Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өзгеріс өнімді бола ма?

04.07.2024, 10:20 168

Жыл сайын елімізде шілде айының 1-інен бастап өзгерістер болып тұрады. Белгілі  бір заттардың бағасы қымбаттайды, тарифтер, жалақы мен азаматтарға  төленетін  қаржы  пайызы  өседі. Қазақстанда 2024 жылдың  1  шілдесінде  басталған  өзгерістер  туралы  толығырақ  баяндасақ…

ГАЗ  БАҒАСЫ  НЕГЕ  ҚЫМБАТТАЙДЫ?

Елімізде тауарлық газдың орташа көтерме бағасы өсті. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, ресейлік бағаға жақындату үшін бағаны түзету қажет. Төмен баға газ өнеркәсі­бінің инвестициялық тартымдылығын төмен­дететіндіктен және жер қойнауын пай­далану­шылар  еліміздегі  газ саласының пайдасыздығына байланысты газ кен орындарын игеру­ге  мүдделі  емес.

– Бүгінде Қазақстандағы газдың көтерме бағасы әлемдегі ең төменгі бағалардың бірі болып табылады және шамамен 20 640 теңге/мың м³ құрайды. Мысалы, көршілес Ресей Федерациясында баға 35 000 теңге/мың м³ деңгейінде қалыптасты. Сонымен қатар, Қазақстанда тауарлық газ бағасын ұстап тұру еліміздің кейбір өңірінде өнімнің өзіндік құнының бекітілген бағадан 150-200%-ға артуына, сондай-ақ отандық өндіріс әлеуетінің жыл сайын төмендеуіне әкелді, – деп жауап берді министрлік.

Энергетика  министрлігі тауарлық газ бағасының  көтерілуі тұтынушыларға аздап ғана әсер ететінін  айтып  отыр.

– ҚР  Энергетика  министрінің  2024  жылғы 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес 01.07.2024 жылдан бастап сұйытылған мұнай газ бағасы қымбаттады.

Өңірімізде  шекті  бөлшек сауда бағасы 1 литр­ге – 70 теңгені, ал облыс орталығынан 200 (екі жүз) километрден астам қашықтықта орналасқан шалғай аудандар үшін шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр  үшін  75  теңгені  құрайды.

Яғни, тұтынушыларға арналған баға 9%-ға өссе, ал газ желісі ұйымдары үшін газ өңдеу зауытынан сатып алынатын бағасы 12%-ға өскенін хабарлаймыз, – деп хабарлады Қызылорда облысының  кәсіпкерлік  және  өнеркәсіп бас­қармасы.

Осының өзінде облыста газ тапшылығы туындағаны белгілі болды. Мамандар бұл мәселеден де хабардар екенін, шешу үшін қажетті жұмыс­тар  атқарылып  жатқанын  айтты.

– Бірнеше газ құю станцияларында газы таусылған жағдайда қалған ірі газ операторларына жүктеме түсуде. Газды тасымалдау жеткілікті арнайы техника мен уақыт қажет ететіндіктен газ құю станцияларында үзілістер пайда болады. Маусым айының соңында газ тасымалдаушылар тәулік бойы жұмыс істеп, газды облыс бойынша тасымалдады.

Сонымен қатар, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында болған газ тапшылығына байланысты Жаңақорған ауданын сұйытылған мұнай газбен қамтамасыз етуде қиындықтар туындап, газ  тасымалдаушылар күніне бірнеше рейс жасады. Осыған байланысты, автокөлік дәлізімен транзиттік көліктер Жаңақорған ауданындағы барлық газ қорын алмау үшін ауданда 1 көлікке 1500-2000 теңгеге шектеу қойылды, – дейді  жауапты­лар.

ТЕМЕКІ  МЕН  ТАРИФ ТА…

«Қазақтелеком» да 1 шілдеден бастап азаматтар үшін интернет құнын қымбаттататынын хабарлады. Қымбаттаған тарифтердің толық тізімін  провайдердің ресми сайтынан көруге  болады.

Сайтта жарияланған деректер бойынша, қымбаттау тек мұрағатталған желілерге әсер етеді. Яғни, бұл – бүгінде қосылу мүмкін емес 50-ден сәл астам тариф. Көптеген клиенттің қызмет­терді ескірген бағамен пайдаланатыны белгілі болған, сондықтан да қымбаттату енгі­зілген.

Провайдер әзірге басқа тарифтердің бағасын көтеруді көздемейтінін және бағаны ең төменгі деңгейде ұстау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып жатқанын айтып отыр.

Сондай-ақ, Қазақстанда 1 шілдеден бастап темекі тағы да қымбаттайды. Тағы да деуге негіз бар. Қаржы министрлігі фильтрі бар және фильтр­сіз темекілердің, папиростардың, сигариллалардың және қыздырылған темекі өнімдерінің  ең  төменгі бөлшек сауда бағасына өзге­ріс­тер  дайындады.

Бұйрық жобасында фильтрі бар және фильтр­сіз темекілердің, папиростардың, сигарил­ла­лардың және қыздырылған темекі өнімдерінің 20 (жиырма) данасына ең төменгі бөлшек сауда бағасын  мынадай  мөлшерде  бекіту  көзделген:

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап 2024 жылдың 31 желтоқсанын  қоса  алғанда  820  теңге;

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 870 теңге болады.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап темекінің ең  төменгі  бағасы  770  теңге  болды.

ДӘРІЛІК  ЗАТТАР ТАҢБАЛАНДЫ

2023 жылы Қазақстан Республикасы Үкіме­тінің 21 қазандағы қаулысымен таңбалануға жататын тауарлар тізбесіне өзгерістер енгізілді. Онда 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық дәрілік  заттар  міндетті  түрде  таңбалануға  жатады  деп  көрсетілген.

– Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау фармакологиялық қадағалау және дәрілік заттардың сапасын бақылау тиімділігін арттыру, дәрілік заттардың өндіріс сатысынан бастап соңғы тұтынушыға дейінгі кезеңін бақылау, заңсыз айналымға, оның ішінде қолдан жасалған  өнімдерге қарсы күресу мақсатында енгізіліп жатыр, – делінген Қазақстанның денсаулық сақтау министр­лігінің медициналық және фармацевтикалық  бақылау  комитетінің  хабарламасында.

Таңбалау жүйесіне дәрілік заттардың айна­лымына қатысушылардың барлығы кіреді. Қажет­ті ақпараттық жүйелер кеденге кіруден бастап соңғы алушыға жеткізуге дейін біріктірілген.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаменті фармацевтикалық қызметті бақылау және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мониторингілеу бөлімінің бас маманы Айжан Бақытжанқызы дәрі-дәрмектің таңбалануы  турасында  өз  ойын  айтты.

– Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінде жұмыс істеу үшін дәріхана ұйым­дары бірқатар қадам жасауы керек. Дәріханаларға дәрілік заттарды өткізу үшін бақылау-кассалық машинаның болуы қажет. Сондай-ақ, тауарларды таңбалаудың және қадағалаудың ақпараттық жүйесінде таңбаланған препаратты босатуды жүзеге асыру үшін 2D-сканер сатып алу қажет. 2D сканерлердің орташа құны субъектінің қуатына байланысты 13-185 мың теңге аралығын құрайды. Осыған байланысты, шағын кәсіпкерлік және шағын бизнес субъектілерінде дәрі-дәрмектерді таңбалауды және қадағалауды енгізу үшін жабдықты минималды шығындармен сатып алу мүмкіндігі  бар.

Таңбалау кодтарын енгізуді дәрілік заттарды өндірушілер жүзеге асырады. Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану бөлігінде бірқатар нормативтік-құқықтық актіге өзгеріс­тер енгізуде, – дейді ол.

Препараттарды таңбалау – бұл тауар айналымын  бақылаудың  маңызды құралы. Қазір нарық­та көптеген сапасыз тауар бар, ал ақпараттық жүйенің көмегімен таңбалау тауардың өндіріс­тен сатылымға дейін қадағалануын қамтамасыз  етеді.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрландыру медициналық қызметтердің құнын төмендетуді, сапасы мен тиімділігін арттыруды қамтамасыз етеді. Бұл нарықтағы контрафактілік өнімдерді және дәрі-дәрмектерді сатудың заңсыз жолдарын  болдырмауға  көмектеседі.

Ұзақмерзімді  перспективада таңбалау оң әсер  етеді, бұл дәрі-дәрмек өндірушісінен  дәріхана сөресіне дейінгі бүкіл жолын бақы­лауға мүмкіндік береді. Таңбалау сонымен қатар елдегі дәрі-дәрмектерді жеткізу мен қамтама­сыз етудегі жағдайды жақсартады, осылайша дәрі-дәрмектердің  жетіспеушілігін  болдырмайды.

ҚАЗАҚСТАНДА  БАЛЫҚ  АУЛАУҒА  ШЕКТЕУ  ЕНГІЗІЛДІ

Ауыл шаруашылығы министрлігі «2024 жылдың 1 шілдесінен 2025 жылдың 1 шілдесіне де­йін балық ресурстарын және басқа да су жануар­ларын аулауға шектеулерді бекіту туралы» бұйрық  дайындаған  болатын.

Балық аулау лимиттері (атауы бойынша) Қазақ­станның барлық өзені мен су қоймасы үшін  бекітілген.

Мысалы, Қиғаш өзені мен Каспий теңізі кіретін Жайық-Каспий бассейнінде 50496,72 тонна балық, оның ішінде 4,63 тонна бекіре тұқымдас  балық  аулауға  рұқсат  етілген.

Балқаш көлінде (үш облыс шегінде: Алматы, Қарағанды, Жамбыл) 8855 тонна балық аулау­ға рұқсат етілген. Ол жақта негізінен ақтабан, көксерке, ақбалық, торта балық, сазан, мөңке, жылан­бас балық бар.

Іле өзені мен оған іргелес суаттарда балық көлемі 135,59 тонна деп белгіленген.

Алакөл, Қошқаркөл және Сасықкөл көлдерін қамтитын Алакөл көлдер жүйесінде 568,7 тонна балық аулауға болады.

Қапшағай су қоймасында балық аулау шегі 1350,6 тонна деп белгіленген.

Бұқтырма  су  қоймасында – 2785,19 тонна балық.

Жайсаң көлі – 6131,3 тонна.

Ертіс өзені – 83,9 тонна.

Арал теңізі – 6362,19 тонна.

Сырдария өзені – 184,56 тонна.

Шардара су қоймасы – 2275,94 тонна.

Басқа өзендер мен су қоймалары үшін де шектеу  белгіленген.

НЕСИЕ  РӘСІМДЕУ ҚИЫНДАЙ  ТҮСЕ  МЕ?

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген «Кредит берудегі тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нары­ғын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру туралы» Заңның бірқатар тармағы күшіне  енді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ай басынан бастап азаматтардың несиелік жүктеме­сін  азайту  мақсатында  төлем мерзімі  90 күннен асатын мерзімі өткен несиесі бар азаматтарға тұтынушылық несиелерді беруге ты­йым  салынғанын  түсіндіріп  отыр.

Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап өндіріп алушыларға мерзімі өткен несиелерді тағайындауға екі жылдық мораторий енгізілді. Несиелері коллекторларға бекітілген қарыз алушыларды қолдау үшін 2024 жылдың қазан айынан бастап коллекторларға берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу міндеті  енгізіледі.

20 тамыздан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарына жаңадан ғана емес, сонымен қатар заң қабылданғанға дейін берілген барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық несиелер бойынша кешіктіру мерзімі 90 күнді құраса, сыйақы белгілеуге тыйым салынады.

Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап жеке тұлғаларға жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салу тәртібі күшіне енеді.

– Бұл жаңашылдық отбасылардың мүдделерін қорғауға және ерлі-зайыптылардың бірі екіншісінің келісімінсіз ірі көлемдегі тұтынушылық несиелерді асығыс алуына жол бермеуге бағытталған, – деп хабарлады Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің  басшысы  Мәдина  Әбілқасымова.

Еске салайық, 19 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев несие берудегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқық­тарын  қорғау  туралы  Заңға  қол  қойған  болатын.

Бұл және мұнан өзге де өзгерістердің қаншалықты өнімді болатынын алдағы уақытта білетін боламыз. Ең бастысы, жауаптылар қандай да болмасын, шектеу мен жаңашылдықтың жақсылыққа бастайтынын, экономикалық  шешімі  бар екенін  айтып  отыр.

Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ

Коллажды жасаған Е.Қалиев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: