайыңызға қонақ болайын. Мүмкін қызыңыздың қайғысының себебін табармын», — дейді жолаушы. Патша қуана рұқсат етіпті. Сол күннен бастап саяхатшы екі қызды патшаның рұқсатымен жасырын бақылай бастапты. Қараса екеуі түнде жатар алдында жастықтарының астынан бір дәптер шығарып, бір нәрселер жазып, таңертен жазғандарын оқып, орындарынан тұрады екен.

Саяхатшы бір күні қыздар ұйықтағаннан кейін дәптерлерін алып оқыса, кіші қыз өзіне жасалған жақсылықтарды, ал үлкен қыз тек болмашы әділетсіздіктерді жазыпты. Ертеңінде саяхатшы кіші қыздан рұқсат алып, оның дәптерін үлкен қыздың жастығының астына қояды. Таң атысымен патшаның үлкен қызы жастық астынан дәптерді алып оқыпты. Оқып отырып, еріксіз езу тартқанын өзі де байқап, дереу, дәптерді кеудеге қысады. Сол сәтті ойына өзіне жасалған жақсылықтар есіне түсісімен жүзі жадырап, қуанғаннан ән сала бастапты.

Патша үлкен қызының қуанғанын көріп, өз құлағы мен көзіне өзі сенбепті. Бірден саяхатшыны шақырып, бұны қалай жүзеге асырғанын сұрапты. Саяхатшы: «Патшам, өмір айна сияқты. Оның жақсы жақтарын ойласақ, бізге әдемі көрінер. Сіздің үлкен қызыңыз өмірінің жаман жақтарын ойлағаны үшін бақытсыз болған», — деп жауап береді.

Патша үлкен қызын шақырып, оған енді дәптеріне тек жақсылықтарды ғана жазуға кеңес беріпті. Сол күннен бастап, патшаның екі қызы да бақытты өмір сүріпті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: