Қазіргі заманда медиа мемлекеттің тыныштығы мен жаһандық аренадағы орнын белгілеуде үлкен рөл атқарады. Медианың мыңдаған мәселенің алдын алуда ықпалы ерекше. Билік пен бұқара арасында да ақпараттың ауанына мән беру қажет. Егер медианы дұрыс бағытта пайдаланбасақ, Құдай бетін әрі қылсын, елдер арасында соғыс басталып кетуі де мүмкін. Бір ғана ақпарат ұлтаралық араздықты өршітіп жіберуі ықтимал, мұның соңы не нәрсеге алып баратынын айтпай-ақ қояйық. Ақпарат дәуірінде медианың алар орнының қаншалықты айқын екенін түсіндіңіз бе? Жалпы, ақпарат құралдары мамандарын даярлауда басты басымдық медиа саласын терең меңгеруге беріледі. Ендігі мәселе – осы медиа саласы өкілдерін даярлауда кемшілік бар. Қазақстандық қоғамдық даму институтының әлеуметтанушылары ЖОО-лардың білім беру силлабусын зерделеп, бүгінгі күннің медиасын меңгертуде мынадай мәселе бар екенін айтады.
«Ashyq Syllabus» медиа саласындағы үздік білім беру бағдарламаларын талдау зерттеу еңбегінде «Қазақстанда журналистика мамандығының оқытушылары арасында сауалнама жүргізіп, зерттеу жасаған ғалымдар Немечек, Кеттерер, Ибраева және Лос (Nemecek, Ketterer, Ibrayeva & Los, 2011) университеттің сол кезеңдегі журналистік білім беру бағдарламалары медиа өндірістің талабына сай келмейтінін анықтаған. Бұл зерттеудің әлі де өзекті екенін, журналистік білім беру жаңа заман талабына сай реформаны қажет ететінін Қ.Мысаеваның (2021) жүргізген зерттеуінен де байқауға болады. Автор журналистика саласына жаңа ақпараттық технологиялар қарқынды енген қазіргі кезеңде студенттерге тек бүгінгі күннің шеңберінде білім беріп, оқыту жеткіліксіз екенін, болашақ журналистердің кәсіби біліктілігін қалыптастыруда жаңашылдықтың болуы, болашақты елестете алатындай дағдыларды үйрету маңызды деген қорытындыға келген» делінген.
Өнертанушы, медиасарапшы, PhD, Қожа-Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебековтың 2016 жылғы зерттеуінде медиа мамандары қоғамның демократиялық қоғамға айналуына үлкен ықпал ететінін атап көрсеткен. Ол сонымен қатар, Қазақстандағы журналистік білім берудің үш негізгі мәселесін атап көрсетеді. Бірінші мәселе – білім беру бағдарламасындағы кемшіліктер, екіншісі – журналистика саласындағы оқулықтардың саны мен сапасының жеткіліксіздігі, үшіншісі – ескірген педагогикалық түсінік.
Зерттеуші білім беру бағдарламасында міндетті пән ретінде тіркелген дене шынықтыру, шетел журналистикасы сияқты жалпы білімді қамтитын пәндердің орнына медиа туралы таным қалыптастыратын бұқаралық коммуникация теориялары сияқты пәндерді енгізу студенттер үшін пайдалырақ болатынын айтады. Ол еліміздегі медиа мамандықтарына арналған оқулықтардың көбі журналистика тарихы мен жанрларын ғана қамтитынын, ал ақпараттың тілі мен ақпаратты оқу, бұқаралық коммуникация теориялары, саяси коммуникация, медиа және мәдениет, бейне композиция сияқты медиа мамандарына қажетті оқулықтардың жетіспейтінін атап өтеді.
Үшінші мәселе – педагогикалық ұстаным. Зерттеуші білім берушінің авторитарлық орны мен ғылыми ақпараттың біржақты берілуі сияқты классикалық педагогикалық түсініктерді интерактивті, диалогқа негізделген, студенттің сыни және аналитикалық пайымдау қабілетін дамытуға бағытталған әдістермен алмастыру қажеттігін айтады. Яғни оқытушы мен студент арасында тек тапсырма алмасу емес, диалог, интерактивті қатынас болуы – оның еркін, сапалы, тәжірибемен ұштасқан білім алуына мүмкіндік береді.
Отандық оқу орындары журналистика бойынша міндетті практикалық компонент ретінде көп ретте жанр, форма, медиа тілі мен жазу негіздерін үйрететін шығармашылық дағдыны жетілдіруге бағытталған пәндер мен тележурналистика, радиожурналистика, мультимедиалық журналистика тәрізді цифрлық-технологиялық бағыттағы пәндерді қамтиды. Журналистика оқу бағдарламасына ортақ тенденция – «БАҚ тілі мен стилі», «Журналистика жанрлары мен формалары», «Стилистика мен редакциялау» пәндері көпшілік оқу орнында міндетті пән ретінде оқытылады. Мәселен, еліміздегі журналистика мамандығын оқытатын 24 оқу орнының 11-інде «БАҚ тілі мен стилі» міндетті пәнге жатса, қалған 15-інде журналистика жанрларына қатысты пәндер міндетті компонентке кірген. Санаулы оқу орны жаңалық жазу мен ақпарат жинауға бөлек пәндер арнаған. Оларда «Ақпарат жинау және жазу шеберлігі», «Жаңалықтарды жазу және фактчекинг», «Жаңалықтар журналистикасы» атты пәндер міндетті оқу бағдарламасында көрініс тапқан. 24 оқу орнының алтауында стилистика мен редакциялауға байланысты пән міндетті компонентке енгізілген.
Заман ағымына сай дата журналистикаға байланысты міндетті пән 24 оқу орнының жетеуінде оқытылады. Дәстүрлі журналистика ғана емес, тергеу журналистикасы да цифрлық технологияның дамуына байланысты трансформацияны бастан өткеріп жатыр. Тергеу журналистикасына соңғы жылдары тек кәсіби журналистер ғана емес, академиядағы зерттеушілер де назар аудара бастады. 1970 жылдары АҚШ-та тергеу журналистикасы негізінен құпия дерек көздерінен алынған мәлімет пен жасырын зерттеу әдісіне сүйенсе, бүгін ашық мәліметтер базасын қолдану тергеуші журналистердің негізгі құралына айналды. Тергеу журналистикасына кей зерттеушілер «өз бастамаңмен зерттеу жүргізу» деген анықтама береді. Себебі, тергеу журналистикасында тілшінің қызығушылығы мен бастамасы маңызды. Тергеу журналистикасы тілшінің жеке бастамасына байланысты болғандықтан, Батыстағы оқу орындарының бірі тергеу журналистикасын таңдау пәні ретінде ұсынса, енді бірі бұл пәнді міндеттейді. Қазақстанда журналистика бойынша білім беретін оқу орындарының басым көпшілігі тергеу журналистикасын таңдау пәні ретінде көрсеткен. Екі оқу орнында ғана міндетті пән есебінде оқытылады.
Отандық оқу орындары медиа дизайн пәніне де көңіл бөледі. Зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, екі халықаралық, бір жекеменшік және өңірдегі төрт оқу орны «Дизайн және Web дизайн», «Көрнекі журналистика», «Медиа дизайн» пәндерін міндетті компонентке қосқаны анықталды. Бір халықаралық, екі жекеменшік және екі өңірлік оқу орны газет және журнал шығару ісіне байланысты пәндерді міндетті компонентке қосқан. Батыс оқу орындарында мерзімді басылым шығарумен байланысты пәндер міндеттілер қатарына жатпайды. Себебі, интернет, цифрлық технологиялардың дамуы Батыстағы газет-журнал өндірісіне ғана емес, дамушы елдердегі басылымдардың жұмысына да әсер етті. Дәстүрлі басылымдар түбегейлі жойылмаса да, олардың таралымы айтарлықтай азайды. Журналистика трансформацияға ұшырап, конвергенттілік пен онлайн басылымдарда мультимедианы қолдануға ойысқан кезде, Батыс елдері студенттерге жаңа пәндерді ұсынуға тырысады. Жаһандану, техника прогресі мен аудиторияның сұранысына байланысты басылым редакциялары конвергентті журналистика форматына өтті. Конвергентті журналистиканың дамуы, басылымдардың онлайн форматқа өтуі Батыста маман даярлау сұранысына әсер етіп, болашақ журналистерге бір салаға маманданғаннан гөрі видео мен фото түсіріп, оны өңдей алу әрі мәтін жаза алу, яғни әмбебап болу талаптары қойыла бастады. Журналистиканың жаңа форматы маманнан бірнеше кәсіби машықты талап етеді.
Журналистикадағы машық пен дағдыны оқыту үш негізгі тірекке барып тіреледі. Олар: кәсіби білім, кәсіби білік және медиа технологиялар бойынша білік. Журналистикада білім беру мен дайындық осы дискурсқа сүйенгені жөн. Аустрияда журналистика бойынша білім бағдарламаларын зерттеген ғалым Кирхгоф университеттер кәсіби білім, кәсіби білік пен медиатехнологиялар арасында теңдей баланс тапқан деген қорытындыға келген. QS рейтингінде алдыңғы орындарда тұрған Батыс оқу орындарында міндетті практикалық пәндерге белгілі бір кредит саны бөлінеді. Бұл оқу орындары негізінен хабар тарату, жазу практикумы, сторителлинг, цифрлық медиадиағы сторителлинг, визуал журналистика, жаңалық жазу, дата журналистика мен тергеу журналистикасы тәрізді кәсіби практикалық курстарды міндетті компонентке қосады. Шетел журналистикасында мультимедиа мен конвергенттілікке ойысу байқалады. Дәстүрлі «Тележурналистика», «Радиожурналистика» пәндерінен гөрі «Мультимедиа журналистикасы», «Аудио сторителлинг», «Видео сторителлинг», «Дижитал сторителлинг» тәрізді пәндер оқытылады. Талдау Қазақстандағы 9 оқу орны мультимедиа журналистика пәнін міндетті компонент ретінде оқытатынын көрсетті. Көпшілік оқу орнында тележурналистика мен радиожурналистика пәндері де міндетті компонентке кірген.
Отандық журналистика бойынша білім беретін оқу орындарының бәрі «Медиа этика» пәнін теориялық міндетті пән ретінде қарастырса, бұл пән шетелдік оқу орындары арасында медиа және әлеуметтік теория пәндері мен медианы зерттеу әдістері пәндерінен кейін сұранысқа ие болып отыр. Медиа және әлеуметтік теория пәндері мен медианы ғылыми зерттеу әдістері – еліміздегі міндетті теориялық пәндердің арасында сұраныста жоқ пәндер.
Енді халықаралық озық тәжірибелерге тоқталсақ, шетелдік тәжірибе көрсеткендей, заманауи журналистика бағдарламалары теориялық білім мен практикалық дағдыларды үйлестіріп, студенттерге кең мүмкіндіктер береді. Мысалы, QS World University Rankings рейтингінде «коммуникация және медиа зерттеулері» бойынша 7-орында тұрған Пенсильвания университеті қарамағындағы «Анненберг коммуникация мектебінің» білім беру бағдарламасы толығымен теориялық пәндерден тұрады. Сиракюс университеті сияқты АҚШ-тың үздік медиа мектептері практикалық пәндерге негізделген бағдарламалар ұсынады. Демек, медиабілімді игеру үшін теориялық оқытудың маңызы зор.
Елімізде журналистика мамандығы бойынша білім беретін университеттердің сабақ беру тәсілі мен жүйесін жақсарту үшін әлеуметтанушылар мынадай ұсыныстар жасаған.
Алдымен, журналистика мамандарын даярлау бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкес жаңарту қажет. Шетелдік озық үлгілерді енгізу және заманауи технологияларды пайдалану маңызды. Мұнан бөлек, саладағы білім беруде практикалық пәндерге көбірек көңіл бөлсек, студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқытушылар құрамын заманауи білім мен тәжірибеге ие мамандармен толықтырса, білім алушылардың практикалық дағдысы жақсарарына сенім мол. Осы ұсыныс іске асса, университет қабырғасынан медиасарапшылардың көптеп шығарына сенім мол. Айтпақшы, журналистика мамандығын оқытуда университет ғана емес, мемлекеттің де қолдауы маңызды. Ол грант санының көптігімен, оқытушыларға жасалған жеңілдіктер және қолайлы мүмкіндіктермен есептеледі. Әрі саладағы ғылыми зерттеу жұмысын дамыту керек. Бүгінде университеттерде студенттің академиялық көрсеткіші ЖОО белгілеген цифрдан аспаса, ол диплом жаза алмайды. Яғни, мемлекеттік емтихан тапсырады. Төрт жыл бойы үздік нәтиже көрсетіп, диплом жұмысын жазып қорғағандардың өзі өңірлік университеттерде өзгенің жазып берген дүниесін комиссия алдында қорғап береді. Демек, кейбір студенттердің академиялық дәрежесі үздік дипломды ақтамайды. Бірақ, «бармақ басты, көз қысты» әрекет жыл сайын қайталана береді. Бұны тоқтату мүмкін емес, тек барынша азайтуға тырысу керек. Әйтпесе, журналистика мамандығын оқып шыққандар қарапайым ақпаратты жазуда қиналады. Мұндай мамандардың саны арта берсе, медиа саласының «соры» болмай ма?
ТҮЙІН. Қазақстандағы жоғары оқу орындарында журналистика мамандарын даярлау бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкес жаңарту бірінші кезекте тұр. Бұл бағытта заманауи білім беру технологияларын енгізу және оқу жоспарларын қайта қарау маңызды. Журналистика саласындағы білім беру бағдарламалары теориялық білім мен практикалық дағдыларды үйлестіріп, студенттерге кең мүмкіндіктер беруі тиіс.
Жоғары оқу орындарында білім беру ісін жаңарту арқылы болашақ журналистерді кәсіби деңгейде даярлап, мемлекетіміздің медиа саласында жоғары сапалы мамандарды қалыптастыра аламыз. Маманды сапалы түрде дайындау жеке тұлғаның дамуына ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің өркендеуіне да ықпал етеді. Медианың мемлекет тыныштығы ғана емес, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» екенін ұмытпауымыз керек. Мемлекетіміз тыныш болсын десек, сапалы маман дайындайтын университеттердің білім беру жүйесіне жиі мониторинг жүргізіп, жемқорлыққа жол бермеу керек. Оқумен қатар практиканы қатар алып жүргісі келетін студенттер мамандығы бойынша жұмысқа тұрғанда оқытушылар қызғанышпен қарамай, қызығушылық танытса, дертіміз емделеріне сенеміз.
К.ҚҰРМЕТ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!