Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ОНЛАЙН»-нан «10 МИНУТ»-қа ДЕЙІН

09.04.2020, 11:10 469

Қашықтық дедік, «ғашықтық» дедік, әйтеуір біздікілер оқытудың оңтайлы һәм оңай тәсілін таба алмай жатқан сықылды. Бас мұғалімнің де бұл тұрғыда «басы қатып» жүр ме, алғашқыда мұғалімдер қауымы онлайн оқытудың ау-жайын байқап көрген. Оған мұқым елдің шамасы жете қоймады. Еліміз бойынша интернеттің жағдайы мәз емес екені білініп қалды. Қалаларды қоспағанда  республикадағы  ауыл-аймақ, елді мекендердің  интернетке қолжетімсіз  күйін, одан  қалды, оқыту  техникаларының (компьют­ер, ұялы  телефон)  жеткіліксіздігі онлайн­ оқытуды ысыра салуға әкелді. Қазақстандықтардың WhatsApp желісінде желдей есіп жүрген ата-аналардың айғай-шуға толы аудиожазбаларын былай қояйық. Бәрі ZOOM-нан зәрезап болды да шыға келді. Онсыз да олқылығы көп қазақ білімі мына карантин кезеңінде де бір арнаға­  түсе  алмай  тұр.

Айтып келмейтін апат секілді бәле басқа түскелі білім саласындағылар да бағытты қай арнаға бұрарын білмей отырғанын түсінуге болады. Бірақ, осындай шырғалаңы көп шаруаларды биліктің басында отырғандар алдымен әбден елеп-екшеп, сүзгіден өткізіп болға­н  соң ғана бұйырғаны дұрыс. Қазір әрбір отбасыда кемінде 3-4 баладан оқиды. Оның үстіне карантинді жеке бас пайдасына жаратқысы келген кәсіпкерлердің бағаны шарықтатып жібергені кез келген отбасыға ауыр соққы болып тиюде. Дәл қазір күнде­лікті тамағына талғажау таба алмай отырғандар мемлекеттің білім мәселесі­не аса бір зейін қойып, балаларының біліміне бас қоя кетейін деп отырған жоқ. Сондықтан мұның да бір оңтайлы шешімі болу керек. Өткен аптада Қы­зылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Байқадамов онлайн брифингте берген мәлімдемесінде қашықтан оқытудың тәртіптерін тәптіштеп берген еді.

– Оқыту ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен тәсілдер бойынша ұйымдастырылатын  болады. «Балапан», «Еларна» телерналары арқылы 3000-нан аса сабақ берілетін болады. Әрбір сабақтың уақыты – 10 минут. Телесабаққа облыстағы 73847 оқушының 46 пайызы қамтылады. Сондай-ақ оқушылар радио және өзге де интернет бағдарламалары арқылы  оқытылады,– деді ол.

Оның айтуынша, интернеті мен ұялы байланысы жоқ ауылдар мен елді мекендердегі оқушыларға алдын ала дайындалған тапсырмалар үйлеріне санит­арлық талаптар сақтала отырып жеткізіледі. Қазір аймақта 25 ауыл интер­нет игілігін пайдаланып отырған жоқ. Ал мұндай ауылдарда 2500-ден аса бала білім алады. Облыстың жағдайы осы. Ал еліміз бойынша дүдәмал күй кешіп отырған қаншама халық бар.

«Енді не дер екен?» деп екі көздері төрт болып төрге қарап отырған жұрт қашықтан оқытуға кірісіп кетті. Үйде бала-шағасымен арпалысқан ата-ана енді биліктің бұл бастамасына да басын изеп, құп алады. Басқа шара жоқ.

Асхат  Аймағамбетов,

ҚР  Білім  және  ғылым  министрі:

Білім бөлімдерінен, мектептер мен мұғалімдерден ешқандай есеп керек емес. Кейбір жерлерде ұстаздардан, енді бір жерлерде ата-аналардан есеп сұрап жатқанын естідік. Тағы қайталап айтамын, ешқан­дай есеп керек емес. Мектеп басшылары, әрбір мұғалім қандай жұмыс атқару керек екенін біледі. Тексеріс те жүргізілмеуі тиіс. Еліміз бойынша ұстаздардың қадірі қатты білініп  жатыр  деп  ойлаймын.

– Қашықтан оқу басталды. Қаласақ та, қаламасақ та, осы тоқсанды осылай өткереміз. Әзірге қайталау тоқсаны ғой дегенді ғана дәтке қуат етіп отырмын. Ата-ана ретіндегі көзқарасымды біл­дірсем. Мегабайтты сылтау етпей балаға­ жағдай жасауымыз керек. Желіде­ отыруға жұмсалған мегабайтты балаларға берейік. Үкіметтің цифрландырудан жіберген олқылығына, KazSat-ты дұрыс ұшырмағанына мұғалім кінәлі емес. Кінә биліктегі «нашар оқушылардан» болып­ тұр. Оны жөпелдемеде жөндеу де қисынсыз. Сондықтан ватсапқа күн қарады. Енді осы жерден ажиотаж тудыр­мау мұғалімнің қолында. Әр апай бас-басына чат ашып, у-шу. Біздің «ұқсас пәндерді біріктіріп ашыңыздар» деген ұсынысымыз ескерілмеді. Бес баласы бар маманың телефонында 40-қа жуық чат ашылыпты. Көжені өздеріңіз жасап отырсыздар. Ата-ананы да ойлау керек. Сіздер толық жалақы алғанмен жарты жұмыстарыңызды үйдегі ата-ана жасайд­ы. Өздеріңізге емес, ата-анаға да қолайлы  болуы  керек. Қаптаған чаттан смартфон  қатады. Ажиотажды қолдан жасамаңдар. Қызылорда қаласының білім бөлімі, насихат мұғалімдерге жеткіліксіз сияқты. Ата-анадан бұрын, – дейді қала тұрғыны  Ү.Жареке.

Барлық әлеуметтік желі, БАҚ-та телеар­на арқылы беретін сабақ кесте­сінің  тізімін жарияланды. Әр сабаққа 10 минут уақыт беріледі. Бұл уақыт оқушылар  үшін  тиімді ме?

– Әр сабаққа берілетін 10 минут уақытта  белгілі  бір  тақырып  өткізі­ле­ді. Мәселен, алгебра сабағынан «Тригонометрия формулалары» тақырыбы алынып, сол бойынша есеп шығару тәсілдері үйретіледі. Телеарнаны қарай отырып, өзіңе қажетті мәліметтерді дәптері­мізге түртіп алып отырамыз. Бірақ бір қиын жері, теледидарда тез түсіндіріп өтеді. Қайталап сұрай алмайсың, – дейді Қармақшы ауданы №108 орта мектеп­тің 11-сынып оқушысы Н.Жөңкеева.

Оның айтуынша, телеарнамен қоса WhatsApp желісі арқылы мұғалімдер қосымша тапсырмалар беріп, сол бо­йынша білім алып жатқанға ұқсайды. Телеарнадан 10 минут, оған қосымша ұстаздардың желі арқылы жіберетін қосымшалары бар, соның барлығымен көптеп  соңғы тоқсанның да аяқталатын түрі  бар.

Ұстаздар қауымының  да  қарсылығы жоқ. Министрлік міндеттеген тапсырманы  орындауға  әзір.

– Қашықтан оқыту үдерісіне дайынбыз. Оған ешқандай дауымыз жоқ. Мен барлық әріптестеріме сенемін. Бұл қиындық­ты еңсеріп шығамыз деген ойдамын­, – дейді қаладағы №261 мектеп директоры  Қ.Абдрахманова.

ТҮЙІН.  «Сыбырлағанды  да  құдай  естімей  ме?» деген. Естуімізше  қазір­гі оқушылардың таным-түйсігі өзгерген. Мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде кітаптың бетін ашпайтын, білімге бейжай қарайтын оқушылардың қатары  артқан.  Карантиннің кезінде нақ сол оқушылардың айы оңынан туып-ақ  тұр. Қашықтан оқытуға да ашықтық керек секілді. Бұл жүйені де бақылап  жатқан басшы, тексеріп жатқан тірі жан жоқ. Бұл да келісімсіз пішкен  тонның  біріндей  болып  бір  бұрышта  қалып  қоймаса,  игі…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: