Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жыр елінің төрінде «Жыраулар үйі» жоқ

29.05.2020, 12:48 2513

HALYQLINE.KZ Әншейінде «Сыр елі – жыр елі», «Сыр елі – өнер ордасы», одан қалды, «Сыр – Алаштың анасы» деп бөркімізді аспанға атып мақтанғанда шектен тыс асып та кетеміз. Қазақылықтың ортасы, өнердің тұнып тұрған ордасы саналатын Сыр елінің абыройын талай тума таланттар асқақтатып-ақ жүр. Бірақ біз оларға қандай жағдай жасап жатырмыз? Талай дүлдүл ақын, күміс көмей жыршылар өткен өлке тектінің басқан ізімен де киелі саналады. Жалпы, қазақ поэзиясындағы жы­раулық дәстүр Асан қайғы, Қазтуған Сүйінішұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Ақтамберді Сарыұлы, Жиембет жырау Қалқаманұлы секілді жыраулардан бері жалғасын тауып келеді және бұл өміршең өнер жалғаса да береді.

Өкініштісі, қазақтың қара домбырасын сахнаға алып шығып, жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жүрген Сыр өңірі жыршы-жырауларына арналған «Жыраулар үйі» де жоқ. Не бар екенін айтайық, облыс орталығында «Сыр сүлейлері» аллеясы бар. Шайырлардың шерін тарқатып, жырмен сусындап, домбырасының құлағын бұрайтын арнайы орын жоқтың қасы. Ал «Жыраулар үйі» тек қасиет қонған киелі, Қорқыт бабаның топырағы кепкен Қармақшы өңірінде бар.

Дария бойындағы дүлдүл жыршы-жырау­лар жалпы үшке бөлінеді. Шиелі өңірі ақын Нартайдың әуезді үнімен жүрек тербетсе, қармақшылықтар Жиенбай жыраудың мақамымен мақтанады. Ал Арал аймағы Нұртуған жыраудың мақамымен теңіз бойын тебірентіп жыр айтады. 2012 жылы аралдықтар осы Нұртуған Кенжеғұлұлының өнерін өскелең ұрпаққа насихаттап, өнердің өміршең­ді­гін сақтау мақсатында жыраулар үйін ашты. Табиғи дарын мен бойда буырқанып жатқан өнердің киелілігі – бір төбе. Сыр сүлейлерінің ордасы саналатын Сыр өңірінің орталығынан да «Жыраулар үйі» бой түзесе, Сыр жырауларының мәртебесі бір көтеріліп қалар еді. Сүлейлердің ордасы деп мақтан тұтып жүрген жыр елінің төрінде «Жыраулар үйінің» болмауы, әрине, сын.

Айта кетейік, «Халық» газеті бұл мәселені 2013 жылы да жариялаған болатын. Сондай-ақ, Театр тар, неке сарайы жоқ деген тақырыпты да қамтыған едік.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: