Қызылорда қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи мен Ғ.Мұратбаев көшелерінің түйіскен жері «Құлагер» аялдамасы аталып кеткелі қашан? Бүгінде автобустан «Құлагер» деп түсіп, теміржолдың арғы бетіне өтетін қауымның қарасы қалың. «КБИ» мен «Шұғыла» мөлтек ауданының тұсындағы теміржолды қиып өтетін тұрғындар қанша жылдан бері қара басын қатерге тігіп келеді. Жалпы, бұл учаске жаяу жүргіншілерге арналмаған. Тіпті, рельстің үстімен жүріп өтуге тыйым салынған белгі де тұр. Қанша қауіпті болса да, арғы беттегі ағайынның осы жермен жүруден басқа амалы жоқ.
Қызылордада жыл басталғалы бері шойын жол бойында 2 адам өлімі тіркелді. Соңғы үш жылда облыс бойынша 23 адам пойыздың астында қалып, қаза тапқан. Біз сөз етіп отырған аумақпен облыс орталығына жол салған жұрт бүгінде балаларының өмірі үшін алаңдап, жергілікті биліктен өткел салуын талап етіп жүргендеріне көп болды. Бұған дейін ел арасында «КБИ» мен «Шұғыла» мөлтек аудандарын байланыстыратын жай ғана жаяу жүргіншілердің өткелі ғана емес, автокөлік емін-еркін өтетін көпір салынады екен» деген әңгіме желдей ескен болатын. Ал, тұрғындар аталған жер ұры-қарылардың «ұясына» айналғанын айтады.
– Бұл аумақтан күнде өтеміз. Балаларымыз да осы жермен жүреді. Әсіресе, қараңғыда өту – өте қауіпті. Пойыздан келетін қауіпті айтпағанда, бұл жер ұрылардың мекеніне айналған. Әйел кісілердің қарсылық танытпайтынын біліп алған қарақшылар тұтқиылдан шабуылдап, сөмкеге жабысады. Кішкентай балаларды қорқытады, ақшасын алып қояды. Өз басым мұндай жайттардың бірнеше рет қайталанғанын білемін. Ең болмағанда жарықшамдар орнату керек шығар, – дейді «КБИ» мөлтек ауданының тұрғыны.
Адам өмірін қиған соңғы оқиғаға көп уақыт бола қойған жоқ. 26 жастағы азамат жүйткіген пойызды аңғармай, қыршыннан қиылған. Тағы қайталап айтсақ, жақын маңайда теміржолды қиып өтетін өткел жоқтың қасы. Мүмкін, өткелден өтер ме еді, өмірден өтті…
Қызылорда теміржол станциясы басшылығы қала тұрғындары талап еткен қауіпті аумаққа көпір құрылысын жүргізу үшін жергілікті әкімдікке ұсыныс берген көрінеді.
– 2018 жылы күз айында әкімшілікпен бірге теміржолды қиып өтетін тұсын анықтадық. Ол жерге көпір сала ма, әлде теміржолдың астынан өтетін жерасты жолын сала ма, белгісіз. Ол әкімшіліктің құзырында, – дейді Магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері Берік Бекжанов.
Нысанның қашан салынатынын салаға қатысты мамандар да дөп басып айта алмай отыр. «Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшылығы «Qazaqstan» ұлттық арнасында көтерілген мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Оны фейсбук желісіндегі «Ашық Қызылорда» парақшасы жариялады.
– Қазақстан Республикасының Үкіметінің 06.06.2019 жылғы №374 қаулысымен бекітілген Қызылорда қаласының бас жоспарының көше-жол торабы мен көліктің схемасына сәйкес Ғ.Мұратбаев көшесінен Жаппасбай батыр көшесі аралығындағы теміржолынан жол өткелі қаралған. Осыған орай, теміржолдан Жаппасбай батыр көшесіне өтетін жол өткелінің құрылысына қаржы көздері қарастырылған жағдайда, өткелдің құрылысын жүргізу мүмкін болатындығын назарға саламыз.
Айта кету керек, «Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуді облыстық бюджеттен қаржыландыруға 7 млн 818 теңгені құрайтын бюджеттік өтінім берілгендігін жеткіземіз.
Ұлттық арна дайындаған бейнематериалда бір топ баланың теміржолды қиып өтіп мектепке, одан қалды үйірмеге, жаттығуға баратыны туралы айтылады. Еліміздің басты байлығы адам өмірі екені анық. Ендеше, аталған мәселенің де маңызын жауапты органдар таразылай жатыр.
Бүгінде халық санымен қатар, қала ішіндегі көліктердің де қатары күн сайын артып жатқанын негізге алсақ, арғы бетке қатынайтын тағы бір көпірдің қажеттілігі қарсы алдымыздан шығады. Ел аузында «Тесік көпір» аталып кеткен Қорқыт ата көшесіндегі көпірде кептелістің жиі-жиі болатынын көзіміз көріп жүр. КБИ, Шанхай, Коммунизм, әл-Фараби, Бәйтерек, т.б. мөлтек аудандарды, Қарауылтөбе, Абай ауылдарын қала орталығымен байланыстырған аумақпен 1-2 жылда емін-еркін жүру мүмкіндігі қиындай түспек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!