Әр нәрсенің қайыры бар деген. Аты жаман індеттің кең тарамауы үшін халқымыздың бұрыннан келе жатқан амандасу салтын қайта орнықтыру қажет секілді. Қазір кейбіреулер амандасқанда жұдырығын түйіп, кейбіреулер шынтақ түйістіріп жатыр. Трамп ежелгі үнді елінің амандасу дәстүрін қабыл алып, қолын қусырып амандасты. Біздің қазақ бұрын оң қолын кеуде тұсына қойып, жалпыға да жалқыға да «Ассалаумағалейкум» деп амандасатын. Беттен сүю, жаппай қол беру, әсіресе, әйел адамдарға қол созу, оның қолынан ұстау деген болмайтын. Тіпті бөтен еркектің қолы тисе «неке бұзылады» деп жататын…
Сақтық шараларының бірі ретінде осы амандасу амалын алыстан жүрек тұсына қол қойып, бас изеп амандасуды қайта қалыпқа келтірген жөн деп ойлаймын. Кейде дастарқан басында отырған кісілердің қолын жаппай алып болғаннан кейін, «қолымды жуып келейін» дейтін адамдар да болады. Осы не тірлік? Сосын бәріміз ұялы телефон ұстаймыз. Сыртта жүргенде қанша адаммен қол беріп амандасамыз. Ұялы телефонды қолымызды жумай ұстай береміз. Оны сүртіп барып пайдалану деген қаперімізге кірмейді. Осыны да ескерсек.
«Сақтансаң – сақтаймын» деген сөз елдің бәрінің есінде тұруы, жүруі керек. Президент елде төтенше жағдай жариялап, барлық сақтық амалдарын қарастырып жатыр. Біз мұны қалың ел болып қолдауымыз қажет. Әр адам тұтас халықтың денсаулығына жауапты болуы тиіс!
Нұртөре Жүсіптің ФБ парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!