Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Руханият» орталығында «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованы еске алу кеші өтті.
Жиынға қоғам қайраткері, Қызылорда облысының және Қызылорда қаласының, сондай-ақ Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарының Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қорғанбек Қайроллаев, қоғам қайраткері Әбдіғаппар Әмірғалиев, Қазақстанның Еңбек Ері, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Абзал Ералиев, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы, Қызылорда қаласының және Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, білім беру саласының «Құрметті қызметкері» Райкүл Байназарова, композитор, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Рамазан Тайманов, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жаленова, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, сонымен қатар облыс, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, әріптес достары, қоғам белсенділері мен жастар қатысты. Тағылымға толы жиында құрметті қонақтар қайраткердің өмірі мен еңбегі жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, сыр шертті.
Аудан басшысы өнегелі өмір иесінің ауданның дамуына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.
«Мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова 1992-1999 жылдары бұрынғы Тереңөзек ауданының әкімі болып, аудан дамуына еңбек сіңірді. Тарихта ауданды басқарған ең алғашқы әкім болды. Осы уақыттар ішінде ауданның сақталып қалуына атсалысқан бірден-бір адам. 1997 жылы Президент Жарлығымен республикада территориялық өзгеріс болып, облыс облысқа, аудан ауданға қосылып жатты. Қызылорда облысында бір аудан қысқаратын болып, таңдау Тереңөзек ауданына түскен. Сол кезде комиссия алдында ауданды қорғап, сақтап қалған. Ғасыр құрылысы саналған Сырдария өзеніндегі үлкен көпірдің де салынуына мемлекет және қоғам қайраткері атсалысқан. Айта берсе, Алмагүл Божанқызының елге атқарған қызметі көп. 1999 және 2003 жылы ол кісі облыстық мәслихат депутаты, хатшысы болып, өңірдің өркендеуіне үлес қосты. Өмірінің соңына дейін қоғамдық іс-шаралардың ортасында жүріп, облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің жұмысын жүргізді. Аймақта тәрбиелі іс-шараларды ұйымдастырып, сол арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше еңбек сіңірді. Артына өшпес іс қалдырды, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Кеш қорытындысында күйші, композитор, өнертану ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ысқақова «Күрішшілер» күйін орындап аудан өнерпаздары А.Божанованың сүйікті әндерін айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!