Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мереке күндері облыста 70-тей сәби дүниеге келді

06.01.2025, 8:55 134

HALYQLINE.KZ

Өңірімізде жаңажылдық мереке қарсаңында бірқатар мекеме күшейтілген режимде жұмыс істеді. Бұл күндері аймақта 68 сәби дүние есігін ашты. Одан бөлек, жедел жәрдем қызметінің 103 желісіне 6588 шақыру түссе, 109 Бірыңғай байланыс желісіне 1675 хабарлама тіркелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында тиісті сала мамандары мәлімдеп, мереке күндері 24/7 режимінде жұмыс істеген мекемелердің атқарған жұмыстары жөнінде ақпаратпен бөлісті.

– Облыс бойынша барлығы 79 жедел жәрдем тобы жұмыс атқаруда. Мереке күндері 458 дәрігер кезекшілікте болса, 1 468 орта буын медицина қызметкері мен 369 кіші медицина қызметкері жұмыс істеді. Қазан айынан бастап шақырулардың күрт көбеюіне байланысты және мереке күндерін ескере отырып қарбалас сағаттарына қосымша 5 жедел жәрдем тобы қосылды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Жаңыл Әбубәкірова.

– 2024 жылдың 31 желтоқсан мен 2025 жылдың 4 қаңтары аралығында аймақта жедел жағдай тұрақты өтті. Департаменттің жауынгерлік есебінде 186 қызметкер, 55 бірлік техника, 2 тікұшақ пен 2 қайық және 1 кинологиялық есеп қызмет атқарды. Жалпы, құрылымдық бөлімдер тарапына 16 қоңырау түссе, 4 техногенді сипаттағы төтенше жағдай тіркелді. Сондай-ақ, есігі құлыпталып қалған пәтер ішінен 8 адам құтқарылды. Облыс және аудан орталықтарында орналасқан жаңажылдық шыршаларға кезекшілік ұйымдастырылды, нәтижесінде оқыс оқиғалар тіркелген жоқ, – деді облыстық ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығы өрт байланысының орталық пункті бастығы Нұрболат Қиятов.

– «Жедел әрекет ету» орталығы екі функция бойынша жұмыс істейді. Оның бірі – «109 – Бірыңғай байланыс орталығы» болса, екіншісі – «112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі». Осы қызмет түрлері бойынша барлығы 64 оператор жұмыс істеді. Мереке күндері 112 қызметіне 1 451 хабарлама түссе, 109-Бірыңғай байланыс орталығына 1 675 өтінім келіп түсті, – деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жедел әрекет ету орталығы» КММ-нің директоры Темірхан Мұқанғали.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: