Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Паң Нұрмағанбет

24.05.2024, 8:00 338

HALYQLINE.KZ

Қазақта паң деген сөзді естімеген жан жоқ шығар. Әдетте паң деген сөзді керенау, кербез, байлығына мастанып, паңданып сөйлейтін адамға қарата айтады. Сол паң деген атауға лайық адам болған ба өзі қазақта десек, я болған екен ондай адам, өткен ғасырдың басында Ақмола өлкесінде, тіпті оған паң деген тіркес те қосып айтқан, ол паң Нұрмағанбет – атақты бай болған адам. Мен бұл паң адам туралы ақпаратты осы Астанаға көшіп келгеннен кейін, жұмыс бабымен Степногорск қаласында жүргенде естідім.

2014 жыл шамасы болу керек, осы қалада орталық алаң күрделі жөндеуден өтті. Бұрынғы Кеңес одағы кезінде төселген бетон плиталар тозығы жеткен, оның орнына заманауи брусчаткалар төселіп, жаңадан субұрқақ салынып, 9 қабатты қалалық әкімшіліктің алдындағы орталық алаң жаңа келбетке ие болды. Мен осы жұмыстардың техникалық сапасын қадағалау (технадзор) қызметін атқарған болатынмын. Степногорск қаласы Кеңес одағы кезінде жабық қала болған, бұнда әскерилер көп тұрған, қорғаныс саласында жұмыс істейтін өндіріс орындары көп болған. Олар қазір де жұмыс істеп жатыр. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін, бұл қалада қазақтар көбейіп, қазақ мектептері ашылып, мешіт салынған. Сол орталық мешіт паң Нұрмағанбеттің атында екен. Мен оны осы жұмыста жүрген жергілікті бір азаматтан естідім. Оның айтуы бойынша осы мешітті сол паң Нұрмағанбеттің ұрпақтары ашқан екен.

Сонымен, паң Нұрмағанбет деген кім болған соған оралайық. Ақмола облысының Ақсу өзенінің бойындағы Қарабұлақ маңын мекендеген, «Жарты патша» паң Нұрмағамбет шалқыған бақ-дәулеті, бұлжытпай орындалатын билік-бітімі үшін, халық оны «Жарты Патша» деп дәріптеген екен. Нұрмағамбет 1891 жылы Ресейдің болашақ патшасы Николай ІІ Омбы қаласына келгенде оның құрметіне ұйымдастырылған көрмеге жақсы жабдықталған ақ киіз үй тігіп, 1000 жылқыны сыйға тартқан. ХХ ғасырдың басында бұл киіз үй Нижний Новгородта өткен Бүкілресейлік көрмеге, Париж қаласындағы көрмеге қойылған. Қазір Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы. 1898 жылы ол Дала өлкесінде жылқы өсіруді үлгілі дамытқаны үшін патшадан күміс, кейіннен алтын медаль мен алтын сағат алған. Нұрмағамбет – ұлт үшін де ұлағатты істер тындырып, байлығын сол жолда сарп еткен ерлердің бірі. Мысалы, оның Алаш көсемдерімен үндес болып, оларға демеушілік жасағаны жайындағы мәліметтер мұрағаттарда сақтаулы. Нұрмағамбет 4 рет қажылыққа барған. 1908 жылы Меккеге қажылық сапарға барғанда Шам (Дамаск) шаһарынан қазақ елінен қажылыққа келушілер үшін арнайы үй сатып алған. Ол имандылықты насихаттап, ауылында ағаштан мешіт тұрғызған. Алайда, паң Нұрмағанбет ел есінде басқа ісімен сақталған. Ол – әкесі Сағынайға берген асы. Осы аста Ақан серінің атақты Құлагері мерт болған. Мақсұтбек Сүлейменнің көрсетуінше, паң Нұрмағамбет 1886 жылы әкесі Сағынайға ас бергенде, ол асқа 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұхар кілем ілінді. 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынды. 10 мың көрпе-жастық, қонақтарға сыйлауға 500 бұхар шапаны әкелініп, Сібірден 500 бағалы аң терісі алынды. 20 мың қой, 1000 жылқы сойылды. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында Арқада өткен Сағынайдың асына кеткен шығынның атақты Тәж-Махал кесенесін салуға жұмсалған қаржымен бірдей болғандығы жазылады.

Енді мешіт туралы қысқаша мәлімет айтсақ. «Паң Нұрмағанбет» мешіт ғимараты 2000 жылы басталып, 2006 жылы жеке кәсіпкер Марат Әскенұлы Набиевтің демеушілігімен аяқталды. Мешіт жерінің көлемі – 5041 шаршы метр. Мешіт ғимаратының көлемі – 514,7 шаршы метр, сыйымдылығы – 700 адам. Мешіт ғимаратының биіктігі – 7 метр. Сыртқы қабырғалары мюнхендік штукатуркамен қапталған. Мешіттің ішкі қабырғалары керамикамен қасиетті Құран аяттарымен жазылып, ұлттық ою-өрнектермен нақышталып безендірілген. Төменгі қабатта дәретхана және қызметкерлерге арналған асхана орналасқан. Мешіттің күмбездері жұқа темірмен қапталған. Мұнараның биіктігі – 17 метр. Мешіт ауласында көлемі 4х4 дүкен орналасқан. Және көлемі 30х12 бір қабатты 300 адамға арнайы асхана ғимараты салынды.

«Жарты патша» атанған паң Нұрмағамбет туралы қысқаша мағұлмат осындай.

Ералы  Есімов,

зейнеткер,

Астана  қаласы

Суретте: Степногорск қаласындағы паң Нұрмағанбет мешіті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: