Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы «Балқаш» пен «Мойынқұм» АЭС-теріне қатысты жаңа ұсыныс айтты

28.10.2026, 11:56 61

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастау және «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын жеделдету үшін ынтымақтастық туралы келісімге қол қою мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Мемлекет басшысы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында атом энергетикасын дамытуды елдің ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігімен байланыстырды. Оның айтуынша, жалпыхалықтық референдум қорытындысында атом электр станциясын салу жөнінде маңызды шешім қабылданған.

Президент алдағы уақытта бірнеше АЭС жұмыс істейтінін ескере отырып, оларды отынмен қамтамасыз ету мәселесін қазірден бастап ойластыру қажет екенін айтты.

— Атом генерациясының маңызы ерекше. Жалпыхалықтық референдум қорытындысында атом электр станцияларын, оның үстіне бірден бірнеше станция салу туралы дұрыс шешім қабылданды. Қазірден бастап оларды, айталық, елу жылдан кейін және одан әрі уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді ойлауымыз керек. Қазақстандық АЭС-тердің алдағы жүз жылдағы қажеттілігін өтеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік стратегиялық уран резервін құру туралы ұсыныс жан-жақты қарастыруға лайық деп есептеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы атом электр станцияларының құрылысын шетелдік технологиялар мен жабдықтарды сатып алумен ғана шектемеу қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, жобаға қатысатын халықаралық серіктестер Қазақстанда жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға, отандық мамандарды даярлауға және атом энергетикасындағы тәжірибені беруге атсалысуы керек.

Президент Ресей және Қытай компанияларынан осы бағытта ұсыныстар түскенін жеткізді.

— Келесі жылдың өзінде «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастауға, сондай-ақ «Мойынқұм» атом электр станциясының құрылысын тезірек қолға алу мақсатында кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға болады, тіпті қажет болуы мүмкін деп санаймын. Әрине, келіссөздердегі барлық ұстаным Қазақстанның ұлттық мүдделері тұрғысынан мұқият пысықталып, келісуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің мәлімдемесіне сәйкес, жаңа атом жобаларын жүзеге асыру кезінде энергетикалық қауіпсіздікпен қатар технология трансфері, отандық өнеркәсіптің қатысуы және кадр даярлау мәселелеріне де назар аударылады.

Айта кетейік, Жолдауда «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастау және «Мойынқұм» станциясына қатысты келісім жасау мүмкіндігі айтылды. Бұл екі нысанның да 2027 жылы толық пайдалануға берілетінін білдірмейді.

Фото: freepik.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: