Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік тіл – жүрегімнің үні

24.04.2025, 16:30 233

Біз – егемен елміз. Осы сөздің мәнін терең сезінетін кез келді. Мемлекет болу – тек шекарамен өлшенбейді, ол – рухани кеңістікпен, ұлттық сана мен ұлы мұратқа деген берік сеніммен өлшенетін ұғым. Ал сол мұратты тірілтіп, оны ұрпақ санасына сіңіретін ең қуатты құрал – тіл.
Мен – мемлекеттік қызметкермін. Елдің әр бұрышына, әр үйіне тиесілі қызметті атқарып жүрген адаммын. Менің іс-қағазым да, азаматпен сөйлескен сөзім де, ресми мінбердегі үндеуім де – мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені бұл – менің міндетім ғана емес, менің ар-ұятымның, азаматтық борышымның айғағы.

Тіл – жалаң қатынас құралы емес, тіл – тарих. Әрбір сөзімізде бабалар үні бар. «Мемлекеттік тіл» деп атауымыздың өзі кездейсоқ емес. Бұл – ұлттың тұғырын бекемдейтін конституциялық мәртебе. Бірақ қағазда жазылғанмен, санада жазылмаса, сол заңның да мәні кемшін болмақ.

Жасыратыны жоқ, біз көп жағдайда өз тілімізге өгейдің көзқарасымен қараймыз. Ресми мекемелерде қазақша сөйлеуден қысылатындар, шала сөйлегеніне мақтанатындар, тіпті қазақша білмейтінін батырлық санаушылар да бар. Осының бәрі – рухани әлсіздіктің көрінісі. Мемлекеттік қызметкердің тілге деген көзқарасы – тұтас қоғамның бет-бейнесін қалыптастырады. Егер біз – билік өкілдері, халықпен тікелей байланыстағы тұлғалар – қазақ тілінде сөйлей алмасақ, онда ел ертеңіне үмітпен қараудың өзі қиын.

Мен күн сайын азаматтарды қабылдаймын. Сол кезде қазақша сауатты сөйлейтін қарияны көргенде де, ана тілінде мұңын шаға алмай, өзге тілге көшуге мәжбүр болған жандарды көргенде де жүрегім шым ете қалады. Тіліміз тірі, бірақ біз соны тірілте алмай жүрміз. Ендеше, тізгінді өзімізге алайық. Қазақ тілі – мемлекеттің беделі, демек, оны көтеру – біздің міндет.

Мемлекеттік қызметкер ретінде менің әрбір ісім, сөзім, ресми құжатым қазақ тілінде болуы керек. Бұл – қағаздағы талап емес, жүректегі парыз. Әр қазақ баласына «Сіз өз тіліңізде сөйлеген сайын елдігіміз күшейеді» дегім келеді. Біз көп тіл білгенге емес, өз тілінде сөйлеуден ұялмайтын қоғам болғанда ғана нағыз тәуелсіз ел боламыз.

Мемлекеттік тіл – мен үшін қызмет тілі ғана емес, жүрек тілі.
Оны қадірлеу – елді сүюдің ең шынайы көрінісі.

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының әкімшісінің бас маман — сот отырысының хатшысы Ақниет Жанұзақов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: