HALYQLINE.KZ Қазақта «Ұлы жүзді қауға беріп, малға қой, Орта жүзді қамшы беріп, дауға қой, Кіші жүзді найза беріп, жауға қой» деген сөз бар.
Бір жылы қазақтың көрнекті режиссері Асқар Тоқпанов жұмыс сапарымен Қарақалпақстанның Тамды ауданына келеді. Кезінде Қазақстан жері болған бұл өңір кеңес заманында саяси есептермен Өзбекстанға берілгенімен, қазақтар өздерінің атамекенінде отырып қалған. Содан да болар, мұндағы ел жұрттың туысқандық тамыры Қазақстанның барлық тарабымен жалғасып жататын әдеті.
Сол кезде Тамды өңіріне танымал Әбілтай Дәрменұлы деген айтқыр да тапқыр кісі бар екен. Түп нағашылары Ұлы жүз болса керек. Сол кісі Асқар Тоқпановты көргенде нағашы тұтып «Ее, әлгі қолына қауға беріп, малға қой» деген атаның ұрпағы екенсің ғой!» деп әзілдепті. Сонда Асқар Тоқпанов: «Әбеке, қолыңызға найза беріп жауға қойғанда, алған жеріңіз осы ма, күйіп жанып барамыз ғой, мына құм суырған қу далада!» деп іле қарымта жауап қайырыпты.
Мұндай тапқыр жауапқа риза болған Әбілтай «Көрдіңдер ме, менің нағашым қандай екенін» деп төңірегіне мағұрлана қараған екен.
Ақселеу Сейдімбек,
Қазақтың ауызша тарихы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!