Елімізде төтенше жағдай енгізілгелі қарбалас тіпті күшейді. 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы карантинге жабылып, блок-пост қойылатынын естіген жұрт туған жеріне қайтуға асыққаны анық.
Өткенде Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев БАҚ өкілдерімен бірге адам қарасы көп шоғырланатын бірқатар маңызды нысандарды аралап шықты. Мәселен, облыс орталығындағы теміржол вокзалына күнделікті 4,5-5 мыңға тарта адам келеді. Одан бөлек, арлы-берлі ағылған жолаушыңыз тағы бар. Адам аяғы үзілмейтін мұнда санитарлық жағдай мәз емес.
– Вокзалға қойылған антисептиктер өте аз. Мұны көбейту керек. Ал билет кассаларының алдында адам нөпірі көп жиналмауы тиіс. Қазір күн жылы. Жолаушылардың билет сататын залға біртіндеп кіруін қадағалаған жөн. Қалған адамдардың сыртта күте тұрғаны дұрыс. Ең маңыздысы, ғимарат ішінде дезинфекциялық жабдықтарды көбейтіп, санитарлық тазалыққа көңіл бөлген абзал, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сонымен қатар, ол жауаптыларға теміржол вокзалы қаланың негізгі қақпасы екенін ескертіп, айналасын абаттандырып, таза ұстауды тапсырды.
Бұдан әрі шаһар басшысы қаладағы автовокзал мен «Қорқыт ата» атындағы әуежайға барып, індеттің алдын алу жұмыстарын көзбен көрді. Сондай-ақ, жауаптыларға Қызылорда қаласына келген жолаушыларды жіті назарға алып, тексеруді тапсырды. Айтпақшы, біршама уақыт бұрын әуежай алдындағы ағаштардың қырқылып, сұрықсыз күйге енгендігі туралы айтылған еді. Мәліметтерге сенсек, әуежай басшылығы әкімдіктің рұқсатынсыз отап тастаған. Мұның соңы дауға ұласқан еді. Әуежай басшысы Константин Ни ұшақтардың ұшып-қонуына кедергі келтіретін ағаштарды кесу туралы министрліктің бұйрығы барын алға тартты. Қала әкімі осы салаға жауапты орынбасарына бұл мәселені қатаң тексеруді тапсырды.
Қызылордадағы ең өзекті мәселенің бірі – кәріз жүйесіндегі ақаулар. Қала тұрғындары қолқаны қапқан иістен шаршағаны шындық. Бүгінде бас шаһарда «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің теңгерімінде 62 КНС бар. Соның 23-інде қажетті жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатта «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлінген.
Осы ретте айта кетейік, 2016 жылы жергілікті билік жоба әзірлеп, келесі жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржы бөліне бастады. Соңғы үш жылдың көлемінде бұл жұмыстарға 2 млрд теңгеден астам қаржы қаралды.
– Мұның тиімділігі көп. Біріншіден, тұрғындар жиі шағымданатын жағымсыз иіс мәселесі шешіледі. Екіншіден, КНС автоматты түрде қосылып-ажыратылады, сондықтан қосымша жұмыс күші қажет болмайды. Ең бастысы, адам өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Өйткені осындай орындарды жөндеу кезінде жұмысшылар қайтыс болғанын білесіздер. Міндеттеме бойынша мердігер 23 КНС-ті мамыр айына дейін іске қосуы тиіс, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Айта кететін жайт, қаладағы кәріз желілерінің дені 60-70-жылдары салынған. 62 КНС-тің 8-і ғана жаңа. Алдағы уақытта 31 кәріз желісі жаңғыртудан өтетін болады.
Осыдан кейін қала әкімі Ақсуат ауылдық округіне қарасты Наурыз елді мекеніндегі ауызсу жинау қоймасында болды. Салынған нысанның арқасында 6 мыңға тарта тұрғын сапалы ауызсудың игілігін көрмек. Құрылыс жұмыстарын «Мелиоратор» ЖШС жүргізген. Өз кезегінде қала әкімі жаңадан салынып жатқан үйлер шет қалмауын, әрбір баспанаға есептеу құралдарын орнату керектігін атап өтті. Айта кетейік, «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында Талсуат, Қосшыңырау, Белкөл-2, Қызылөзек, Қарауылтөбе елді мекендерінде де су жинау қоймалары салынуда.
Доллар бағасының өсуі, төтенше жағдайдың орнауы жергілікті биліктің жұмысын одан ары еселей түсті. Жауаптылар базар бағасын бақылауға алуға кіріскендей. Бұдан бөлек, БАҚ арқылы санитарлық талапты сақтау керектігін, дәл осындай уақытта жалған ақпараттардың жетегіне ермеуді ауық-ауық айтуда…
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!