Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Неге кедей қазақ көп?

03.10.2024, 10:20 298

Герольд  БЕЛЬГЕР,

жазушы:

Қай ұлттың өкілі болмасын, ол өз ұлтының жетістігіне қуанып, кемшін жағына қынжылатыны белгілі. Бұл  заңды  да. Ал түрі басқа, тілі басқа, діні басқа өзге ұлттың өкілі қазақ үшін қазақтан артық шырылдаса ше? Ондай адам бар ма өзі? Бар екен. Ол – Герағаң, яғни Герольд Карлович Бельгер. Ол кісі өмірінің соңына дейін Қазақстанда тұрып, көрген-білгенін, түйген пайымдарын күнделік іспеттес «Плетенье чепухи» кітабына енгізіпті. Ал кітапты оқысаңыз, бәрін қамтыған: саясат та, тіл мәселесі, жер мәселесі, қазақтарға деген құрмет, қазақтың жеріне деген сүйіспеншілігі, замандастарына ризашылығы мен реніші, бірге оқыған достары мен аға буынға деген сағынышы…

Ендеше, Герағаңның өзі айтқандай, бұларды  «чепуха» деуге бола ма? Осыларды оқи отырып, жүрегі қазақ деп соғатын жанға ой салатын дүние екен деген ойға келдім. Онда мұны аударып халыққа неге ұсынбасқа? Олай болса, өзін қазақпын дейтін Герағаңды толғандырған мәселелермен таныса отырайық.

Қазақтың жері ұлан-ғайыр, бірақ қазақтың өзі өздерін тар қапаста өмір сүріп жатқандай сезінеді. Ал Германиядағы немістер қазақ­тардан әлдеқайда көп, жер көлемі де аз, бірақ еркін  тыныстап, еркін  өмір  сүруде.

Неге  бұлай?

Онда көлік те көп, бірақ тығырық (кептеліс) аз. Халқы да көп, айғай-шу жоқ.

Тәртіп  те, тазалық  та  бар.  Неге  бұлай?

* * *

Бір газеттен көзім шалып қалғаны бар: Қазақ­станның сыртқы қарызы 2012 жылы 137, 051 миллиардты құрапты, (2011 жылы бұл көрсеткіш 125, 153 миллиардты құраған екен). Сонда қарыз бір жыл ішінде 9,5 пайызға өскен.

Ойланып қалдым. Бұл цифрды еліміздің әрбір жан басына шақтым. Тағы да ойландым, ұйқы да қашты. Ойларым да бірікпеді, миымнан қарыз, қарыз деген ой кетпей қойды… Билік басындағыларға қызықтым, оларға бәрібір, ұйқылары да тыныш.

* * *

Бәрін сатып алуға болады, тіпті белгілі бір мөлшерде денсаулықты да. Ал уақытты ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың. Оны ешкім сатпайды.

* * *

Неге кедей қазақ көп? Өйткені, оларды тонап жатқан – өзінің қазағы. Басқаларды осылай  тонау  қиындық  туғызады, ал өз-өзін тонау – оңайдың  оңайы.

* * *

Абайдың сынынан сабақ алмаған қазақ, қайдағы  бір Бельгердің күңкілінен не сабақ алсын?

* * *

Елімізде болып жатқан жайттардың көбінен хабарсызбыз. Біздің білетініміз – тек «Хабар» мен «Егемен Қазақстанның» тарататын хабары. Ал, «білмеген у ішеді» деген сөз бар.

* * *

Қазақтың тілі бұрынғы қуатынан да, сұлу шұрайлы тілінен де айырылған. Мен бұл жерде жетпіс жылдан бері тұрып келем. Осыны көріп-біліп  отырғаннан  кейін  ішім  удай  ашиды.

Осыдан он жыл бұрын тойды жүргізген асаба жігіт ортаға мынадай ұсыныс тастады: тілек тек қазақ тілінде айтылсын. Егер де кімде-кім айтқан тілегіне бір ауыз орыс сөзін қосатын болса, бес теңге айыппұл төлейтін болсын. Не болды дейсіз ғой?

Ең алдымен айтылған тілек қысқа болды, немқұрайды, ернінің ұшымен айтылды. (Аман-сау болайық), (Той құтты болсын), (Бақыт тілеймін). Екіншіден, қонақтардың үштен екісі (аузын буған өгіздей) тым-тырс қалды. Мен тойдан көңілсіз қайттым. Сонда орыс тілінсіз болмайтын болғаны ма? Иә, қазақ  тілінің  жағдайы – кезек күттірмейтін мәселе.

* * *

Бізде қалай? Бізде бәрі бар, бірақ бірдеме жоқ, Шерхан айтпақшы «Бір кем дүние». Ұлт көшбасшысы… Көшбасшы бар, ұлт жоқ. Халық және жер… Халық бар, жер жоқ. Қазақ және тағдыр… Әзірге қазақ бар, бірақ олардың тағдыры – Кулагин мен Терещенконың, Машкевич пен Митталдардың қолында. Мұнай мен труба… Бұлардың қожасы – қытай. Енді қазақстандықтардың қолында не қалды?

Жалғыз  тәуелсіздік.

* * *

Бір сөйлеп қалған азамат сайлау кампаниясының алдында сөзін былай бастайтын: «Біздің партиямыздың жетекшісі, ұлт көшбасшысы, еліміздің президенті…». Дәл осындай жалынды сөздерімен сөзін аяқ­тайтын. Ал, сөзінің ортасында ештеңе жоқ, бос кәуек бірдеме болатын. Халық осыны көріп-біліп отырып үнсіз.

* * *

Соңғы кездерде «Хабар» арнасында жаңа бір бағыт пайда болыпты. Алдымен жоғарғы биліктегілердің өмірінен үзінді келтіреді, одан соң әлемдегі тоқырауды, одан қалды Грекиядағы, Испаниядағы, Франция­дағы, Сириядағы сұмдықтарды немесе Қытайдағы су тасқынын көресіз. Немесе Ауғанстандағы, Пәкістандағы жарылыс­тар. Байқасаңыз, айналаңның  бәрі – алапат, астан-кестен, тек бізде ғана бәрі – жақсы, тамаша, бәрі – орнында.

Таңғаласың! Бұл – «Хабар» арнасының тұжырымы. Тағы бір мәселе – күннен-күнге қарыштап бара жатқан сыбайлас жемқорлықпен күрес. Күнде еститінің: анау ұсталыпты, ананы қамапты, мынау әлі қашып жүр, анау іздестірілуде, мынау үйқамақта.  Өйдөйт!

* * *

Бір сенатор жақында қалаға Нұр-Сұлтан атын беруді сұрады. Бір ғылым докторы елбасы­ның өзіне Конституцияға өзгеріс енгізу­ді сұрады. Бұл ұсыныс бо­йынша ол өмір бойы президент болып қалу керек екен. Ал, енді бір министр мынадай бір пікір айтты: Егер отбасында бір сиыр болса, онда бұл үйдің жағдайы жақсы болып есеп­телмек. Мынадай ұсыныстардан кейін, мына­дай сөздерден кейін, қандай Мырқымбай бізде қоғамдық пікір төменгі дәрежеде  деп  айта  алады?!

* * *

Шынын айтсам, мен Қазақстан үшін келімсекпін. Бұған шүкіршілік етем және мақтаныш көрем. Ресей үшін мен өгей бала болдым, ал ол жерде менің ата-бабаларым 160 жыл адал қызмет қылды. Кімді кінә­лайсың? Оның халқы кінәлі емес қой. Кінәлі – саясат,  билік, идеология. Көңіл әбден қалған адамға деген аяушылық сезімді көргенім жоқ. Ал, Қазақия мені қанаты­ның астына алды, бауырына басты. Міне, бұл – менің  бақытым.

* * *

Техника ғылымының докторы, экономист Петр Свойк мынадай дәлел келтіреді: «Егер елбасы соңғы 15 жылда зейнетақы 10 есе көбейді десе, онда баға да сонша есе өсті деген сөз». Мен бұл пікірді дұрыс деп ойлаймын, өйткені  ол  нақты дәлелдер келтіреді.

Ғылыми тұрғыдан болмаса да, менің де өз дәлелдерім бар: Елбасы халыққа зейнет­ақының 10 пайызға көбейетіні туралы айтқан бойда, базардағы пысықайлар өздерінің сатып отырған заттарының бағасын 20-30  пайызға  көтеріп  жібереді.

Осыдан 5-6 жыл бұрын менің әйелім мың теңге ақшамен базарға бара беретін, ал қазір жеті-сегіз мың ақшасы болмаса, базарға бармайды. Зейнетақының көлемі заттың  бағасына  сәйкес  келмейді.

* * *

Замандасым әрі әріптесім Қалихан Ысқақ  бірде  былай  деген  еді:

«Ыбырсықтан ыбырсық туады». Бірақ ол біреулерді меңзеп айтқан болатын. Осындай бірдемені ерте заманда Лукреций де айтқан болатын: «Ештеңеден ештеңе шықпайды».

* * *

Менің ойымша, Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі – адамды еркін, азат ойлай­тын  етіп  тәрбиелеу. Біз әлі күнге дейін құлдық санадағы адамды тәрбиелеп келеміз.

Аударған

Бақтияр  МЫРЗАШ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: