Соңғы кездері бір қауым ел жастардың жағымпаздығынан қатты қорқып жүр. Олар бай-бағландар мен басшыларды мақтағанда теңеудің түр-түрін қолданып, асыра сілтеп жібереді. Әй, бірақ, мұны шебер меңгергендердің айы оңынан туып тұрған жоқ па? Дұрыс нәрсені үйренсе игі… Бір ғана сұрақ: «Жастарға жағымпаздық қайдан «жұқты»?
Қазақ қоғамында бір қызық құбылыс бар. Ол – мақтау айту. Қызық дейміз-ау, қарап отырсаңыз, бұл да бір бөлек «өнер» секілді. Біреу қызметке келсе – мақтау, енді бірі мінберге шықса – мақтау, кейбіреуі жаңа бастама көтерсе – тағы да мақтау. Әсіресе, әлеуметтік желілерде осы «өнердің» нағыз шеберлерін көріп жүрміз.
Кейде «бұл адамдар арнайы мектептен оқып шықты ма?» деген ой еріксіз келеді. Себебі, олардың сөз саптауында ерекше жүйе бар. «Ел үшін еңбегі ерен», «Өлшеусіз қызмет етті» деген сарындағы жазбаларды оқығанда, кейде шынымен күлкі қысады.
Негізі, мақтау айту жаман әдет емес. «Марапат мерейді өсіреді», «Еңбектің бағаланғаны жақсы» дейтін болсақ, мұндай мәдениет қоғамға керек-ақ. Десе де, бізде сол мақтаудың мөлшері шектен тым асып кетеді. Кей адамның істеуге міндетті саналатын жұмысын ел тарихындағы ерекше құбылысқа айналдырып жіберуге дайын тұрамыз. Тіпті, қарапайым жұмыстың өзін «үлкен жетістік» ретінде бағалаймыз.
Бұл құбылыстың тағы бір қызық жағы мақтаудың тұрақты аудиториясы бар. Олар бүгінде қалыптасып-ақ үлгерді. Біреуі бастайды, екіншісі жалғастырады, үшіншісі қорытындылайды. Бір қарағанда бәрі шынайы секілді. Бірақ сырт көзге бір сценариймен жүріп жатқаны байқалады.
Мақтау айтуда біз сөз таңдауға ерекше мән береміз. «Тарихи шешім», «маңызды қадам», «ел дамуына қосқан зор үлес» деген тіркестер қазір қоғамға әбден сіңді. Бұл сөздер жиі-жиі қолданылғандықтан шығар, қазір жасанды секілді көрінеді. Әрі мұндай тіркестерсіз ресми мәтінге «бірдеңе» жетіспейтін сияқты болып тұрады.
Әлеуметтік желі бұл үрдісті жаңа деңгейге көтерді деуге болады. Тіпті, шырқау шыңына бір-ақ шығарды. Қазір бір жазба жазылады, астынан түрлі пікірді байқау қиын емес. «Керемет жұмыс», «дұрыс бастама», «осыны кім айтады деп жүр едім» деген сөздер бірінен соң бірі жалғасып кете береді. Әрине, қолдау көрсету – дұрыс. Десе де, сол пікірлердің бәрі бір мәтіннің көшірмесі секілді…
Сонымен, біз мақтауды неге шебер меңгердік? Мақтауды шындыққа тура қарап айтып жүрміз бе әлде бұл қалыптасып үлгерген дәстүр ме? Осы күні сын айтсаң, «қарсы шықты» деген түсінік бар. Оған қарағанда мақтау айту – қауіпсіз. Ешкім ренжімейді, қарсы болмайды. Негізінде, керісінше емес пе еді?!
Қорытындыласақ, мақтаудың өз құны бар. Егер ол өз орнымен айтылса, шынайы бағалауға айналады. Ал тым көбейіп кетсе немесе асыра сілтеу көрінісі байқалса, әсерін жоғалтады. Қай сөздің шын, қайсысының жай ғана сөз екенін ажырату қиындай бастайды.
Біз мақтауды неге соншалықты шебер меңгердік? Сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?
Ш.ШАТҚАЛ
Фото: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!