Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мерекелік кездесу ұйымдастырылды

27.02.2024, 13:05 285

Бүгін «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің бастамасы және облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «27 ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне» орай аймақтағы азаматтық сектордың жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен жүйелі жобаларын таныстыру мақсатында арнайы мерекелік кездесу ұйымдастырылды.

Мерекелік кездесуге «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы А.Ізден, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов, және салалық басқарма басшылары орынбасарлары, бірқатар қоғам белсенділері, азаматтық сектор жетекшілері мен сарапшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Қазіргі таңда республикада 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар, Қызылорда облысында тіркелгені – 1217. Өңірде үкіметтік емес ұйымдар альянсына 73 ұйым мүше. 2023 жылы бірлестік мүшелері маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған 18 жоба мен бастаманы жүзеге асырды.

Бастауыш және кәсіби ҮЕҰ-ды қолдау, тәжірибе алмасу, азаматтық сектор, бизнес құрылымдар өкілдері мен мемлекеттік органдар арасында әріптестік орнатуды мақсат еткен шарада 2023 жылдың қорытындысы бойынша үздік жоба нәтижелерінің таныстырылымы өтті.

Салтанатты іс-шарада Арал ауданында 37 жыл бойы азаматтық секторда нәтижелі жұмыстар атқарып келген, шетелдік қорларға 30-ға жуық жобалар ұсынып жүзеге асырған, шетелдік жобалардың қаражаты арқылы ауылдық елдімекендердегі 15 амбулаториялық клиникалар мен 4 балабақшаға қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз еткен, аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуде белсенді жұмыс жасап жүрген «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің директоры Баймаханова Айнакүл Үдербайқызы облыстың «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Сондай-ақ, аймақта азаматтық ұстанымдарымен әлеуметтік мәселелер түйінінің шешілуіне ықпал етіп жүрген бірқатар үкіметтік емес ұйым жетекшілері облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Бұған қоса, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов азаматтық сектордың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірнеше үкіметтік емес ұйым қызметкерлеріне «Алғыс хат» табыстады.

Сонымен қатар, Қызылорда облысының Азаматтық Альянсының жетекшісі Анар Ізден БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Брифингте Анар Ізден қоғамдастықпен 2023 жылы атқарған жұмыстарының есебін айтып, тілшілердің сұрақтарына тұщымды жауап берді.

Мерекелік іс-шара шағын футболдан мемлекеттік қызметкерлер мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінен жасақталған командалар арасындағы жолдастық матчпен қорытындыланды. Жеңімпаз командаларға арнайы диплом табысталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: