Тышқан жылы туғандарды Қоян жылында жаңа жұмыс немесе қызметте өсу күтіп тұр. Осыған дейінгі мамандыққа деген махаббат, қызметке деген адалдық пен қажыр-қайратыңыз еленуі керек. Жаңа мүмкіндіктер жаз айларында жүзеге асады. Жыл келеңсіздіктермен басталуы мүмкін. Барынша шыдамдылық танытып, алған бетіңізден қайтпаңыз. Сол кезде ғана барлығы жақсы болады. Қолыңыз қалт етсе, пайдалы іспен шұғылдануды да ұмытпаңыз. Ең бастысы, жылдан жақсылық, қуаныш күтіңіз.
Үлкен жетістіктер мен биіктерге жету Сиыр жылы туғандар үшін қиынға түседі. Десе де, осы жылы қоныс аударуыңыз немесе қоныстой тойлауыңыз мүмкін. Бұған дейін шешімін таппай келе жатқан біраз мәселе біржақты болады. Бұл істерге көктем айларында-ақ нүкте қоясыз. Әртүрлі қолайсыздық жұмысыңызға кері әсерін тигізе алмайды. Қандай істе болмасын, белсенділік танытқаныңыз абзал. Сол кезде еңбегіңіз еленіп, марапат биігінен көрінесіз. Ең жақсысы, өз жұмысыңыздан ләззат аласыз.
Барыс жылы туғандардың маңдайында бес елі бағы бар. Жыл көлемінде қаржы, экономика, бизнес салаларында жолыңыз болады. Ең бастысы, ашылмай жүрген қырыңызды, нар тәуекеліңіз жетпей жүрген қадамыңызды оңдасаңыз жеткілікті. Жыл соңына дейін көптен көрмеген танысыңызды, досыңызды жолықтырасыз. Екеуарада оған өз мұңыңызды айтып, көңілін түсірмеңіз. Қайта жетістіктеріңізді, оған жету жолын астарлап жеткізіңіз. Сол арқылы сіз досыңызға мотивация сыйлайсыз. Әр күн сайын «Жыл жақсылығымен келсін!» деудің еш әбестігі жоқ.
Қоян жылы – отбасыға көп көңіл бөлетін жыл. Жыл көлемінде міндетті түрде отбасыңызбен саяхат жасап, білім көкжиегіңізді кеңейтуге күш салыңыз. Адам неше жаста болса да, оқуын, ізденуін тоқтатпауы керек. Қоян жылы туғандар жыл соңына дейін өз-өзіне аса сақтықпен қарағаны дұрыс. Сәтсіздіктер үсті-үстіне қабаттасуы бек мүмкін. Қырсық бір айналдырғанды, шыр айналдырады деген бар емес пе? Ал, сіздің тарапыңыздан сабырлық, төзімділік болса, сол да жетіп жатыр. Қоян – тазалықтың символы. Сондықтан, адалдықтың ақ туын желбіретіңіз.
Қай істе болмасын, жауапкершілікті бірінші орынға қоятын Ұлу жылы туғандар Қоян жылын көптен күткен жоспарларын жүзеге асырумен бастайды. Сондықтан, бұл жыл жаңалықтарға, бастамаларға себепші болады. Аяқталмаған істерді соңына дейін жеткізуді, жақсылық жасауды әдетке айналдырыңыз. Айналаға ақыл айтпас бұрын айнаға қарап та айтып алған дұрыс екенін ұмытпаңыз. Өйткені, өз айтқанын өзі істемейтін адам ешкімге үлгі емес. Пікіріңізбен санасатын жандарды адастырмау үшін ретімен, жөнімен сөйлегеніңіз дұрыс.
Жыландар үшін жылдың қызығы мен шыжығы көп болады. Жеке өміріңізде, мансап жолында, ақша мәселесінде, имиджіңізде бәрі-бәрінде өзгеріс туындауы мүмкін. Жұмысыңызда көбіне шығармашылық жұмыстар ескеріледі, еленеді. Жылан жылы туғандарды Қоян жылында көптеген маңызды кездесу күтіп тұр. Оның ішінде отбасылық кездесулер болуы да мүмкін. Бір күндік немесе бір апталық жоспар құрып, оны барынша орындауға тырысыңыз. Жақсы іс көп ұзамай-ақ нәтижесін береді. Жаңа жылдан мол бақыт, мықты денсаулық күтіңіз.
