Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мерейлі мерекедегі марапат

09.03.2025, 13:21 97

Қаладағы стратегиялық нысанның бірі – Тасбөгет кентіндегі Бас су алу кешені. Көпшілік біле қоймас, осы жерден халыққа сапалы ауыз су жеткізіледі. Мекеменің мамандары жауапкершілігі зор жұмысты аянбай атқарып келеді. Олардың әрине, еңбегі құрметке әбден лайық.

Бүгін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінде аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, қала әкімі Нұржан Ахатов «Қызылорда Су Жүйесі» мекемесінің Бас су кешеніне барып, жаңадан орнатылған электролиздік залалсыздандыру қондырғысының жұмысымен танысты.

Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіпті реагенттерді қауіпсіз баламаларға алмастыру мақсатында іске асырылған бұл жоба аймақтың экологиялық тұрақтылығы мен тұрғындардың таза ауыз суға қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жобаға 2022 жылы облыс әкімінің қолдауымен тиісті қаражаттар бөлініп, осы жылдың қаңтар айында толықтай іске қосылды. Қазір қондырғы арқылы тәулігіне 180 кг натрий гипохлориттен белсенді хлор баламасы өндірілуде. Ең бастысы – тұтынушы тоқтаусыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуде.

Қала әкімі алдағы уақытта мекеме жұмысын жүйелі жолға қою үшін кешенді жоспарлар құру қажет деді. Өйткені жыл санап шаһарға қоныстанушылар саны артып, ауыз су тұтыну көлемі ұлғаюда. Бұл өзекті мәселе. Нұржан Сәбитұлы «Қызылорда Су Жүйесі» мекемесінің директорына аталған бағыт бойынша нәтижелі іс жүргізуді тапсырды.

Мұнан кейін қала әкімі мекемеде ер-азаматтармен иық тіресе еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды аймақ басшысының атынан мерейлі мерекелерімен құттықтап, облыс әкімінің «Алғыс хатын» табыстады. Арнайы сертификаттар және гүл шоқтарын ұсынып, ізгі тілегін жеткізді. Өз кезегінде мамандар көрсетілген құрмет пен ілтипатқа алғыстарын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: