Қазақстандықтар Наурыз мейрамын жыл сайын он күн бойы – 14-23 наурыз аралығында тойлай алады. Онкүндік «Наурызнама» деп аталды.
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жаңа жыл мен көктемнің басталуын бейнелейтін, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар тамыр жайған басты мерекелердің бірін атап өтудің жаңа форматы ұсынылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаевтың айтуынша, «Наурызнама» онкүндігі Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, түрлі мәдени және дәстүрлі іс-шараларды қамтиды.
Әр күн қазақ мәдениеті мен қоғамының байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылыққа арналады. Наурызнама онкүндігі қайырымдылық пен мәдени шаралардан бастап, ұлттық салт-дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін қоғамның барлық саласын қамтуға бағытталған.
Еліміздің барлық өңірінде өтетін халықтық мерекелер мен мәдени-спорттық іс-шараларға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, осы мереке аясында этноауылдар құрылып, жәрмеңкелер, концерттер, спорттық жарыстар және т.б. ұйымдастырылады.
Бірақ Наурыз мейрамын тойлау онкүндікпен ғана шектелмейді. Республика бойынша әртүрлі форматтағы 10 мыңнан астам іс-шара, соның ішінде көрмелер, фестивальдар, әдеби-музыкалық кештер мен фильмдер көрсетілімдері жоспарланған.
Осы жылдың басты мерекесі 21 наурызда Астанадағы ЭКСПО аумағында өтетін «Ұлы істің – Ұлы таңы» іс-шарасы болмақ. Бұл мереке ұлттық мұраның сан алуандығы мен халық бірлігін ұштастыра отырып, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен мәдениетінің көрінісі болмақ.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!