Жылқы жылы туғандар Қоян жылында адамдармен қарым-қатынасқа өте абай болғаны дұрыс. Шілде-тамыз айларында ерекше оқиға болуы ықтимал. Қаржылық жағдайыңызда бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Демалыс күніңізді отбасына арнаңыз. Тіпті, ұйымдастырушылық қабілетіңізді іске қосып, қарашаңыраққа барша бауырлардың басын қосып, қуанышқа бастамашы болып тұрыңыз. Кез келген шешімді қабылдар алдында жеті рет өлшеуді ұмытпаңыз. Тәуекелге бел байлау керек-ақ, десе де «асыққан шайтанның ісі» екенін есіңізге саламыз.
Қоян жылында Қой жылы туғандар көп жетістікке жетеді. Жаңа идеялар туындап, нәтижелі жұмысқа қол жеткізеді. Болашаққа бағдар жасап, өткен күнмен санасасыз. Дегенмен, біршама жоспарыңызды жүзеге асыру үшін қаржылық дағдарыс туындауы мүмкін. Сондықтан, қаржылық сауатқа қатты мән беріңіз. Тамыз-қыркүйек айларында алыс-жақын жерлерге жол жүруіңіз мүмкін. Қиындыққа, тосын оқиғаларға дайын тұрыңыз. Әр күніңізге шүкіршілік айтып, тәубеңізге келгеніңіз жөн. Жұмсаған ақшаңызбен ғана емес, уақытыңызбен де санасыңыз. Жақсы нәрсені армандап, соған қол жеткізу жолында тер төгуге тура келеді.
Мешін жылы туғандар тәжірибесін шыңдай отырып, биік белестерді бағындырады. Ол үшін «жеті рет өлшеп, бір рет кес» ұстанымынан айнымаңыз. Мешін жылы туғандарды той-томалақ күтіп тұр. Өзгенің қуанышына қуана біліңіз. Қандай істе болмасын, жан-жақтылығыңызды көрсетіңіз. Жұмысыңызға, жүктелген міндетке атүсті қарамаңыз. Өйткені, кейбір мәселелер сіздің ықпалыңыз арқылы оңай шешілмек. Сіздің пікіріңізге құлақ асатындардың саны көп, оларды ыңғайсыз жағдайда қалдырмаңыз. Ең бастысы, жаңа жылға сеніммен қараңыз.
Жылдың алғашқы бес айын Тауық жылы туғандар оқуға, ізденуге арнайды. Түрлі семинар, жиындар арқылы жақсы адамдармен танысып, кәсіпке аяқ басуыңыз мүмкін. Ол үшін өн бойыңыздағы ашылмай жүрген талантыңызды іске қосасыз. Рухани толысуға таптырмас жыл болғалы тұр. Газет-журналдар мен әдеби, психологиялық кітаптарды да ақтарып қойғаныңыз жөн. Тың деректер мен пайдалы ақпарттар алға жылжуыңызға себепкер болады. Білгеніңіз бір тоғыз болса, білмегеніңіз тоқсан тоғыз екеніне көз жеткізесіз.
Ит жылы туғандарды да көптеген өзгеріс күтіп тұр. Көктем айлары өзгерістің бастамасы болса, қысқа дейін оған өзіңіз де таңғалуыңыз мүмкін. Бірақ, денсаулығыңызға да абай болыңыз. Өйткені, жұмыс, күйбің тірлікке алданып, бірінші байлыққа атүсті қарау көбеюі ықтимал. Күнделікті қайталанып жатқан жұмыстардан шаршасаңыз, бір сәтке тынығуды ойлаңыз. Спорттық жарыстардың көрермені болыңыз. Театр табалдырығын тоздырсаңыз да болады. Жыл бойы қаржылық жағдайыңызды бағамдаумен болыңыз.
Қоян жылы Доңыз жылы туғандар үшін өте жайлы болады. Ең бірінші, айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасты барынша реттеңіз. Жыл бойына материалдық жағдайыңыз реттеле түседі. Кейбір келеңсіздікпен басталған бұл жыл соңы сәттілікпен аяқталады. Қуанышты күнде күйбің тірлікке бас қоймай, достарыңызбен көңілді өткізіңіз. Жақсы жаңалық бөліссе көбейетінін ұмытпаңыз. Ашу үстінде шешім қабылдамай, қуаныш үстінде уәде бермей үйреніңіз. Жаңа жылдан жақсылық күткеннің еш айыбы жоқ екенін ұмытпаңыз.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!