Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов жұмыс сапарымен Қазалы ауданына келіп, аудан әкімі Алмасбек Есмахановпен бірге аудандағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады.
Бахыт Дүйсенұлы алдымен Қазалы теміржол вокзалына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары мен вокзал жанындағы жаяу жүргіншілерге арналған теміржол үстінен өтетін көпір құрылысын көрді. Теміржол вокзалындағы күрделі жөндеу жұмыстарын «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен мердігер мекеме «Бақ Береке» ЖШС жүргізуде. Эскиздік жобаға сәйкес, ғимараттың іргетасы мен қабырғаларын нығайту, шатырын ауыстыру, есік-терезелерді жаңарту, жолаушыларға арналған күту залдарын заманауи талаптарға сай жабдықтау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздік жүйелерін орнату, сондай-ақ вокзал аумағын көгалдандыру және брусчатка төсеу секілді ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Бүгінде вокзал ғимаратының сыртқы жұмыстарының басым бөлігі аяқталып, ішкі жұмыстары атқарылуда.
Теміржол вокзалынан кейін Әйтеке би кентіндегі халықтың әлеуметтік осал топтары үшін салынып жатқан 2 пәтерлі 40 тұрғын үйдің құрылысын көрді. Қазіргі таңда тұрғын үйдердің құрылысы аяқталуға жақын. Жуық арада аудан халқының игілігіне пайдалануға берілмек. Аталған тұрғын үйдердің құрылыс жұмыстары облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей бақылауында екенін айтқан Бахыт Дүйсенұлы құрылысқа жауапты мердігер мекеме өкілдеріне тұрғын үйлерді мерзімінде әрі сапалы аяқтап, толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, халық игілігіне уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.
Облыс әкімінің орынбасары ауданға жасаған жұмыс сапары барысында «Қарлан» көпірінің құрылысы мен Бекарыстан би ауылындағы спорт кешінінің құрылыс жұмыстарын көріп, мердігерлермен кездесті. Бүгінде Қарлан көпірінің құрылыс жұмыстарымен мердігер мекеме «НұрлыТау ЛТД» жауапкершлігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Бүгінде көпір құрылысы қарқынды жүргізіліп, көпірдің кіреберіс жолдарын салу, Сырдария өзеніндегі суды уақытша бөгеу арқылы бетонтіреулерді құю жұмыстары жүргізілуде.
Сырдария өзенінің арғы бетіндегі 12 мыңға жуық халық үшін бұл көпірдің маңыздылығы жоғары екенін айтқан Бахыт Дүйсенұлы, мердігерге ең бірінші кезекте құрылыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуы керектігін ескертті.
«Ауыл ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан Бекарыстан би ауылындағы спорт кешенініңде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Спорт кешенінің құрылысымен мердігер мекеме «Жылу ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серістестігі айналысуда.
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бұл жобалар —ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазалы ауданында «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында да спорт кешендері салынуда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!