Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

06.11.2025, 9:20 143

Шаруаңа  байланысты

Шаруаң шалқыса – қолдаушың көп,

Шаруаң шалқайса – қорлаушың көп.

Серілік  кімде?

Семіз жігіттен серілік шықпас.

Бүгін  мен  ертең

Әкімдер бүгін семіз, ертең арық,

Ақындар бүгін сері, ертең ғаріп.

Қорқыту  да  өзгерген

Кешегі күндердегі тентек қарасирақтарға айтылатын: «Әкеңе айтамын» деген сөз, бүгіндері: «Шешеңе айтып жаныңды шығартам» болып кетіпті.

Ақындар

Кей ақынның көкірегі толған өлең, кей ақынның кеудесі толған орден…

Ішпе

Жарымағанның қолынан жарты қасық та уыз ішпе!

Мәз  болғандар

Әкім болып жүргеніне мәз болып жүргендер бар. Әкім болғандардың қасында жүргеніне мәз болып жүргендер бар. Әкім болғандардың қасында жүргендердің  маңайында жүргеніне  мәз  болып  жүргендер  бар…

Сұрай  біл

Әкімнен басыңа қонатын бақ сұрама,  бір-жар  жыл болса да отыра­тын  кішкентай  тақ  сұра.

Құбылғыш

Адалдығы аузынан төгілген сөзінде, аярлығы жылтың қаққан көзінде…

Сұраққа  жауап

Қазіргі журналистер неге нашар жазады дейсің бе? Олар жазғандарын бәрібір ешкім де ежіктеп оқымайтынын  біледі  ғой.

Ол  да  мүмкін

Ақиқаттың жолында тура келе жатып  та  адасуың  бек  мүмкін.

Үндемеудің  салдары

Бұрынғылар үндемей жүрсең, үйдей пәледен құтыласың дейтін еді. Қазір үндемей жүре берсең, бәрінен де  құр  қаласың.

Бейкүнә

Ішпесе де ішкендей боп есіріп сөйлейтін есіріктерді көргенде, арақ­ты бекер кінәлап жүр екенбіз ғой деп те  ойлап  қаласың.

Боқ  езу

«Біз қазақ ел болмаймыз…» деп өзеурей айта-айта бере біреулердің езуіне  боқ  қата  бастады.

Қарынбайдың  жері

Кейде «Қазақтың жері – менің жерім» деп, нық сеніммен ауыз толтыра  айта  алмай тұрасың. Өйткені ол жер – бір Қарынбайдың жері болып  шығуы  мүмкін.

Жаңа  салт

Бүгінгі маңдайы жарқыраған әкім бұрынғы жабуы жалбыраған әкімдерді  құйрығына ілестіріп ертіп жүру өзгермес  салтқа  айналып  барады.

Депутатқа  сенім  қандай?

Депутаттар ай сайын «Қабылдау күнін» қойса да, жұртшылық баруды мүлдем қойыпты. Бұл – халықтың көңілінің тоқтығы ма, әлде депутат­қа  сенімнің  жоқтығы  ма?

Сөйлегенде

Еш сөйлемейтін, тек мақұлдау мен құптауды ғана білетін ортада сөйлегеннің өзі көзге шыққан сүйелдей  боп  көрінеді.

Өмір  сүру  уақыты

Бір қауым жұрт тек қана өткен күндердің елесімен өмір сүріп жатыр. Екінші бір қауым топ болашақты қия­лында пісіріп, асқақ үмітпен өмір сүріп жатыр. Ал өзің бүгінгі күнмен өмір сүрейін десең, жападан-жалғыз қаламын ба деп, екі жақтағыларға жалтақ-жалтақ қарайсың да, жаның жабырқап  отырып  қаласың…

Өмір  жанрлары

Сары ауыз сәби кезің – күллі коме­дия,  бал  дәурен балалық шағың – қиялға толы фантастика, желбіреген жастық шағың – лиро-психоло­гиялық хикаят, қызметтік жолың – көп актілі драма, үйлі-баранды болуың – роман-эпопея, қаусап  қартайған  уағың – ертегі…

Мақсаты  қайсы?

Депутат болудағы мақсат – ел қамын айтып деу үшін емес, бас-көзге қарамай жеу үшін болып  бара  ма?!

Бетсіз

Миы жоқ адамдарды көрдік. Сезімі жоқ адамдарды көрдік. Ақы­лы жоқ адамдарды көрдік. Мінезі жоқ адамдарды көрдік… Беті жоқ адамдар  да  бар  екен?!

Атақ  шығарған

Жанығып, зарланып, жыланып атақтарды алып, енді-енді атағын шығарып  жүр.

Тығырық

Жолын тап дейді – жолын табуға жоқпын. Адамымен сөйлес дейді – адаммен сөйлесуге шорқақпын. Береріңді бер дейді – берерімді қалай беруді  білмеймін.

Қайраткерлерге  қарайлап

Анау да қоғам қайраткері, мынау да қоғам қайраткері, ақын да қоғам қайраткері, әкім де қоғам қайрат­кері, кәрі де қоғам қайраткері, кәр­тәміш те  қоғам  қайраткері… Қайрат­керлердің қаптап кеткені сондай – қоғам  енді кімге ерерін, кімге  дауыс  берерін  білмей, аңырып  қалды…

Поэзия – емші

Поэзия оқып, жан жүрегін жібітетіндер азайған соң да, қан қысымымен ауыратындар тым-тым көбейіп  кетті.

Сайлауда

Біздегі сайлауларда сол науқанның нәтижелерін шетелдік сарап­шылар қанша басын қатырса да, ешқашан да алдын ала болжай алмайды. Ал өзіміз кімдердің озарын, кімдердің қаларын үйден шықпай-ақ жүз пайызға дәл болжап біліп отырамыз.

Ойдай-ойдай

Нағыз ойсыз десең де, ойпыр-ай, әр жерде тауып айт­қан, қауып айтқан сөздері ойдай-ойдай боп жұрттың аузында  жүр.

Атақтың  зары

Атақ беремін десе, атасын да сатуға бар.

Қораға  айналған  қала

Қазір қалалар қаптаған көліктің үлкен  қорасына  айналып  барады…

Бастама

«Көп түкірсе – көл» деген. Сондықтан бәріміз жабылып жемқорларға, бәлеқорларға, жалақорларға, парақорларға қарай бірауыздан түкірейік.

Көрік  берер  қыз

Көріксіз қыздар да көркем ұл тауып беріп, өміріңді көркейте алады.

Әлеуметтік  зерігу

Кейде ешқандай лайық болмаса да, қайта-қайта есінеп қойып, саусақ ұшын қимылдатып лайк басып отырасың…

Біздің  тарихтың  ерекшелігі

Біздің тарихтың қатпарларына көз салсаң, жақтау мен мақтаудан басталып, сату мен ату арқылы жалғасып, соңында жоқтау мен ақтау  болып  түгенделетін  сияқты…

Той  маусымында

Кеше тойдан шыққанбыз. Бүгін түсте бір той. Кешке бір той. Ертең де екі той бар…

Мағынасыз  өмір

Өтірік сөйлеуді үйрендік. Өтірік мақтауды үйрендік. Өтірік күлуді үйрендік. Өтірік жүруді үйрендік…

Сөйтіп-сөйтіп өмірімізге өтіріктер араласып, күндеріміз мән-мағынасыз өтіп жатыр.

Көрсеткішті  көрсетеміз

Көрсеткіштеріміздің бәрі жақсы, бірақ көрсететін ештеңеміз жоқ. Сондықтан да келген-кеткендерге тек  көрсеткіштерімізді  көрсетеміз.

Ұзын  аяқ

Бойы мыртық, мойны қысқа, тұрқы тапал болғанымен, біреуді шалғанда аяқ-сирағы қармақтың са­бын­дай  ұзарып  кетеді  екен…

Ыдысына  қара

Еркек жуған ыдыстың майы кетпес, қатын жуған көліктің шаңы кетпес.

Өсу  мен  өшу

Бір жағынан қызметі баспалдақтап өсіп барады, бір жағынан халыққа  қамқорлығы  өшіп  барады.

Жылдам  уақыт

Күндер, апталар, айлар зымырап жылжып, уақыттың тез өтіп жат­қаны сондай – адамдар тіпті қартаю­ға да үлгермей қалып, әлі де баяғы жас күйінде  жүр…

Ерғали  АБДУЛЛА.

Арал  қаласы

(Жалғасы бар.)

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер:
  • Ерғали Абдуллаев ағамыз туған жері мен елінің адал азаматы, жақсылықтың жаршысы. Ұлағатты ұстаз, ақын, жазушы, сатирик, тілші.

Добавить комментарий для Айжарық Отменить ответ

Тағы да оқыңыз: